Заң мен тәртіп орнығып келеді. Бұл бағыттағы іс-шараның бірі – вандализмге жол бермеу. Қоғамда тарихи ескерткіш пен баршаға ортақ мүлікті қасақана бұзу, бүлдіру дерегі аз емес. Жыл өткен сайын қолданылатын шара күшейіп келеді. Биылдың өзінде екі дерек тіркеліп, мемлекет мүлкін бүлдіргендер тергеуге алынды. Ішкі істер органдары «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында бұл тұрғыдағы жұмысты жалғастыра береді. «Тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады»
Вандалдардың нысанына жиі ілінетіні жолаушыға жазда сая, қыста пана болатын аялдамалар. Одан бөлек, көпшіліктің ортақ мүлкі саналатын көп қабаттың үйлердің кіреберісі мен жедел саты ішінен де ізін көресің. Жазу жазып, түрлі сурет салып, тіпті қажет десеңіз талқандап кете береді.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Елімізде ерекше қорғалатын тарихи және мәдени ескерткіштер де, туристерге арналған көрікті жерлер де бұзақылардың әрекетін көріп келеді. Тау, тасқа аттарын қашап жазып, бояп кететіндер бар. Бұған дейін Бурабайдағы "Жұмбақтас", Маңғыстаудағы "Ыбықты сай", Бозжыра шатқалдарында жазу жазылса, Қаратау жотасындағы қола дәуірінен қалған петроглифтер вандалдардың құрбаны болған еді.
Тарихи-мәдени нысандардың да, қоғамдық орындардың да қасақана зақымдануы тыйылар емес. Ал көптің түсінбейтіні тек бүлдіруді білетіндердің көздегені не?
Айдос Ибрагим, Л.Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ психология кафедрасының оқытушысы:
- Көп жағдайда мұндай әрекетке баратындардың басым бөлігі ешқандай психологиялық ауытқуларға ұшырамаған, кәдімгі қатардағы адамдар, әрі вандализм ол сырқат түрі емес екенін түсіну керек. Бұл негізінен адамның өз еркін білдіруден туындайтын жағдай, ішкі сезімдерін тежей алмаушылықтан туындайтын әрекет. Бірақ, жауапкершілік барын да түсінеді.
Еламан Мұстафа, Қоғамдық ұйым басшысының орынбасары:
- Вандализммен күресу оңай емес. Қоғамдық ұйымдар бұл ретте сенбіліктер, акциялар арқылы әрекет етеді. Еріктілер өткен айдың өзінде бүлінген 6 аялдама мен 15 көпқабатты үйдің кіреберісін тазарттық. Бұл ретте су, химиялық қосындылар, жол ақысы секілді барлық шығындар өз қалтамыздан шығатынын айта кету керек.
Қоғамдағы мұндай жағдайға мемлекет басшысы да назар аударған еді. Қазір вандализм үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Тек тұрғын үй жайларды және қоғамдық мүлікті бүлдіру секілді ұсақ бұзақылық үшін 50 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, 30 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылды.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Вандализм үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік бар. Яғни, тарихи-мәдени мұра объектілерін, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекет күзететін табиғи объектілерді жазулармен немесе суреттермен, немесе қоғамдық имандылыққа нұқсан келтіретін өзге де әрекеттермен қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қылмыстық кодекстің 294-ші бабы бойынша 3 жылға дейінгі мерзімде, 100 айлық есептік көрсеткіштен бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады.
Түптеп келгенде вандализм ешкімге жақсы ат әкелмейді. Ал өзіміздің ұқыпты, келер ұрпақтың саналы болуы бәрімізге жүктелген ортақ парыз. Ендеше, көпке зияны тиетін жаман қылықтан аулақ жүрген жөн.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Таир Мерекенов Хабар.