Саяси тұлғалар қазақ этноауылына барды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяда білім алып жүрген студенттермен және еңбек етіп жүрген ел азаматтарымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті.
Сеулдың саф ауасы, Ханган өзенінің жағасы, Қасым-Жомар Тоқаевтың таңғы шық еліне жасаған сапары аясында қаланың қақ ортасына этноауыл құрастырылды. Алты қанат ақ үй тігіліп, қазақтың салт-дәстүрі, әні мен сазы, тіпті құмай тазы қазақтың иісін аңқытып тұр.
Әуелеген ән, күмбірлеген күй, ұлттық би, киіз үй бәрі де Сеул шаһарына сән беріп тұр. Ханган саябағына құрылған этноауыл жерлестерімізбен қоса жергілікті жұртты да елеңдетпей қоймады. Мемлекет басшысымен бірге келген Корея ұлттық ассамблеясының спикері қазақтың салт-дәстүріне тәнті болды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чо Чжон Шик киіз үйді аралап, қазақ халқының бірегей мұралары айшықталған «Жеті қазына» голографиялық инсталляциясын тамашалады. Саябақта екі елдің туы дрондар арқылы көкке көтеріліп, дирижабль ұшырылды.
Әуесхан Ұланбек, Samsung Electronics компаниясының қызметкері:
- Өте керемет әсер алып жатырмыз. Өз елімізде жүргендей сезім бар. Сондықтан балаларымды мектептен, балабақшадан сұрап алып келдім. Балаларымыз алыста жүрсе де, туған елін ұмытпасын деген ниетпен келдік.Қазақстанның көрікті жерлері туралы айтқанда, балаларым таңғалып: «Сен мына жерге барғансың ба? Көлсайға барып көрдің бе?», – деп сұрайды. Мен өзім Көлсайға әлі барып көрмеппін. Сонда олар: «Қалай бармадың?», – деп таңғалады. Сондықтан балаларым Қазақстанның табиғатын ғана емес, халқымыздың қонақжайлығы мен ұлттық мәдениетін де осы этноауылдан көріп, таныса екен деймін.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяда білім алып жүрген студенттермен және еңбек етіп жүрген ел азаматтарымен емен-жарқын әңгімелесті. Президент жерлестермен жүздесуінде елде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған өзгерістерге тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев , Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы Кореяда білім алу деген бақыт. Қазір Қазақстанда шекараның бәрі ашылды. Әлемнің әрбір еліне баруға болады. Білім алу үшін, ілгері болу үшін! Сондықтан баршаңызға бақыт тілеймін. Әрқашанда аман болыңыздар!
Президент жастарға қол жеткізген табыстарын тілге тиек етіп, мақсат-межелерін айтты. Кездесу соңында Кореяда тұратын Қазақстан азаматтарына сәттілік тіледі.
Авторы:Әлішер Әли