Орталық Азия мен Корея сауда айналымын $20 млрд жеткізуді жоспарлап отыр

  • 6
  • 16.09.2026, 18:32

Орталық Азия елдері Оңтүстік Кореямен тауар айналымын 2030 жылға қарай 20 млрд долларға жеткізуді көздейді. Былтыр өзара сауда-саттық көлемі алғаш рет 10 млрд доллардан асса, өңірдегі тауар айналымының жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде өткен «Орталық Азия – Корея» алғашқы саммитінде айтты. Президент Корея мен аймақтағы 5 мемлекеттің өзара байланысына қарқын қосар бағыттарды атады. Соның бірі - «Орталық Азия - Корея» өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құру. Сонда ел үкіметтері бірлескен жобалардың тізімін жасап, кейін дайын өнімді үшінші елдер нарығына шығаруға ден қоя алады. Тағы бір ұсыныс – көлік-логистика әлеуетін нығайту, Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға шығатын көлік-логистика тізбегін қалыптастыру, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев корей кәсіпкерлерін Қазақстанда жаңа өндіріс орындарын ашуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кореяға энергия ресурстарын жеткізуді қайта жандандыруға әзірміз. Сонымен қатар геологиялық барлау және жер қойнауындағы жаңа кеніштерді игеру бағытында ықпалдастық аясын кеңейтуге болады. Оң тәжірибе бар. Мысалы, Кореяның KNOC ұлттық компаниясы Қазақстандағы мұнай кен орнын табысты игеріп жатыр. Hyundai Engineering компаниясы консорциум құрамында ірі газ өңдеу зауытының құрылысына қатысуда, шикізатты терең өңдеу саласының да келешегі зор. Қазақстан мұнай-газ химиясын, соның ішінде полипропилен, полиэтилен өндірісін дамытуды белсенді түрде қолға алды. Кореялық компанияларды қосылған құны жоғары жаңа өндіріс орындарын ашуға шақырамыз.

Мемлекет басшысы Орталық Азия елдеріне жасанды интеллект саласы мамандарын даярлау үшін Кореямен серіктестік негізінде AI Talent өңірлік бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Тағы бір мәселе - маңызды минералдар саласындағы серіктестікті күшейту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанның ресурс әлеуеті мен Кореяның технологиялық мүмкіндіктерін үйлестіру өзара тиімді ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады. Осы сапар аясында Алматы қаласында Кореяның технологиялық ықпалдастық институтының (KIAT) көмегімен Сирек және сирек кездесетін металдарды зерттеу орталығын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мен мұны құптаймын. Біз толық өндіріс циклын қалыптастыруды мақсат етуіміз керек. Яғни аса маңызды шикізатты зерттеу мен өндіруден бастап, оны терең өңдеу және одан қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға дейінгі тізбек толық қамтылуға тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, жартылай өткізгіштер, микроэлектроника, аккумулятор, электромобиль мен роботты техника бөлшектерін өндіруге көшуіміз керек. Бұл міндетті орындау үшін бірлескен қазақ-корей компаниясын құруды ұсынамыз.

Қазақстан президенті халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарға да тоқталды. Мемлекет басшысы білім және мәдениет саласындағы ықпалдастықты арттыруға арналған арнайы бағдарлама қабылдауды ұсынды. Саммит қорытындысы бойынша Сеул декларациясы қабылданды.