Жас домбырашылар «Балбырауын» күйін бір мезгілде шертіп, рекорд орнатты
Бүгін үш мың жас домбырашы «Балбырауын» күйін бір мезгілде шертіп, жаңа рекорд орнатты. Бұл іс-шара «Қазақстан» спорт кешенінде өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына ену үшін қатысушылар алты ай дайындалған. Елордадағы домбыра мектебінің оқушылары арасында арнайы іріктеу жүргізіліпті. «Ал шараның басты мақсаты – ұлттық аспаптарды кеңінен насихаттау»,– дейді мамандар.
Шолпан Қорғанбек, дирижёр:
-Мұндай ауқымды шара бізде бірінші рет болып отыр. Ұлтымыз ұлық тұтқан асыл домбыра қазақ халқымен ежелден бірге жасап келеді. Қазақтың әр баласы күмбірлете күй тартып, оны үйренуі керек. Бүгін біз осыны түсіндіргіміз келді. Бұл жобаның жүзеге асуына балаларымыз бен ата-аналарымыздың еңбегі орасан болды.