Жеті күн. 14 мамыр 2016
1. Елбасы Жеңістің 71 жылдығына арналған әскери парадқа қатысты
2016 жылы әлемдік экономика өсімі 3,2 пайыз болады. Халықаралық валюта қорының болжамы осындай. Биыл да іргедегі Қытай мен Ресейдің дамуы бәсеңдейді. Мұның себебі сан түрлі – геосаяси салқынқандылық, шикізат құнының арзандауы, жаһандық сауда-саттықтың азаюы.
Сарапшылар әуелі осыларды тізбектейді. Әлемдік экономикадағы мұндай «тұрақсыз жағдай» бізге де өз әсерін тигізіп келеді.
Мәселен, Қазақстан мен Ресейдің өзара тауар айналымы 8 пайызға кеміген. Бірақ қазіргі күрделі кезеңге қарамастан, еліміз солтүстіктегі көршіміздің ірі сауда әріптестерінің қатарында тұр.
Нақты айтсам, сол 11-ші орынды сақтап қалды. Бұл – бір. Екіншіден, алыс-берісте «қосымша құны жоғары» өнімнің үлесі көбейіп келеді.
Сосын былтырдың өзінде жарты миллиард доллардан астам ресейлік инвестиция тартылды. Ал 2005 жылдан бергі сомманы алсақ, 10 миллиард долларға иек артады.
Бірлескен кәсіпорындардың жұмысы да баяулаған жоқ. Қайта биыл олардың қатары көбейді. Жыл басынан бері жаңадан 48 компания құрылған.
Сауда-саттықтың көлеміне, инвестиция саласындағы ынтымақтастыққа және бірлескен жобалардың жүзеге асуына қарап, Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының қарқынын аңғару қиын емес.
Оның үстіне Еуразиялық экономикалық Одақ аясындағы байланыс бар. Әрине, ықпалдастық дағдарысқа тап келді.
Дегенмен, «Одақ даму жолынан жаңылған жоқ, ал қиындықтарды еңсеруге болады». Мәскеуде Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
Жеңістің 71 жылдығы мен Восточный ғарыш айлағынан алғашқы зымыранның ұшырылуы. Жеңіс күні қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев Ресей басшысын осы қос мерекемен құттықтады.
Екі президенттің жұмыс кестесі биылдыққа екіжақты кездесулерге толы. Алда ШЫҰ саммиті, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесі мен Жоғары Еуразиялық экономиалық кеңестің отырысы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Я действительно приехал, чтобы поздравить с этим Великим праздником, общим нашим праздником, 71-ой годовщиной Победы в Великой Отечественной войне. Программа большая, много встреч, и это правильно. В это сложное время Евразийский союз работает, мы председательствуем. Правильно мы этот Союз создали, развивается нормально. Сейчас кризис, соответственно происходят процессы, которые преодолимы.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті
-Біздің қарым-қатынасымыз да осылай жақсы әрі жан-жақты дами беретініне сенімдімін. Бүгін Сіз көрсеткен ілтипат ертеңгі күні де өзара сенімді нығайтып, достық байланыстарымыздың бұдан әрі дами беруі үшін жақсы жағдай қалыптастыратыны сөзсіз.
9 мамыр. Екі ел үшін тарихи күн. Қос мемлекет басшыларының Жеңіс парадына қатысуы сондықтан. Биыл сұрапыл соғыстың басталғанына 75 жыл толып отыр.
Былтырғы мерейтойлық парад Ресей тарихында ең ауқымды деп танылған. Оған қарағанда биылғы шеру шағынырақ болды.
2015 жылы ресейліктер әскери-өндірістік кешеннің ең үздік жетістіктерін паш етсе, бұл жолы көрсетілген жаңашылдықтың қатарына жаңғыртылған ИЛ-76 ұшағын ғана жатқызуға болады.
Дегенмен, шеру жоғары деңгейде өтті. Оған 10 мың адам қатысты. Қызыл алаңда тұңғыш рет нәзік жанды жауынгерлер сап түзеді.
Жаяу әскер легін техникалар жалғастырды. Екінші дүниежүзілік соғыстың үздік танкі Т-34 көш басында. 17 ұшақ пен тікұшақтар тобы Қызыл алаң аспанында қалықтады. Жеңістің 71 жылдығына орай авиацияның 71 бірлігі қатысты. Темір қырандар 400 метр биіктікте ұшып өтті.
Парадтан соң мемлекет басшылары Александровский саябағына аялдады. Игі дәстүр бойынша мұнда белгісіз сарбаздың бейітіне гүл қою рәсімі болды.
«Есімің белгісіз болғанмен, ерлігің мәңгілік». Тасқа қашалған бұл сөз ең қанды майданда Отан қорғаған мыңдаған жауынгерге арналады.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, сұрапыл соғыс жылдары 1 млн 800 мыңнан астам қазақстандық майданға аттанып, олардың жартысы қайтып оралмады.
Қазақ сарбаздары Мәскеу, Ржев, Сталинград, Ленинград үшін айқаста ерлік көрсетіп, батылдығымен көзге түскен. 615 жерлесімізге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазір олардың алтауының ғана көзі тірі.
Ашот Саркисов, Әскери теңіз флотының вице-адмиралы
-Қазақстар ерлікпен соғысты. Өзге жауынгерлерден батылдық, әскери рух, ауызбірлік және қаһармандығымен ерекшеленді.
Николай Макаровец, «Сплав» зауытының бас конструкторы
-Панфиловшыларға ерлігі үшін алғысымыз шексіз. Біз ержүрек қазақ жауынгерлері жайлы Панфилов дивизиясы құрылған Алматы туралы білеміз.
Қазақстанның ұлы Жеңіске қосқан сүбелі еңбегі жайлы бүгін саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері де ой толғады.
Никита Михалков, режиссер
-Қазақ – жауынгер халық. Олар Ұлы Отан соғысында жеңіс үшін зор үлес қосты. Мен Мәжит Бегалиннің фильміне түскен едім. Онда қазақтың пулеметші қызы Мәншүк Мәметованың ерліктері көрініс тапқан.
Жеңіс күні майдандас-қаруластарын ардагер жауынгерлер де еске алды.
Дмитрий Михайлик, ҰОС ардагері
-Менің батальонымда қазақ сарбаздары болды. Олармен қарулас болу мен үшін абырой. Айбынды жауынгерлер еді. Бүгін Қазақстан Президенті Мәскеу Парадына қатысып отыр. Сондықтан біздің елдерімізді байланыстыратын тарихи дүниелер көп.
Евгений Чусов, ҰОС ардагері
-Бауырлас Қазақ елін ұлы Жеңістің 71 жылдығымен құттықтаймын. Екі елге де тек қана жақсылық, ең бастысы бейбітшілік тілеймін.
Жеңіс күні – ерліктің символы. Жұдырықша жұмылған барлық ұлттар әлемді фашизмнен құтқарды. Бұл баршаға ортақ мереке.
Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Дана Нұржан, Тимур Алтынбаев, Хасен Омарқұлов
2. Мемлекет басшысы Валентина Матвиенконы қабылдады
Астана мен Мәскеу қарым-қатынасы Ақорда да талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенконы қабылдады.
Кездесу барысында екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық пен парламентаралық серіктестік жайында айтылды.
«Қазір қос ел байланысы жан – жақты дамып келеді. Оған ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық жөніндегі шарт негіз», – деді Мемлекет басшысы.
Ал бұл құжат Еуразиялық экономикалық Одақтың құрылуына сеп болды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Конечно, сейчас могут нас критиковать, но общее положение экономики в мире и в наших странах – санкции, снижение цен на наши экспортные продукции – сказалось внутри ЕАЭС, но физические объемы не уменьшаются и интеграция, совместная работа продолжается. Я считаю, имеет большую перспективу. Сейчас, чтобы вывести его из этого, я договорился с председателем ЕС Юнкером провести совместный форум ЕАЭС - экономический союз осенью, чтобы разъяснить, что это такое, поэтому межпарламентские связи, в том числе между сенатами, имеет большое значение. Ваш визит очень важен в системе отношений Казахстана и России.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Валентина Матвиенконы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін 2-ші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Валентина Матвиенко, Ресейдің Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрайымы
-Маған көрсеткен құрметіңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін. Мұндай жоғары марапатқа ие болу – мен үшін үлкен мәртебе. Өз кезегімде Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық және достық қатынастарды одан әрі дамытуға бар күшімді саламын.
3. В.Матвиенко бастаған делегация Қазақстанда бірқатар кездесулер өткізді
Ресейдің Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко бастаған делегация Қазақстанда бірқатар кездесулер өткізді.
Ресей Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Мәжіліс төрағасы Бақтықожа Ізмұхаметовпен кездесті.
Кездесу барысында экономикалық дағдарыс ахуалындағы Еуразиялық экономикалық одақтың жайы сөз болды.
Ресей өткен жылы Қазақстанға 9 млрд инвестиция құйған. Ал біздің ел 3 млрд долларды көрші мемлекетке жұмсаған.
Мұндай қарым-қатынас – жаһандық дағдарыстан екі елдің сүрінбей өтуіне сеп. Еуразиялық экономикалық Одақ тактикалық емес, стратегиялық ұйым. «Болашағы зор бұл одақтың әлеуетіне Еуроодақ та, сондықтан көз тігіп отыр», – дейді сарапшылар.
Ғазизат Имақова, саясаттанушы
-Қараңыз, Ресеймен санкциялық тетіктер орын алып отыр. Жеке қарайтын болсаңыз. Сондықтан жеке мемлекеттер тіпті алпауыт Ресейдің өзі қазір жеке дара шығатын кез емес. Сондықтан әлеуетті біріктіріп, тоғыстырып, экономикалық кедергілерді жарып шығатын кезең.
Матвиенко ханым Қазақстанда тұратын Ресей азаматтарының тегін медициналық қызметпен қамтамасыз етілуін өтінді. Және норманы заңмен бекітуді сұрады. Ресей территориясында бұл тәжірибе жүзеге асып жатқанын айтты.
Валентина Матвиенко, Ресей федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрайымы
-Ресейде Қазақстан азаматтары тегін медициналық көмек алады. Ал Қазақстанда Ресей азаматтарына тек аса шұғыл жағдайда ғана медициналық көмек беріледі екен. Біздің елшілікке барлық тексеруден ақылы өтеміз. Инсулин сияқты маңызды дәріні сатып аламыз деген өтінішпен көп келеді азаматтар.
Медициналық көмектен таршылық көргендердің бірі – Юлия Василенко. Екі баласы, күйеуі бар. Бәрі – Ресей азаматтары. Астанаға жарты жыл бұрын келген. Балалары бірі мектепке, бірі балабақшаға барады. «Бұл ретте бәрі жақсы, бәрі тегін», – дейді.
Юлия Василенко, Астана қаласының тұрғыны, /РФ азаматы/
-Таяуда біз жекеменшік орталықтың невропатологы берген ұсыныспен ультрасанография жасатуымыз керек болды. Бұл бастың миын тексеретін арнайы аппарат мемлекеттік ауруханаларда бар екен. Бірақ өкінішке орай, біз Ресей азаматы болғандықтан, түсе алмадық. Бізге рұқсат жоқ екен. Сөйтіп осы құрылғысы бар жекеменшік медициналық орталық іздеуге тура келді. Медициналық көмекті жеңілдетсе, жақсы болар еді, оның үстіне ақылы қаралуды бәрінің жағдайы көтермейді ғой.
Мынау Павлодардағы екінші емхана. 73 мың 600 адамға қызмет көрсетеді. Күніне 10 ресейлік азаматты қабылдайды. Әсіресе жаз мезгілінде олардың қарасы көбееді. «Жүкті әйелдер, зейнеткерлер, 5 жасқа толмаған балаларға барлық көмек тегін көрсетіледі», – дейді аурухана басшылығы.
Майра Сәлімбаева, №2 емхана бас дәрігерінің орынбасары
-Осында тұратын Ресей азаматтары медициналық көмек сұрап келеді. Біз 320-сыншы Жарлыққа сәйкес ТМД елдерінің азаматтарына қызмет көрсетеміз.
Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты бойынша министрі Тимур Сүлейменов: «Одақтың келісімшартында медициналық көмек Одаққа мүше елдердің азаматтарына бірдей көрсетілу керек», – деп жазылған дейді.
Тимур Сүлейменов, ЕЭК Экономика және қаржы бойынша министрі
-Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру нормасы әлі жасалып жатыр. Бәлкім мәселе осыған қатысты туындаған шығар. Алайда келісімшартта көрсетілген қыметтер жүзеге асып келеді. Өйткені бізге: «Келісімшартқа сәйкес көмек көрсетпеді», – деп әзірге Ресей азаматтары шағымданған жоқ.
Валинтина Матвиенко ханым Байқоңыр мәселесін де тілге тиек етті. Ресей өздерінің «Восточный» ғарыш айлағынан жеңіл ракеталарды ұшыруды бастағанымен, Байқоңырмен қарым-қатынасты үзбейді. 2050 жылға дейін жалға алу туралы келісімшарт күшін жоймайды.
Сұлтан Әкімбеков, Әлемдік экономика және саясат институтының директоры
-«Восточныйда» бір ғана ұшу алаңы бар. Байқоңыр Ресей үшін маңыздылығын жоғалтпайды. Өйткені Байқоңырда бірнеше ұшу алаңы бар. Бұл түрлі форматтағы жоспарларға мүмкіндік береді.
Ғазизат Имақова, саясаттанушы
-Космодромды дамыту дегеніңіз – ол инфрақұрылымды үнемі ұстап тұру. Ол 1-2 млн доллармен, тіпті 115 млн доллар көлемінде де тұрмайды. Біздің ғарыш саласында Байқоңырда Ресейдің қалуы, ол біздің жүгімізді жеңілдетеді.
Матвиенко ханым Батыс Қазақстан облысына барды. Өйткені еліміздің бұл облысы Ресейдің 5 өңірімен шекаралас жатыр. Батыс Қазақстан облысы мен Ресейдің сырты сауда айналымы өткен жылы 430 млн долларды құраған.
Ресейден келген төрайымға біздің жақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының Ресейдегі бөлігін тездетіп бітіруін аманаттады.
Бұл сауда жолы ең сәтті, ең сүйекті жоба. Толық жүзеге асса, пайдасы шаш-етектен. Өйткені Қытай мен Еуропа арасындағы сауда айналым жылына 600-700 млрд долларды құрайды. «Соның 5-10 пайызы да Қазақстан қазынасына қомақты кіріс болар еді», – дейді сарапшылар.
Сұлтан Әкімбеков, Әлемдік экономика және саясат институтының директоры
-Қазір тауар тасымалдау басталды. Нақты кіріс те түсіп жатыр. Келешекте біз жүк тасымалын көбейтсек, Қытайдан Еуропаға ғана емес, керісінше Еуропадан Қытайға тауар тасымалын да жолға қоюымыз керек. Өйткені қашанда сауда жолының бойындағы елдер ұтады.
Бұл халықаралық дәліздің Ляньюньгань портынан Санк-Петерборға дейінгі ұзындығы – 8 мың 461 шақырым. Оның 2787 километрі Қазақстанды басып өтеді. Қытай өздеріне тиесілі 3 425 километрді толық тәмамдады. Қазақстан: «2016 жылы бітеріміз», – деп отыр.
Валентина Матвиенко ханым осындай ірі мәселелерді талқылап, өтініш айтып, аманат арқалап кетті. Қалғаны уақыт еншісінде.
Авторлары: Мырзабек Түсіпов, Мақпал Мадиярова, Дамир Әбуов
4. ҚР Президенті Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақовты қабылдады
Әлемдік тәжірибеге иек артсақ, мемлекеттік қызметке алудың, оның мәртебесін көтерудің түрлі тәсілдері бар.
Біздің елде де егемендік жылдары бұл сала өз деңгейінде дамыды, қалыптасты. Ендігі міндет – соны жетілдіре түсу.
«Ұлт Жоспары» аясындағы кәсіби мемлекеттік аппарат құрудағы реформалар тиімді орындалуы тиіс.
Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақовты қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев жүктелген міндеттің маңыздылығын айтты, бірқатар тапсырма берді.
Қазіргі таңда министрлікті ұйымдастыру кезеңі аяқталды. Өңірлік құрылымдар айқындалды. Мамандар жұмысқа қабылданды.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент – Елбасы қорының басшылығымен кездесті.
Қор қолдауға мұқтаж салаларды демеп, жас ғалымдар мен отандық өнертапқыштар идеяларын іске асыруға көмек көрсетуі қажет. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев осындай тапсырма берді.
Президент қор жұмысын ғылыми зерттеу бағытында өрбітуді, салаға қатысты нақты жоспар әзірлеуді міндеттеді.
Бұл іске халықаралық және отандық сарапшылар тартылуы шарт. Олар ішкі экономикалық ахуалды толық зерттеп, дағдарысқа қарсы тың идеяларымен бөлісулері керек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Фонд должен начинать нормально работать. Должен быть план работы на каждый год, перспективный план работы и направленность Фонда это научная. Исследовательская работа Фонда дважды. Исследовательская работа с мировыми экспертами, со своими экспертами, состояние дел внутри Казахстана - экономическое, политическое, международное и безопасность. Фонд своими разработками помогает государству, правительству, давая исследования, свои креативные мысли и предложения. Параллельно мы работаем по благотворительности, поддержке молодежи, социальных проектов. Помогать талантливой молодежи очень хорошее дело и стипендии назначать, конкурсы и молодым ученым. Мы видим, что это перспективно, потому что открытия не всегда могут дать отдачу, так работают на западе.
5. Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті
Өткен аптада Президент Жер Кодексінің бірқатар нормаларына тоқтау салды. Әуелі оларды халыққа түсіндіру керек екенін айтты. Содан соң мәселе Парламентте қаралады, ортақ ұйғарымға келсе, мораторий алынып тасталады, келмесе, сол күйінде қалады.
Сол жиында Нұрсұлтан Назарбаев Жер реформасы бойынша комиссия құруды тапсырған болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Ол комиссия мемлекеттік органдар, қоғамдық органдармен қамтып, мына шаруаны талқылап, нақты түсіндіріп, Жер кодексіндегі даулы мәселелерге қатысты ұстанымдарды айқындап, Парламентке ұсыныстарды беріп, Парламентпен бірге қайтадан қарайтын боламыз. Түсінбей жүрген адамдарды шақыру керек барлығын. Бұл жұмысты «Нұр Отан» партиясымен бірге, оның жанындағы демократиялық күштердің біріккен коалициясы бар, ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізу керек. Оған барлық партиялар, қоғамдық ұйымдар, БАҚ тартылуы керек. Оны жасырып, қымтыратын ештеңесі жоқ. Бәріңе белгілі болып отырған экономика ғой. Сондықтан осы жұмысты жасайтын болайық.
Жер реформасы жөніндегі комиссия осы аптада жұмысын бастады. Мәжіліс пен Сенаттың депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялардың, агробизнестің, қауымдастықтардың өкілдері мен ғалымдар және азаматтық қоғамның белсенділері комиссияға қосылған. Барлығы – 75 адам.
Бүгін алғашқы отырыс өтті. Жер мәселесіне қатысты жан-жақты ақпарат білгіңіз келсе, арнайы ашылған сайтқа кіріңіз. Jerturaly.kz. Порталдан нақты статистиканы көре аласыз, сауал қоюға, ұсыныс айтуға болады. Түрлі инфографикалар жарияланған. Мамандардың пікірлері берілген. Комиссия қызметі туралы мәлімет те осы сайтта жарық көреді.
Ақпарат білудің тағы бір жолы – Call-орталықтар. Жер кодексінің нормаларын түсіндіретін мұндай орындар аймақтарда біртіндеп ашылып жатыр.
Алғашқы болып Ертіс өңіріндегі орталық жұмысты бастап кетті. Таңғы сегізден бастап кешкі сегізге дейін мұндағы мамандар жер мәселесіне қатысты кез келген сауалдарға жауап береді.
Жалға беру мерзімін қалай ұзартамыз, пайдалану мақсатын өзгерту үшін не істеу керек? Көпшіліктің көкейіндегі сауал көп.
Ақтөбе облысындағы орталықтар да осы тәсілмен жұмыс істейді. Желі ашылған екі күннің ішінде елуден астам телефон шалған.
Қабай Сәрсенғалиев, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы
-Байланыс орталығында біздің негізгі мамандар отыр. Барлық сұрақтарға жауап беріліп жатыр. Қоңыраулар түсіп жатыр. Негізінен ауыл шаруашылығы жерлері бар, жеке тұрғын үй құрылысының жерлері бойынша және тағы басқа сұрақтар бойынша.
Сонымен бүгін жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы өтті.
Жер мәселесі талқыланған отырыстан кейін Премьер-министрдің орынбасары, комиссия жетекшісі Бақытжан Сағынтаев тілшілердің сауалдарына жауап берді.
Көптен күткен жиынға қатысушылар 2 сағат бұрын жинала бастады. Айтары бар ағалар, сөзімен емес ісімен көзге түскен іскерлер, халық алдында сыйлы азаматтар дәлізде-ақ бір-бірімен жылы амандасты.
Дауласу үшін емес, ашық әңгімелесу үшін келгендерін сездірді. Дала киімін қала киіміне ауыстырған шаруалардан да қобалжу байқалды. Айтқан әрбір сөзі елдегі 200 мыңға жуық жер емген азаматтың, одан қалса, барша халықтың атынан шығады.
Сондықтан болар жиынды бастаған комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев отырғандарға жалаң сөзге бой алдырмай, нақты ұсыныс айтуларын сұрады. Отырыс күрделі мәселені шешудің жаңа тәсілін көрсету қажеттігін жеткізді.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы
-Біз Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған баптарын мұқият сараптауға тиіспіз. Экономикамыздың, ауыл шаруашылығының дамуына, жер реформасының қажеттігін де мойындауымыз қажет. Оны халыққа түсіндіре білуіміз қажет. Мәселені бүгінгі бір ғана отырыспен шеше алмаймыз. Біз бұл жерде дауласу үшін емес, жер мен ел тағдырын ақылдасу үшін жиналып отырмыз.
Алдымен күн тәртібі белгіленді. Ол біреу ғана – жер туралы заңды талқылап, оның кемшіл тұстарын анықтау.
Регламент бойынша әрбір комиссия мүшесіне бірдей 5 минуттан уақыт берілді. Үзіліссіз 75 адам өз ойын айтып шығуы қажет.
Тек алдымен Бақтыжан Сағынтаев жиынға арнайы шақыртылған, бірақ келмей қалған азаматтарды атап шықты.
Халық атынан сөз сөйлеп, бірақ пікір алаңына келмегендерге комиссия есігі қашан да ашық екенін айтты.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы
-75 адам комиссияға кірген. Оның ішінде біраз адам белгілі себептермен біздің отырысымызға қатыса алмай отыр. Оның ішінде Жармахан Тұяқбаев, партияның төрағасы ОСДП-дан, ол кісімен Мұхтар Абрарұлы тікелей сөйлескен, келісімі берілген. Бірақ осы күндерде шетелде емделуге кеткен. Сол себептен осы отырыста жоқ. Орнына өзінің өкілін жіберіп отыр. Боқаев Макс Келенович деген азамат, өздеріңіз білесіздер, Атыраудан үкіметтік емес «Арлан» қоғамының төрағасы. Ол азаматпен де алдын ала сөйлесілген, ол кісі келісімін берген. Кеше басқаша шешім қабылдап, саяси талаптар қойып, бүгінгі біздің отырысымызға келмейтінін баяндады.
Ұсынысты көпшілігі қолдады. Тіпті сөз кезегі келгенде өздерінің жұмыс тобына кіруге дайын екендерін білдірді.
Комиссия жұмысын толықтыру үшін алғашқы отырысқа үш бірдей министр келіп қатысты. Алдымен жаңадан тағайындалған Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жердің қазіргі ахуалын статистика арқылы таныстырса, Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Жер кодексінің маңызды тұстарына тоқталды. Барлығы қатысушыларға мәлімет үшін.
Елге сыйлы, халқының алдына абыройы бар Жақсылық Үшкемпіров, Мырзатай Жолдасбеков пен Мұхтар Шаханов та кесек-кесек ойларын жасырмай ортаға салды. Қай-қайсының болса да пікірі ортақ жер мәселесін халық мүддесі үшін шешу.
Жақсылық Үшкемпіров, шаруа қожалығының басшысы
-Мен ауылдан шықтым. Мен ауылымды жақсы көремін. Жерімді жақсы көремін. Елімді жақсы көремін. Сондықтан жастарға үлгі болсын деп, соларға қалай жұмыс істеп жатырмын, тек қана спорт емес, өмірде де халыққа қызмет істеудемін. Міне, сондықтан осы істеп жатқан тірлігіміздің бәрі – сіздер мен біздердің болашағымыз, сол жастарға үлгі болу.
Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Президент мәдени орталығының директоры
-Шындығына келгенде, халықтың ашуланатындай да жайы бар. Мен ойлаймын, өткенде біздің бауырларымыздың батыста дауыс көтеріп, сөйтіп кәдімгідей наразылық білдіргені – ол тек сылтау. Өйткені олар біліп отыр жердің сатылмайтынын, бірақ осы жерді бөлудің өзінде де әділетсіздік бар екенін көріп отыр.
Мұхтар Шаханов, «Жалын» журналының бас редакторы, қоғам қайраткері
-Әркім өзінің көңілінде жүрген мәселені айту керек ашық. Содан кейін барып ортақ шешімді шығарамыз. Тіптен жаңа айттық, редакциялық топ құру керек. Осы жердің төңірегінде. Мықты-мықты жігіттерді кіргізейік. Бізде толып жатқан проблемалар бар. Соны бірлесіп қимылдайық, бірлесіп шешейік, сонда біз ұтылмаймыз, ұтамыз.
Жер мәселесін басқалардан да жақсы білетін шаруалар аз емес комиссия құрамында. Олар да өз ойларын еш жасырмай айтты. Көпшілігі ауыл шаруашылық саласында ең аз дегенде 20 жыл еңбек етіп келеді. Олар заңдағы өзгерістер кім үшін және не үшін қажет екенін тәптіштеп шықты.
Әуезхан Даринов, ҚР Фермерлер одағының төрағасы
-Сату мәселесінде бір ғана түйткіл бар. Оны ертең жұмыс тобы құрылған уақытта сөйлесеміз. «Анау аукционға шағаратынын тоқтатса, ертең мерзімі 49 жылдан кейін біткен соң, балама, немереме міндетті түрде қалдырғым келеді. Ол уақытта мүмкіншілігім болмаса, аукционға сатып жібереді», – дейді шаруалар. Соны қарау керек.
Қайрат Бисетаев, Қазақстандағы картоп егушілер қауымдастығының төрағасы
-Мен осы ауыл шаруашылық саласында ұзақ жол жүрдім. 30 жылдан бері осы салада еңбек етіп келемін. Шынымды айтсам, заң қабылданғанда өте қуандым. Өйткені біз қазір инвестицияға өте зәруміз. Жеріміз бар, істейтін азаматтарымыз бар, бірақ жаңа техника жоқ. Өнім жоқ. Сондықтан бізге шетелдіктердің қаражаты қажет. Әрине, олар жай келмейді. Оларға кепілдік қажет. Сондықтан жерімізді жалға беруіміз қажет. Олар ақша салғанның өзінде ол кем дегенде 7-8 жыл ақтайды. Одан әрі ол табыс та алу қажет қой.
Сайран Бұқанов, шаруа қожалығының директоры (Қостанай)
-Костюмді жылдап киюге болады. Галстукпен, галстуксыз. Ал жер жылдап бос жата алмайды. Оны игермесе, ол тозады. Елбасы әлем азық-түлікке зәру деп айтқан болатын. Мен оған толық қосыламын. Ал бізде сол түрлі көкөністі өсіруге, шығаруға барлық мүмкіндік бар. Одан басқа менің жаныма бір шетелдік инвестор келіп, жерді игере бастаса, менде бәсекелестік сезімі туады. Мен жеріме одан да жақсы қарап, мол өнім алғым келеді. Сондықтан жаңа заңда біз үшін кедергі келтіретін тұстары жоқ.
Жер кодексінің жаңа нұсқасына ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген ғалымдар баға берді. Айтылған әрбір сөз эмоциядан емес, құрғақ фактіден тұрды. Ғылыми көзқараспен сараланды.
Кенжеғали Сағадиев, қоғам қайраткері
-Егер ата-бабамыздан қалған асыл мұра жерді сақтай білейік деп ұрандатса, оны түсінуге болады. Ал енді ауылдың өзінің есігінің алдындағы жерді қараңдаршы, ауласының ішіндегі жерді қараңдар, соған ешқайсысының қолдары тимейді ғой оны дұрыстап қоюға. Басқа халықтың жерімен салыстырғанда, екеуінің арасы аспан мен көктей. Бұны қалай түсінуге болады? Өзімізге керекті тамақ түрлерін тек қана өз қазынамыздан емес, көптеген басқа елдердің қазанынан іздеп отырмыз. Осы шындық па? Шындық. Ал енді осындай шаруашылық керегі бар ма? Қандай жеріміз бар. Осыны осындай жағдайға жеткіздік.
Рахым Оразәлиев, ҚР ҰҒА академигі
-Біздің жердің иесі жоқ. Сондықтан мен шақырар едім, жердің иесі болу керек. Өзіміздің қазақтардың арасында. Барлығын жоқ деуге болмайды. Бізде 300 мыңнан аса қожалық бар. Соның ішінде жақсы жұмыс істейтін, өнім алатын, алғы шептегі технологияны қолданатын, жақсы сорттағы тұқымдарды беретін 1.5 процент па екен, ары кетсе 5 пайыз ба бар. Мал шаруашлығында да, егінде де бар. Бірақ аз. Индияда, Австралияда олар экзамен алады екен. Жерді сату үшін түгелдей экзамен тапсырып, бір ай тапсырады екен. Солардың барлығынан өтсе, соған ғана береді екен.
Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университет ректоры
-7 млн га жер пайдаланбай тастаған біздің шаруашылықтар. Басқа мемлекетте 7 гектар жер таппайсың. Неге? Өйткені қожайын бар. Бұл негізгі мәселе. Мына агрономдар жақсы біледі. Бір тұрақты өнім алу үшін жерге жұмыс істеу керек. Еңбек жасау керек. Пестицид беру керек, тыңайтқыш беру керек. Ол бір жылда шықпайды. Бірнеше жылдан кейін жемісін алады одан. Ал енді келесі мәселе – жерді жекеменшікке беру. Ол Қазақстанның ноу-хауы емес, ол дамыған елдерде қалыптасқан норма. Ауыл шаруашылық елдерде жерлерді жекеменшіккке беру тиімсіз. Сонда дамыған Канада, Америка, Еуропаның басқа елдері ақымақ па?
Бұдан бұрын билік арасында болып, ал қазір жерден береке көріп отырғандардың сөзі де ескерусіз қалмады. Кезінде заңды жасақтап, ал қазір өзі сол құжатқа тікелей бағынып отырғандардың да ойы тыңдалды. Олар заңды қолдап қана қоймай, өздері байқаған кем-кетік тұстарын тізбектеп шықты.
Мұхит Тұмабаев, шаруа қожалығының жетекшісі (ШҚО)
-Егер жігіттер біздің жұмыс істеп жатқан азаматтар жерімізді алса, біз оған қуануымыз керек. Өйткені ол инемен құдық қазғандай өте қиын жұмыс. Мысалы, біздің ШҚО-да 10 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері бар, соның 1 миллионы босқа тұр.
Мұхтар Тайжан, Болатхан Тайжан атындағы қордың президенті
-Билік есікті ашқаннан кейін біз келдік. Ақылмен, сабырмен мына мәселені шешіп тастайық. Басқа мәселелер де бар. Осы біздің отырысымыз комиссияның жақсы үрдісіміздің басы деп ойлаймын.
Халық алдында айтқан сөзімен салмақты, ойын жеткізе білетін азаматтың бірі – Бекболат Тілеухан. Ойы ешкімді бей-жай қалдырмаса керек.
Ол жер дауына келгенде сабырлы болуды, салиқалы сараптама жасауға шақырды.
Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Ел осы жерде бұлқынды. Жер дегенде жаны шықпаған қазақ жоқ. Жүдеуге келмеген қазақ жоқ. Жалпы егер бұндай жерде реакция жасамасақ, нағыз қорқынышты жағдай сонда болады. Яғни ел мен жерге деген елдің махаббаты генетикалық жатысында, өзінің тектілігін көрсетті, ұлттық сананың салтанатын көрсетті. Бірақ олар шыққанда осының ішіндегі кейбір мәселеге емес, кейбір дезинформацияға сенді. Кейбір адамдар неге осылай болды дегенде: «Туған-туысымыздан сұраймыз ғой, ойбай, жер сатылады екен. Сол үшін бұлқындық», – деді. Жер сатылайын деп жатқан жоқ. Шындығында бұл дезинформация болды. 1 шілдеден бастап қытайлар келеді екен де, қазақтың жерін сыпырып, сатып алады екен. Оларда переграфия экономикасында аста-төк болады екен. Өздері сыймай жатыр екен деп. Бұл кезде, әрине, қозғалмайтын адам болмайды. Ал бұл жерде жасыратын Үкіметтің олақтығы – түсіндіре алмағанымыз. Қазақ айтады: «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын», – деп. Бұл жерде түсіндірудің қажеттігін біліп отырмыз.
Қызу пікірталасты келесі бөлмеде елдегі барлық ақпарат құралдары сілтідей тынып тыңдады. Журналистер үшін әрбір пікір алтынмен тең болғаны байқадық. Рас. Көтеріліп отырған тақырып күрделі. Оны халыққа дұрыс жеткізудің өзі –үлкен жауапкершілік.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі
-Қазір бәрі ашық түрде өтіп жатыр. Оны көріп те жатырсыздар. 150-ге жақын журналистер көрші бөлмеде отырып, көріп жатыр. Айтылып жатқан пікірлерді халыққа таратады деп сенемін. Бірақ біз сөздің мән-мағынасын ұмытпауға тиіспіз. Сөзбен ойнауға болмайтынын түсінесіздер, бәріңіз білесіздер деп ойлаймын. Сондықтан барлық мәселені жете талқылай отырып, қалың бұқараға түсінікті түрде жеткіземіз.
Келелі отырыста айтылған ой көп болды. Ешкім бір-бірін бөліп, айтқан ұсынысына теріс пікір білдірген жоқ.
Дегенмен, ортақ ұйғарымға келу үшін комиссия ішінен бірнеше жұмыс тобын құру шешімі қабылданды.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы
-Ұсыныстар көп. Оның барлығы – елдің ішіндегі мәселелер. «Жер сатылсын» , – деп бір кісі айтады. Бірі: «Жер сатылмасын», – дейді. Бірі: «Жалға берілсін», «Берілмесін», – деп отыр. Қаншама комиссия мүшесі болды, соншама пікір. Бірақ осының бәрін топтап, бір жүйеге келтіреміз. Ол үшін минсельхоздың жанынан штаб құрылды, секретариат бар. Оған қосымша комиссия жанынан 4 блокпен жұмыс тобы құрылды.
Сонымен комиссияның алғашқы отырысы 7 сағат бойы үзіліссіз өтті. Қорытынды бойынша жер туралы заңды бүге-шүгесіне дейін зерделейтін 4 жұмыс тобы анықталды.
Олар заң, түсіндіру, экономикалық, ашықтық және транспарентті бағытта жұмыс жасайтын болады.
Олар келесі отырысқа дейін бүгінгі айтылған пікірлерді жинақтап, нәтижесін отырыста жариялайды.
Ал ендігі жиын келесі сенбі күні өтеді деп жоспарланды.
Авторлары: Эльвира Тағайқызы, Қанат Әбілдин
6. Аймақтарда қоғамдық кеңестерді құру жұмыстары толығымен аяқталды
Билік ақсақалдардың ақылын тыңдап, пікірлесуге бейілді. Елдің көкейіндегі өзекті мәселе. Қордаланып қалған түйткілдер. Тіпті айтар алғыс пен өкпе-назыңызды жайып салатын оңтайлы орта қалыптасты. Оның аты – қоғамдық кеңес.
Қазір барлық аймақтарда қоғамдық кеңестерді құру жұмыстары толығымен аяқталды. Ашық әрі сындарлы диалог алаңын елге сыйлы ақсақалдар, жұрттың жайын жақсы білетін белсенділер үйлестіреді.
Бірлестік мүшелерінің үштен екі бөлігі – ел ішінен сайланғандар. Ал қоғамдық кеңес қабылдаған шешімдерді биліктің қарастыруы заңмен белгіленген.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Заңда көрсетілгендей, қоғамдық кеңестің әрбір мынау қабылданған шешімін қарастыру биліктің міндеті деп жазылған. Ол қарастырған сұрақтың нәтижесін ол тиісті деңгейде жауап ретінде қоғамдық кеңестің атына жіберу – міндет. Қоғамдық кеңестердің пайда болуы бір жағынан бізде қалыптасқан мәслихат жүйесі бар. Мәслихат жүйесін қолдау барысында да, оның әрі қарай дамуына да өз үлесін қосуы мүмкін. Себебі қоғамдық кеңесте қарастырылған сұрақтар, және шығарылған нәтиже, шешімдер олар көп жағдайда мәслихатқа да түрткі болуы керек.
Бір нәрсені қаперде ұстау керек. Қоғамдық кеңестің атқарар қызметін мәслихаттармен шатастыруға болмайды.
Жергілікті аймаққа ортақ мәселелерді шешуге келгенде тізе қосып, жұмыс істеуі ықтимал. Бірақ екеуінің құзыреті екі бөлек.
Қоғамдық кеңес 3 жылға құрылады. Осы уақыт аралығында мемлекеттік органдармен, азаматтық ұйымдармен бірлесіп, түрлі ұсыныстар жасайды.
Алайда ұсыныстар мәслихаттың қаулылары сияқты міндетті түрде орындалсын деген талап жоқ. Бірақ қарастырылуы, көтерілген мәселеге тиісті жауап берілуі шарт. Ал жергілікті бюджет қоғамдық кеңестің қарауынсыз қабылданбауы тиіс.
Қазір өңірлердегі белсенділер қызу іске кірісіп кетті. Мәселен, өскемендік қоғамдық кеңес мүшелері 2 аптаның ішінде қаладағы 50 жуық мектепті аралап, ұстаздардың пікірін тыңдап шықты.
Оқулықтар, әдістемелік құралдардың жетіспеушілігін жою, мектеп формасының бағасын халықтың барлығына қолайлы ету сияқты мәселелердің бірқатарын сарапқа салды.
Атқарушы органдар кейбір проблеманы шешудің тиімді жолын ұсынды. Мысалы, облыстық білім басқармасы биылдан бастап «қанатқақты» жобаны қолға алды. Енді оқушылардың мектеп киімдері кәсіптік колледждерде де тігілетін болды.
Айжан Садықова, Қостанай облыстық Білім басқармасының басшысы
-Бірнеше тігін фабрикалар осы жобаларға қызығушылықтарын білдіріп отыр. Сонымен қоса қазір колледждермен сол кәсіпкерлер қазір есептеулерін жүргізу арқылы мектеп формасының бағасының төмендеу деңгейін анықтайды.
Ал Қостанай қалалық қоғамдық кеңесі ең әуелі шаҺардың бюджетін игеру барысын талқылауды жөн көрген. Әрі елдің көкейіндегі түйткілдің бірі жол сапасын жақсартуға қатысты ұсыныстарын әзірлеп жатыр.
Марат Жұрқабаев, Қостанай қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы
-Қарастырылған мәселелердің бірі – қаламыздың бюджетін қарастыру. Содан кейін қалалық жолдарға байланысты, әлеуметтік салаға байланысты сұрақтар көтеріліп жатыр. Сол өз ойларымызды айтып, қала тұрғындары ретінде жалпы қандай мәселелер қазіргі уақытта қоғамда көтеріліп жатқан сұрақтарды жеткізіп, қарастырып, енді тек қана мәселені көтермей, ол мәселені қалай шешуге, сол сұрақтарды қойып жатамыз.
Айтпақшы, Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров «Қазнеттің» белсенді блогерлерін қоғамдық кеңестің қызметіне араласуға шақырды.
Әлеуметтік желілерде отыратын жастар қауымы да билік пен қоғам арасындағы диалогқа қатысып, ашық түрде пікір қосса құба-құп. Бұл азаматтардың елдің болашағына бей-жай қарамайтынын аңғартса керек. Әрі көпшілікке ортақ түйткілдерді бірге талқылап, оларды шешу жолдарын іздеуге ықпал етеді.
7. «Ашық үкіметке» айтарыңыз болса...
Сайып келгенде, мұның барлығы халық пен билік арасын мейлінше жақындатып, ортақ мүддеге жұмылдырудың бір жолы.
Осы тұста тағы бір жаңа мүмкіндікті айтуымыз керек. Оның аты – «Ашық үкімет». Порталдың негізгі міндеті қандай? Шын мәнінінде сұхбаттастықтың нағыз алаңына айналуға қауқарлы ма?
10 баланың анасы Зейнеш Алтынбаева осыдан бір апта бұрын Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Ашық Үкімет» порталы арқылы сұрақ жолдаған. Ол қалада балалар ауруханасының жоқтығына алаңдап, осы мәселені шешіп беруін сұраған.
Зейнеш Алтынбаева, Қызылорда қаласының тұрғыны
-Сыр өңірінде балалар ауруханасы жоқпен тең. Бар болған жағдайда да оның орындары аз. Тіптен кішірек болатын. Үнемі осы мәселемен біз емханаға барсақ та, балалар дәрігері жетіспейді. Содан кейін балалар ауырып қалған жағдайда, мысалы, аураханаға жатқыздыратын болса, орындар жетіспей қалатын жағдайлар болып жатады. Осындай сұрақты қойған болатынмын.
Көптің көңіліндегі тілекті тура тауып, жаңа порталдың көмегіне жүгінген көпбалалы ана, сұрағының соңы сұйылып кете ме деп күмәнданған. Алайда аймақ басшысы араға 3 күн салып хатқа жауап қатады.
«Құрметті Зейнеш Алшынбаева! Сіздің жолдаған сауалыңыз қаралды. Облыс орталығында балалар ауруханасын салу жоспарда бар. Нақтылап айтқанда, 2014 жылдың тамыз айында құрылысы басталды. Ал аяқталу мерзімі 2016 жылдың желтоқсан айы. 200 төсекке арналған бұл аурухана жаңа медициналық аппараттармен жабдықталып, балалардың денсаулығын жақсартуға арналған ыңғайлы орталық болады».
Міне, «Ашық Үкімет» порталы арқылы көпті толғандырған сұраққа жауап алынды. Осы уақытқа дейін жергілікті билік өкілдеріне сауал жолдау үшін әуелі қағазға түсіріп оны әкімшілікке өткізу керек еді. Ол өтініш облыс әкіміне жетті ме, жетпеді ме деген ой сананы тағы мазалайтын. Қазір сол жүк біршама жеңілдей түсті.
Зейнеш Алтынбаева, Қызылорда қаласының тұрғыны
-Екі, үш күннің ішінде жауабымды алдым. Билік пен халықтың ортасындағы байланыстың жақсаруының себебі деп ойлаймын.
Өткен жылы елімізде ақпаратқа қол жеткізу заңы қабылданған еді. Ол құжат биыл күшіне енді. Қазір «Ашық үкімет» порталына күніне мыңдаған өтініш пен тілек келіп түседі. Оған құзырлы мекемелер міндетті түрде жауап береді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Егер де мемлекеттік органдардың басшылары, лауазымды қызметкерлері ақпаратқа қол жеткізуге қатысты бір сауалдарға жауап бермей жатса немесе жалған ақпараттар беріп жатса немесе заңға кіргізілген нормаларды орындамай жатса, оларды жауапқа тартуға мүмкіндік бар.
Бұл қандай портал, оның пайдасы не және оны қалай қолданамын деп отырған боларсыз. Тарқатып айтайық.
Әуелі Халыққа қызмет көрсету орталығыннан электронды сандық қолтаңба алып, жасырын сөзіңізді таңдайсыз.
Сөйтіп «Ашық үкімет» порталын ашып, кіру деген батырманы басасыз. Ары қарай жеке сәйкестендіру нөміріңізді және жасырын сөзіңізді теріп сайттың қолданушысы атанасыз.
Жанат Жахметова, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің басқарма басшысы
-Мысалы, Батыс Қазақстан облысының әкіміне өтініш жіберу үшін ең бастысы сіз өтініш қалдыру деген батырманы басасыз. Берілген шарттарға келісесіз. Сіз порталға тіркелгеннен кейін сіздің бүкіл деректеріңіз бірден шығады. Өтініш мәтінін тересіз қажет болса сурет те таңдай аласыз. Және смс кодты алу арқылы өз өтінішіңізді жібере аласыз.
«Ашық Үкімет» жүйесі тек сұрақ-жауапқа арналмаған. Халық бұл беттен қазіргі уақытта елімізде қандай заң қаралып жатқанын көріп-біле алады. Және ол қаулыны оқып, өз пікірлерін білдеруге болады.
Егер құжатқа алып-қосарыңыз болса, айтуға құқылысыз. Жазбаларды жауапты министрлік мамандары ескеріп, қорытынды шығарады.
Сонымен бірге бұл жерден өзіңізге қажетті мәліметті де алуға мүмкіндік бар.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Біздің азаматтар, біздің журналистер, мысалы, кіргісі келсе, ақпаратты алғысы келсе, бір жерге барып, сол жерден ақпаратты алып алуға мүмкіндік болады.
Енді мемлекеттік бюджеттің игерілу барысын билікпен бірге қоғам да қадағалай алады. Мәселен, бір облысқа жылына қанша ақша беріледі және ол қалай жұмсалады бәрі көз алдыңызда тұрады.
Сәулет Толғанбаева, «Азаматтық Альянс» Заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі
-Бұл жұмыстың бәрі тұрғындар үшін істеліп жатыр. Халық мемлекеттік бағдарламаларға және аймақтарға бюджеттен қанша ақша бөлініп жатқанын көре алады. Сәйкесінше мыңдаған адам қарап отырған соң қаржыны жымқыру қиынға түседі. Сөйтіп жемқорлықтың жолы кесіле береді.
Мамандар: «Бұл портал халық пен мемлекеттік органдардың арасын жақындатады», – дейді. Өйткені сайт арқылы екі тарап бірілесе жұмыс атқарады.
Осындай үрдіс Оңтүстік Корея және Исландия елдерінде бар екен. Олар ғаламтор арқылы мемлекетік маңызы бар істерді талқылап, тиісті тұжырым шығарады.
Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім меңгерушісі
-«Ашық Үкіметтің» ең жақсы үлгісінің бірі Финляндия мемлекетінде бар. Финляндия мемлекеті өзінің ашық порталын құру арқылы олар тіпті өздерінің мемлекетіндегі конституцияны талқылап, өзгеріс енгізген болатын. Бұл тарихтағы ерекше тәжірибелердің бірі.
Халық пен билік арасындағы байланыс жетілу үшін әлі біршама жұмыстарды жүйелі түрде атқару керек. Мәселен, қазір ауылдық жерлерде ғаламтор жоқтың қасы, бар болған күннің өзінде оның жылдамдығы көңіл көншітпейді. Елді мекендерге интернет тарту туралы депутаттар күні кеше ғана бастама көтерген болатын
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Бұл ұсынысымды Үкімет қолдайды деп ойлаймын. Өйткені бұл халыққа керек, елді мекендерге керек. Біздің мемлекетіміздің, халқымыздың дамуына қажет.
Мамандар: «Алдағы уақытта ауылдық жерлердегі интернеттің жылдамдығы тәуір болады», – дейді.
Бұл мәселе бойынша тиісті жұмыстар жоспарланып қойыпты. Егер осы түйткілдің түйіні тарқаса, халық «Ашық үкімет» порталына өз пікірлерін білдіріп, сауалдарын жолдайды.
Нәтижесінде халық пен билік арасындағы байланыс арта түспек.
Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Сәкен Сейітханұлы
8. Азық-түліктің 95 пайызын отандық өндірушілер өтей алады
Жыл басынан бері Қазақстандағы инфляция деңгейі 3,6 пайызды құраған. Бұл жайында өткен аптада Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті хабар таратты.
Мәселен, күнбағыс майы 7,2, кондитерлік өнімдер 6,1, макарон 5,9, ет 2,1, қант 10,6 пайызға қымбаттаған.
Сондай-ақ фармацевтикалық тауарлардың (11,6%) , автокөліктердің, (4,5%), киім-кешек (2,8%) пен жиһаздардың (2,1%) бағасы өскен.
Ғалымжан Керімбек, Экономика ғылымдарының кандидаты
-Дамыған мемлекеттердің көрсеткіштеріне қарайтын болсақ, 5-6, 7-8 пайыз бұл енді орта есеппен алғанда, жақсы көрсеткіш деп есептеледі. Біздің елімізде өткен жылы 2015 жылы 10 пайыздың көлемінде болды. Сондықтан бұл қарайтын болсақ, біздің мемлекет үшін жақсы көрсеткіш деп айтуға болады.
Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілердің айтуынша, қазіргі таңда азық-түліктің 95 пайызын отандық өндірушілер өтей алады. Мәселе басқада. Өзімізде бола тұра, өзге елдерден тасымалдау дағдысынан арылмай келеміз.
Мысалы, жыл сайын Астанаға құны 17 миллиард теңге болатын тамақ өнімдері импорталады. Ал соның барлығы Қазақстанның өзінде шығарылады. Мұны сәуірдің соңында қаланы дамыту жөніндегі кеңес кезінде Президент айтты.
Сосын сауда орындары мен өнім өндірушілер байланысын реттеуді тапсырды. Әйтпесе арадағы делдалдар бағаны асқақтатып, екі ортада пайдаға кенеліп отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Отпускная цена десятка яиц с птицефабрик Акмолинской, Карагандинской областей составляет 170-180 тенге. А в магазине – 300. Разница в 76%. Цена за килограмм говядины в радиусе 50 км от Астаны 700 тенге, а на рынке 1200 тенге – 70%.
Ірі қараның еті жайында айтсақ, қазір ішкі нарықтың 96 пайызын қамтуға қауқарлымыз. Құс еті де көбейіп келеді. Биыл оның көлемін 200 мың тоннаға жеткізіп, 5 миллион тонна жұмыртқа өндіру жоспарда бар.
Бұған дейін Құс өсірушілер одағындағылар алып-сатып жүргендерді бағаға қосатын үстемені 20 пайыздан асырмауға үндеген болатын. Бірақ бұған құлақ асқан ешкім жоқ сыңайлы.
Көкөніс пен жеміс-жидектің жағдайы да осы сарындас. Оңтүстікте өндірілген өнімді солтүстікке жеткізгенше, баға бес есеге қымбаттайды деседі.
Пайдаға әдеттегідей делдалдар кенеледі. Бұл – бір. Екіншіден, жыл сайын Қазақстанға импортталатын жеміс-жидектің денін өзімізде өсіруге болады екен. Хош! Қазір делдалдардың әрекеті әлдеқайда маңыздырақ болып тұр. Себебі алып-сатарлар азайса, баға айтарлықтай арзандауы әбден ықтимал.
Сөзіме дәлел, күні кеше ғана Астанада арнайы дүкен ашылды. Онда Жамбыл облысында шығарылатын өнімдердің 500 түрі саудаланады. Кәсіпкер тауарларды елордаға тікелей делдалсыз әкеледі. Соның арқасында бұл жердегі баға нарықтағыдан 20 пайызға кем.
Демек, шындап кіріссе, жасауға болатын шаруа. Ендеше, не кедергі? Бағаның өсуіне делдалдардың әрекеті ғана себеп пе? Неліктен өзімізде бола тұра өзгенікіне әуеспіз?
Картобын жолға дайындап жатқан бұл павлодарлық кәсіпкердің аты-жөні – Ермек Сүпеков. Өзімізді айтпағанда, өзбек ағайынды қоспағанда, Ермек мырза өсірген картопты Әзербайжан, Грузия, Ресей де тұтынады.
Кәсіпкер тұқымды Голландиядан әкеледі, қыруар қаражатқа. 18 млн теңгеге заманауи қойма салған, тауарын бүлдірмей сақтау үшін.
Ермек Сүпеков, шаруақожалық иесі
-Әлі күнге сол қалпы. Ортасынан кессек те, қап-қатты, осы картоптың бағасы болмай тұр. 25-30 теңгеден кетіп жатыр. Енді Астанада алсақ, 70 теңгеден сатады базарда. 30 теңге қайда кетіп жатыр? Бізге түспейді ол ақша. Біз өндіреміз.
25-30 теңгеге сатылған павлодарлық картопты Астана базарынан іздедік. Қап-қап болып, толып, тұр.
Базарда да бірдей емес баға. Әр бұрышта әртүрлі теңге сұрайды.
Сағат түнгі – 4.00. Былайғы жұрт шырт ұйқыда. Тек базар маңы ғана қарбалас. Мына тізілген көліктер толған ет. Ақмола облысынан басқа да аймақтардан келген.
Саудагерлер көтерме бағамен осы жерден сатып алады. Мән-жайды сұрастырсақ, жеткізушілер жылқы етін 1100-ден, жақсылап сөйлессең 900-1000-нан да сатады. Ал оны таң атқасын, сауда нүктесінен алсаңыз, килосы 1600, жаясы 1500, ішегі 1000, қазысы 1700 теңгеге шығады. Ал сиыр еті сәл арзандау.
Астанадағы ең үлкен базардың бірі осы. Қазақстанның, шетелдің барлық нүктесінен келеді азық-түлік бұл жерге. Көктем жаңа шықса да, сөрелерде Үндістанның жүзімі, Қытайдың шабдалысы тұр.
Саудагер Фариза апай да өзінің сөресіндегі көкөністердің географиясымен былай таныстырды.
Блиц
-Мынау Ташкенттікі. Мынау Сарыағаштікі. Мынау Ташкенттікі. Мынау Сарыағаштікі айсберг деген. Бәрі өзімізден келмейді. Мына зелень, укроп, петрушка Ташкенттен келеді.
Сонымен Қазақстан 2015 жылы 3 млрд АҚШ долларынан асатын азық-түлікті шетелден әкелген. Оның 900 млн-ы ғана біздің өлкеде өспейтін апельсин, мандарин, киви, ананас, банан сияқты жемістерге жұмсалған. Қалған 2 млрд-тан көп долларға келген тауардың бәрі өзімізде де бар заттар.
Мәселен, біз өзіміздің қой, сиыр, жылқы етімен 100 пайыз, құс етімен 45, макарон өнімдерімен 95, сары маймен 60, алмамен 52, ірімшік, сырмен 50 пайыз қамтамасыз ете аламыз. Алайда бір ғана Алматы нарығында 121,7 млн долларға мұздатылған ет, 12,5 млн долларға макарон өнімдері, 5,4 млн долларға сары май, 7,7 млн долларға алма, 67 млн-ға ірімшік, сыр импортталған.
Ауылшаруашылық өнімдеріне тәуелділіктен толық құтылу үшін фермерлер бірігіп, тірлік етуі тиіс. Бұл пікірді Қазақстан Фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Даринов айтты.
Елде 180 мың фермер бар. Оның бесеуі ғана ірі. Шаруа қожалықтар қосылып, кооперавтив құрса, жер көлемі ұлғаяр еді, техника көбейер еді, өнім де берекелі болар еді. Өзімізді ғана емес, өзгені де қамтамасыз етер едік.
Әуезхан Даринов, ҚР Фермерлер одағының төрағасы
-Біз былтырдан кооперавтив құрайық-құрайық деп қаншама түсініктеме жасадық. Халық түсінген сияқты болады. Бірақ артынан бастары қосылмайды.
Кооперативтің құрылғанын кәсіпкер Қанат Темірханов та құптайды. Бұл кісі бидай, арпа, майлы дақылдар өсіреді. Ірі қара малдың етін базарға сатады. «Көп кәсіпкер ауылшаруашылық өнімдерін өткізетін орын таппай қиналады», – дейді ол.
Қанат Темірханов, шаруақожалық иесі
-Біз өзіміздікін өзіміз әкеп сатамыз десек, жексенбі күні ярмаркаларға түссек, онда бір мал, екі мал бар. Күнделікті өткізетін ондай мүмкіндік жоқ. Өткізетін дәнеңе жоқ дейміз де, кім келсе, соған бере саламыз.
Бұл мәселенің шешімін Римма Тәжібаева ұсынып отыр. Римма Астанадағы сауда орталықтарының бірінен 5 мың шаршы метр орын алған. Мақсаты – ол аумақты «Қазақстанда жасалған» атты павильонға айналдыру.
Яғни отандық кәсіпкерлер өз өнімін өздері сатады. Оларға қойылатын бір ғана шарт кәсіпкерлер «Халық маркасы» деген коммерциялық таңбаны 300 мың теңгеге сатып алуы керек.
Римма Тәжібаева, «Халық маркасы» жобасының жетекшісі
-Арендасы жоқ. Делдалдар ортада жоқ. Кәсіпкер өзінің жіберетін бағамен тұтынушылар сол бағамен өздеріне сатып алады.
Өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдардан құтылудың, азық-түлік бағасын арзандатудың, импортқа тәуелділіктен арылудың, азық-түлік түрлерін көбейтіп, сапасын арттырудың, ұзақ сақтаудың бір жолын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынып отыр.
Олар: «Еліміздің 5 ірі қаласына Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Қарағандыға сауда-логистикалық орталық салу қажет», – дейді. Мұндай тәжірибе Мәскеу, Париж, Испанияда бар екен.
Ұсынысты Алматы облысы қолдады. 20 гектардай жер де қарастырып жатыр.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі
-Алматының қасындағы қазір Бакат деген жол салынып жатыр. Сол жолдың бойында жер анықтап берсек. Алматының қасында сондай 5-6 болса жетеді.
Сауда-логистикалық орталық деген не дейсіз ғой? Бұл орталыққа ауылшаруашылық кооперативтері өз өнімдерін әкеледі. Онда азық-түлікті сақтайтын қойма болады.
Қоймалар заманауи тоңазытқыштармен, құрылғылармен жабдықталады. Осы жерде барлық өнімнің сапасы, талапқа сәйкестілігі тексеріледі. Осы жерде тауар сұрыпталып, өлшеніп, қапталады. Сосын тікелей сауда желілеріне жөнелтіледі.
Ал мұндай алып орталықты толтыру үшін де ұсақ шаруалар іріленуі керек, яғни мәселе тағы сол кооперативке келіп тіреледі.
Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, бүгінгі таңда палата жанынан 138 ауылшаруашылық кооператив құрылыпты. Жақында тағы елуі қосылмақ бұл қатарға.
Нұржан Әлтаев, ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары
-Қазір бес ең ірі алматының сауда орталықтары 138 кооперативмен келісімшартқа отырып, солардан ортасындағы делдалды алып тастап, тікелей өнім алатын болады.
Қазір тауар тұтынушыға мына жүйемен жетеді. Фермер->делдал->базар->жеткізуші->ритейл->тұтынушы.
Сәйкесінше, бағасы да әжептәуір соммаға көтеріледі. Сөйтіп Ермек Сүпеков Павлодардан 20 теңгемен жіберген картопты 85-90, 900-1000 теңгелік етті, оны 1300-1700 теңгеге аласыз.
Айтпақшы, сауда-логистикалық орталық жүзеге асқанша, ас-ауқатты базардан алсаңыз, ақша үнемдейсіз.
Мәселен, супермаркетте жұмыртқа – 380, базарда – 270, пекин капустасы – 690, базарда – 300, Ташкент қызанағы – 990, базарда – 550 теңге.
Авторлары: Мақпал Мадиярова, Тілеуқабыл Мыңжасар, Салауат Игіліков, Бекболат Базаров