Қонаев қаласында тозған жылу желілерінің 80% жаңғыртылып жатыр

  • 15
  • 16.09.2026, 18:34

Жылыту маусымына дайындық барысын жергілікті әкімдер бақылауда ұстауы керек. Әсіресе әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылымның әзірлігін жеке қадағалауы тиіс. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Саладағы қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін Президент тапсырмасымен жөндеу жұмыстарын қаржыландыру едәуір ұлғайтылды. Нәтижесінде, аймақтарда жылу, эдектр, кәріз желілері мен қазандықтарды жөндеу және жаңғырту қызу жүріп жатыр.

Қонаев қаласындағы жылу, ауызсу және кәріз жүйесінің 80% әбден ескіріп, тозған. Осыған байланысты шаһарда коммуналдық желілерді ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа үкіметтік резервтен қажетті қаржы қарастырылды. Қазір жалпы ұзындығы екі шақырымнан асатын 3 учаскеде жөндеу жүріп жатыр.

Тоғжан Жанмұқаш, қала тұрғыны:

- Қазіргі құбырлардың жағдайына келетін болсақ, әбден ескірді. Олардың барлығы жаңасына ауыстырылып жатыр.

Осы жерде қаншама жылдан бері тұрып келе жатқан тұрғын ретінде айтарым жыл он екі ай бойы бізде су болмаған кездер болды. Қонаев қаласының тұрғыны ретінде осындай оң өзгерістер болып жатқанына өте ризамыз.

Ержан Шоқан, «Қонаев жылу орталығы» МКК директоры:

- Қонаев қаласында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында 2 ұлттық жоба қарастырылған. Олардың жалпы ұзындығы 2,3 шақырымды құрайды. 2 жоба бойынша да мердігер жұмыс істеп жатыр. Қазір жұмыстардың 53% аяқталды. Жылыту маусымы басталғанға дейін шаруаларды толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Ал Петропавл қаласында алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақындады. Жергілікті жылу электр орталығы негізгі жабдықтарды жөндеуге 21 млрд тг жұмсалды. Шахардың жылу желілерін қысқы мерзімге әзірлеуді 20 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланды. Облыста жылыту маусымы қыркүйек айының 28-і күні басталады.

 Бердімұрат Баймұқанұлы, Петропавл  қалалық әкімдігі ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Петропавлда 1198 үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды. Қазір олардың 1112-сі алдағы дайын, жылыту маусымы жылдағыдай жоспар бойынша сол қыркүйек айының соңында және қазан айының басында басталады.

Жылыту маусымына бас қала да дайындалып жатыр. Бүгінде шаһардың жылу жүйелерін жаңғырту жұмысы 94% орындалды. Құрылыс-монтаж, тораптарды жаңғырту және осы мақсатқа бағытталған инвестициялық бағдарламаның жүзеге асуы тұрақты бақылауда тұр. 

Жақсылық Керімбек, ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қаласы бойынша Департаменті бөлімінің басшысы:

- 2026 жылғы инвестициялық бағдарламаға 5,1 млрд теңге бөлінді. Осы қаржыға қандай жұмыстар атқарылып жатқанын, олардың қанша пайызы орындалғанын қарастырамыз. «Астана жылу транзиті» инвестициялық бағдарлама аясындағы барлық жұмысты жыл соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.

Жылыту маусынына дайындық барысы Үкіметте де қаралды. Жиында Президенттің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға баса назар аударылды. Белгілі болғандай, биыл 4 энергоблок, 28 қазандық және 18 турбина, 17,1 мың шақырым электр желісі және 426 қосалқы станса жөнделді. Жылыту маусымына қажетті көмір көлемі 7,3 млн тоннаны құрайды

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Қазір қысқа дайындық – ең өзекті мәселе. Бірақ бүгінге дейін жылу жүйелерін дайындау жұмыстары әлі де толық көлемде аяқталған жоқ. Сондықтан әкімдіктерге осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуді тапсырамын. Жылыту маусымы уақытылы басталмаған жағдайда, әкімдердің жеке жауапкершілігі қарастырылады. Энергетика министрлігіне «Қазақстан теміржолы» компаниясымен бірлесіп, энергетика нысандар мен халыққа көмір және мазутты уақытылы жеткізу бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын.

Президент тапсырмасы бойынша бұл бағытқа қажетті қаржы көлемі едәуір ұлғайтылды. Сондықтан жиында тек белсенді жұмыс жасау және мұқият бақылауда ұстау қажеттігі баса айтылды.

Авторы:Әнуарбек Мырзатайұлы