Украинадағы елшілік қызметкерлері эвакуацияланады
Қазір бұл елде қанша қазақстандық бары анықталып жатыр. Бұған дейін елшілік отандастарымызға мүмкіндігінше Украинадан кетуге және бұл елге барудан бас тарта тұруға кеңес берген. Ал онда жүрген азаматтарды әуе шабуылы туралы хабарларға құлақ асып, тиісті орындарда жасырынуға үндеп отыр. Соңғы күндері Украинадағы негізгі және азаматтық инфрақұрылымға шабуыл күшейді. Украина тарапының мәліметінше, бір тәулікте Ресей 60 астам ракета жіберген.
Салдарынан кемінде 19 адам қаза тауып, 100 астамы жарақат алды. Мыңдаған елді мекен жарықсыз қалды.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Қазіргі уақытта Укринаның аумағында қанша қазақстандық бар екенін тексеріп жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей бірінші эвакуациядан кейін біраз адам қайтып, Украинаға келіп, қайта кетіп қалған болатын. Енді сол ақпаратты тексерудеміз. Нақты санын айта алмаймыз. Шамалап та айта алмаймыз. Өйткені мынандай жағдайда ақпарат жинау өте қиынға соғып отыр.