Хабар телеарнасы

Бибігүл Төлегенова 95 жасқа толды

Қазақтың бұлбұлы, дарынды әнші қызы Бибігүл Төлегенова 95 жасқа толды. Бибігүл Ахметқызы 16 желтоқсанда өмірге келген. Туған күні Тәуелсіздік күнімен қатар. Халық артисі, «Отан» орденінің иегерін мерейтоймен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев құттықтап, Мемлекет басшысының ақжарма тілегін жеткізді.

Қала әкімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хатты оқыды. «Көптеген шетел сахнасында ән шырқап, халқымыздың мәдени, рухани байлығын дүниежүзіне паш еттіңіз. Ұзақ жылғы жемісті шығармашылық жолыңыз сізді абырой биігіне көтерді. «Еліміздің алтын қорына мол мұра қалдырдыңыз»,– делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

-Өнегелі де өнерлі шәкірттер тәрбиелеп шығардыңыз. Ерен еңбегіңіздің жоғары мемлекеттік наградалармен, мәртебелі атақтармен және айрықша сыйлықтармен аталып өтуі – зор мерей.

Бибігүл Ахметқызы жылы лебізге алғысын айтып, халықты Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның халық артисі:

-Тәуелсіздік күні құтты болсын! Елім аман болсын. Аспанымыз ашық болып, іштегі дау, сырттағы жаудан сақтасын. Елде қашан да тыныштық болсын. Алла тағала осы мәңгілік елімізде бақытты, қызықты, қуанышты бейбіт өмір сүрейік.

21 желтоқсан күні Республика сарайында Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығына арналған салтанатты концерт өтеді. Белгілі әншілер Бибігүл Ахметқызының репертуарындағы классикалық және қазақ музыкасының ұлы туындыларын орындайды.

Авторы: А.Садуақас