«Өмір жолы». Күйші Тәттімбет Қазанғапұлы
Тәттімбет Қазанғапұлы 1815 жылы қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туып, 1862 жылы қайтыс болған. Күйші-композитор, домбырашы, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, халық күй өнерінің классигі.
Тәттімбет күйлері өмірді терең түсінген, ойшыл, қиялшыл жанның сыры мен сезімін аңғартады. Ол негізінен лирикалық композитор. Оның күйлеріндегі лирикадық сарындар, әуен толқындары қазақтың кең даласы мен оның сұлу табиғатын суреттейді.
1855 жылы 24 наурызда Ресей патшасы Александр ҚҚ-нің таққа отыру тойына Тәттімбет өнерпаз ретінде Сарыарқа қазақтарының өкілдерімен бірге Санкт-Петербургға барған.
Қазақ композиторларының камералық-аспаптық, симфониялық және опералық туындыларында Тәттімбеттің көптеген күйлері пайдаланылды. Мысалы, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында «Былқылдақ», «Қос басар»; «Жамбыл» фильмінде «Сары жайлау» күйлері орындалады. М.Сағатов Тәттімбеттің «Сылқылдақ» күйін эстрада оркестрінің сүйемелімен трубаға арнап пьеса жазды.
Тәттімбеттің жалпы бізге белгілі 40-тан астам күйі бар.