Хабар телеарнасы

Кәсіпкер Манат Алғамбаров ауылына өз қаражатынан 3 ғимарат салып берді

Саябақ, спорт зал мен мектеп. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз туған ауылына өз қаражаты есебінен үш ғимарат салып берді. Ол Екібастұз қаласынан 80 шақырымда жатқан Ақкөл - Жайылма ауылының тұрғыны Манат Алғамбаров. 

Манат Алғамбаров еңбек жолын зоотехник болып бастаған. Небәрі 27 жасында совхоз директоры атанған іскер азамат соңғы 30 жылын мал шаруашылығына арнады. Айналасы 12 сиырдан басталған шаруа қожалығында қазір асыл тұқымды мал саны бес мыңнан асқан.

Манат Алғамбаров, кәсіпкер:
-Үкімет бізге көптеген көмек жасап, осындай аяғымыздан тік тұруға үлкен жағдай жасаған болатын. Енді қандай бизнесмен болсын, кәсіпкер болсын туған еліне, туған жеріне қайтсе де көмек жасау керек.

9 жылдық негізгі мектептің бастауыш сынып оқушылары көне ғимаратта білім алатын. Оны 60 жыл бұрын Қажыбек Алғамбаров салған екен. Артында қалған ұрпағы әке аманатын орындап жаңа мектеп тұрғызыпты. Қазір мұнда 50 оқушы оқиды.

Бауыржан Сәрсекеев, мектеп директоры:
-Осы ғимаратты салғаннан бері біздің түстен кейін қолымыз босайды. Яғни үйірме, факультатив жаңағы спорт секцияларын барлығын түскен кейін өткіземіз. Бұрын кішкене қиыншылық көрсетіп жүрген.

Осыдан 6 жыл бұрын іргесі қаланған ауыл мектебінің жобасына спорт залы кірмепті. Олқылықтың орнын толтыру үшін Манат Алғамбаров 35 миллион теңгеге спорт залын салып берген. Сондай-ақ ардагерлер саябағын да ашқан.

Ғабдысәмет Зайырбаев, ауыл тұрғыны:
-Міне елге деген қамқорлы азаматтардың осындай жақсы істерін айтуға болады. Соғысқа 138 ауылдан азаматтар кетіп еді, 46 азамат хабарсыз кетті. Қалғандары осында келіп бақилық болды.

Бұл облыс орталығынан шалғай жатқан ауыл. Жылт еткен жаңалыққа ел болып қуанады. Облыс басшылығы жуырда мектептің керек-жарағына деп 30 миллион теңгенің сертификатын табыс етіпті.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев