Жеті күн 25.03.2017
1. Елбасы қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады
Ынтымақ пен ырысты ілестіріп, көшемізге Наурыздың науша көші келді. Бұл күнде өріс ашылмай, дауыл басылмай әлек салатын қыстың қаһары қайтты деп қуанамыз-ау?! Бірақ сырдағы мен қырдағы жұрттың жөні екі басқа. Біріншісі бөркін аспанға атып, асыр салып жатса, екінші елде ес жоқ.
Биыл батыс пен шығыс та, солтүстік пен орталық та оппа қарға оранған. Аумағымыздың ауа райын алдын ала болжап білетін бірден-бір мекеме «Қазгидрометтің» мәліметіне сенсек, осы жылы түскен ақ ұлпа қалыпты деңгейден 30-40 пайызға дейін асыпты. Әрине, жазғы егінге жақсы. Алайда кеше синоптиктер: «Алдағы аптада күн күрт жылынады», – деген хабар таратты. Егер қар жіпсіп, қызыл суға тіл бітсе, тірлігі жаман. Дегенмен құтқарушылар төтенше жағдайға төтеп береміз деген уәдені ақпанда айтқан. Халық оларға сеніп отыр. Көктем келсе ер-тұрмандарын жастанып, құс ұйқымен таң атыратын құзырлы органдардың әзірлігін алда айтамыз.
Бір қызығы жылдың бұл мезгілінде қандай қиындық қысса да, көпшіліктің көзінен көңілсіз күй байқалмайды. Оның себебі де қарапайым. Бұл – жаңа жылдың бастауы. Бұл – теңдік пен кеңдіктің мерекесі. Ұлыстың ұлы күні деп бағзыдан ұлықталуы да содан болар?! Мейрамның тарихы тереңде дегенімізбен, бұған да біраз уақыт бұғау салған еді. Абырой болғанда құндылығымызбен қоштаспай, қайта қауыштық. Сол күннен санасақ, осымен 30-шы мәрте әз-Наурызды айрандай ұйыған ұжыммен атап өткен екенбіз. Биыл елімізде бескүндік демалыс жарияланып, бес күн бойына ұлан-асыр той болды. Күмбірлеп күй, әуелеп ән төгілмеген қалтарыс қалмаған шығар?! Түйсінгенге, Тәуелсіздіктің тартуы қандай керемет!
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:
-Құрметті, қазақстандықтар, Ұлыстың ұлы күні баршамызға бақ-береке әкелсін. Істеп жатқан шаруамыз – Тәуелсіздігіміздің тұғырын жоғарылатып, еліміздің болашағын баянды ету үшін жасалып жатқан еңбек. Оған барлық қазақстандықтардың қатынасы бар. Осы қиын қыстау 25 жылдықты қалай өткіздік?! Ендігі 25 жылды бұдан да жоғары өткіземіз деген үміттеміз. Ол үшін елдің бірлігі керек. Бірауызды болу керек. Отансүйгіштігі керек. Біздің басқа арманымыз жоқ. Сонда ғана ата-бабаның арманын орындайтын боламыз. Олардың төккен тері мен анамыздың ақ сүтін адал орындайтын боламыз. Сол үшін бірлігіміз бұзылмасын. Әрбір шаңырақ шаттыққа бөленсін. Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Қайда барсақ жол болсын! Әз Наурыз құтты болсын!
2. Өзбекстан Президенті мемлекеттік сапармен Астанаға келді
Ұлыстың ұлы күнінде Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Астанаға аяқ басты. Бұл – оның Президенттікке тағайындалғаннан бергі екінші сыртқы сапары. Қазақстанға дейін Түркіменстанда болған. Анығы Түркіменабадта бой көтерген Өзбекстанның алғашқы Президенті Ислам Кәрімовтің ескерткішін ашуға барған. Ал қазақ жеріне қадам басқандағы ойы – екі арадағы байланыстың екпінін арттыру. Бұлай сенімді сөйлеуіме оның Үкіметтік құраммен ғана емес, қасына 250-дей кәсіпкерді ертіп келгені себеп.
Биыл қазақ пен өзбектің дипломатиялық қарым-қатынас құрғанына – 25 жыл. 25 жылдың жемісі қандай? Сандарды сөйлетсек. Соңғы 11 жылда Өзбекстаннан Қазақстанға 12,6 миллион доллар инвестиция құйылыпты. Керісінше, бізден оларға 258,2 миллион доллар ақша салынған. Айырмашылық жер мен көктей. Ал сауда айналымының көлемі 1,5 милилард долларға жуықтайды. Шавкат Мирзиёев осы көрсеткішті 2020 жылға дейін 3 есеге арттыруға ниетті болып отыр. Осыдан-ақ оның ұстанар саясатына ұйғарым жасауға болар. Тоқсан ауыз сөзді топшылап қайырғанда, жаңа байланыстан жаңа леп күткендер көп. Тіпті, отандық сарапшылар: «Жаңа Президент одақ аясында бас біріктіруге де мүдделі», – деген болжам айтады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
Тарихи сапар! Шавкат Мирзиёев Астанаға үлкен делегацияны бастап келді. Шенді шенеуніктермен бірге 250 кәсіпкер іскерлік әріптестік орнатуға тырысты. Мұндай деңгейде қатынас бұрын-соңды болмаған. Бұл екі ел ынтымағының маңыздылығын әспеттейді. Осы орайда ресми Ақорда мейманды бар сән-салтанатымен қарсы алды. Тарихы тамырлас, жұрты бауырлас қазақ-өзбек сан белестерді өткерді. Аумалы-төкпелі замандарды еңсерді. Аралас-құралас болуға тырысты. Енді серіктестіктің аясын кеңейту қажет. Осы орайда өзбек басшысы қатынастарға қарқын беру үшін келіп отырғанын жасырмады. Бұл қос тарапқа да тиімді. Іргелес жатқан бауырлас елдің өсіп-өркендеуі біздің елге де игі.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:
-Біз туысқан ел ретінде өзбек мемлекетінің өркендеп, өніп, үлкен жетістіктерге жетіп отыруын қалаймыз. Сондықтан сіздің сапарыңыз екі елдің арасында жаңа белес, жаңа жол ашады деп санаймын. Осы сіз келгелі 5 айдың ішінде екі елдің арасындағы сауда-саттық 30 пайызға жоғарылады. Көп мәселелерге қол жеткіздік.
Өзбекстанның жаңа басшылығы тосқауылдарды жойып, тату көршілікті нығайтуға мән беріп отыр. Қалауын тапса, қар жанар. Ресми Ташкентке жаңа басшылық келгелі аймақтық серіктестік те жандана бастады.
Шавкат Мирзиёев Өзбекстан Республикасының Президенті:
-Біздің достық қарым-қатынасымыз бен сауда-экономикалық байланысымыз жаңа деңгейге көтерілгенін көріп отырмыз. Бүгінгі бизнес форумға Өзбекстаннан келген 250 кәсіпкер қатысты. Осы шараның аясында 1 млрд доллардың келісімшартына қол қоймақ ниетіміз бар. Осы қысқа мерзім ішінде екі елдің аймақтардағы қарым-қатынасын жандандыруға ерекше назар аударылғанын айта кеткім келеді. Осы жұмыстардың барлығы Сіздің әріптес досыңыз Ислам Әбдуғаниұлымен бірге қалап кеткен даму жолының жалғасып жатқанын көрсетеді. Нұрсұлтан Әбішұлы, біз Қазақстанды ең сенімді, ең жақын көрші ел ретінде танимыз. Сондықтан бүгінгі сапарымыз, оның аясында орындалатын келіссөздер тарихи оқиға болып қаларына сенемін.
Өзбекстан – Қазақстанның үшінші сауда серіктесі. Былтыр өзара тауар айналым 2 млрд долларға жуықтаған. Алайда бұл көрсеткішті есейлей түсу маңызды. Мұны көшбасшылар тілге тиек етті. Сауда-экономикалық мәселелерді кеңінен пысықтады. Айта кету керек, қос президент инвестициялық серіктестікке ерекше назар аударды. Екі елде де тың инвестициялық жобалар жүзеге аспақ. Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 800 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олардың қатарын жақын болашақта машина құрастыру зауыты толықтырады. Мәдени-гуманитарлық сабақтастықтың да тамыры терең тартпақ.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:
-Огромный вклад в это дело внес первый президент Узбекистана Ислам Каримов. Общность нашей истории, языка, традиций, соседство народов предопределили тесное казахстанско-узбекское взаимодействие в культурно-гумаитарной сфере, особый характер нашим взаимоотношениям придают диаспоры, более 1 млн казахов и порядка 500 тыс узбеков живущи в родных домах своих-наших является живым мостом между нашими странами. Узбекистан для Казахстана является стратегическим партнером и наш курс на углубление сотрудничества с вашей страной остается неизменным.
Көлік саласына да серпін беру ойда бар. Транзиттік мүмкіндіктерді арттыру үшін Бейнеу-Ақжігіт магистралінің құрылысы басталады. Сөйтіп, өзбек тауарлары Атырау арқылы Ресей аспақ. Бұдан бөлек, екі ел арасында әуе рейстерін көбейту жоспарда.
Алматы-Ташкент бағытында жүретін тұрақты темір жол рейсі ашылған болатын. Енді екі арада автобустар да қатынай бастайды.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
-Біз соңғы 10 жылда Өзбекстан мен Қазақстанның екі арасында тұрақты рейс жасаған жоқпыз. Енді осы келісімге қол қойып, ратификациядан кейін жұмыстарды бастаймыз.
Екі ел ықпалдастығы Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымағына ықпал етері хақ. Сондықтан тараптар аймақтық серіктестікті өрбітуге көңіл бөлді. Бұл орайда су-энергетикалық кешен мәселесі қозғалды. «Орталық Азияның трансшекаралық су ресурстары жалпыға ортақ игілік», – деді Елбасы. Оларды пайдалануда екі жақтың пікірі алшақ емес. Астана мен Ташкенттің Арал тағдырына келгенде де ойлары бір жерден шықты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:
-Мы с полным пониманием относимся наших братских соседей о желании использовать воду и мы готовы в этом принимать участие. Но без ущерба для всех других стран, находящихся в нижних течениях этих рек. От разумного использования этой воды зависят судьбы десятков миллионов людей - стабильность, благополучие в нашем регионе, а значит укрепление дружественных отношений и доверия между нашими странами. Мы обсудили ситуацию вокруг Аральского моря и в очередной раз пришли к единому мнению, что Международный фонд спасения Арала является ключевой платформой, способствующей разрешению этой проблемы и для контакта наших стран.
Тараптар халықаралық күнтәртібіндегі мәселелерді де айналып өткен жоқ. Әсіресе, Ауғанстан ахуалы мен терроризм алаңдатып отыр. Орталық Азияның мүддесін қауіпсіздік кеңесінде қорғайтын Қазақстанға өзбек ағайын үлкен үміт артты. Тараптар лаңкестік, есірткі трафигімен бірлесіп күресуге әзір. Екі ел әскери ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты. Сөйтіп, аймақтық қауіпсіздікті қамтуға ден қойды. Бастысы, стратегиялық серіктестік пен тату көршілік нығаймақ. Осы орайда қос көшбасшы бірлескен декларацияға қол қойды.
Шавкат Мирзиёев Өзбекстан Республикасының Президенті:
-Бұл сапарды былтыр Самарқанда болған ашық диалогтың жалғасы ретінде бағалаудамыз. Бүгінгі бизнес-форум өзбек тарапының сауда-экономикалық байланыстарды дамытудағы тілек-ниетін әспеттеп отыр. Екі елдің қоры өте бай. Соған сай мүмкіндіктеріміз де көп. Біздің алға қойған ниетіміз түзу, болашағымыз зор, мүмкіншілігіміз де жетеді. Бізге парламентаралық және аймақаралық қатынастарды дамыту маңызды.
Келелі келіссөздер бірнеше сағатқа созылды. Келісер мәселе аз емес. Бастысы, өзара сенімге негізделген сүбелі ойлар айтылды. Басшылар бірін-бірі қоштап отырды. Сапардың мән-мазмұны да осы еді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Между Узбекистаном и Казахстаном сегодня нет не решенных проблем. Ни территориальных, ни пограничных, ни политических, ни экономических. Мы открыты как чистый лист для того что бы заполнить благими делами на благо обеих наших народов. Считаю что это огромный успех первого визита президента Узбекистана на нашу страну. Который открывает новый исторический этап между странами.
Осылайша, қазақ-өзбек серіктестігінің жаңа кезеңі басталды. Ауқымы кең сапар барлық салада әріптестіктің керегесін кеңейтті. Ресми кездесулерден соң көшбасшылар көрнекті орындарды аралап, көңіл сергітті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиёев шағын экскурсия жасады. Әуелі елорданың мақтанышына айналған «Астана Опера» театрында болып, «Қыз жібек» операсының дайындығын көрді. Қойылымға қанық болған мемлекеттер басшылары Назарбаев университетіне аялдады. Онда зертханаларды аралап, білім ордасының даму жоспарымен танысты. Көшбасшылар «Mega Silk Way» сауда және ойын-сауық орталығының ресми ашылуына қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиёев сауда-көрме павильондарына да барды. Мұнда олар театрландырылған қойылымды тамашалады. «Дю Солей циркінің» әртістері шағын акробатикалық шоу ұсынды. Елорданың көрнекті орындарын аралау «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінде аяқталды. Мемлекеттер басшылары көрменің басты ғимараты «Нұр әлем» нысанына бас сұқты. Өзбекстан алдағы болатын айтулы көрмеге қатысатынын сапар барысында тағы бір рет айтты.
Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Айдос Меделбеков
3. Қазақ-өзбек кәсіпкерлерінің бизнес-форумы өтті
Ел басшылары мен Үкімет мүшелерінің кездесуінен бөлек, Астанада қазақ-өзбек кәсіпкерлерінің бизнес-форумы өтті. Мұндай басқосу бұрын-соңды болмаған. Себебі ала шапанды ағайын бұған дейін өздерінің ішкі нарығында іркіліп жатты. Әрине, кәсібін ұлғайтқысы келетіндер сыртқа ұмтылыс жасаған. Тек билік тарапынан салқындық сезініпті. Енді ғана қолдауға қол жеткізіп отыр. Мәселен, мына тұрған өзбектің темір тұлпарлары алдағы уақытта Қазақстанда құрастырылмақ.
Нұржан Әлтаев «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары:
-Қазақстанда автомашина жинайтын зауыт салынатын болады. Ол біздің «Аллюр авто» мен «Өзбек автосаноат» арасындағы келісімшарт. Бұл жобаның құны 20 млн доллардан асады.
Көрмеге қатысқан өзбекстандық кәсіпкерлер қай саланы болмасын жолға қойып, жетілдіріп жатқанын аңғартты. Тіпті, смарт бағытында, яғни ақылды жүйе бойынша да тың жобаларын көрсетті. Айта кеткен жөн, Өзбекстанда ішкі жалпы өнімнің 60 пайызы бизнестің үлесінде.
Алишер Шайхов Өзбекстан Республикасы сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы:
-Көрмеде біз экономикамыздың 9 саласын таныстырып отырмыз. Әр саланың өз стратегиялық даму жоспары бар. Келісімшарттар жасалып жатыр. Жақын аралықта біз екі ел арасындағы сауда-саттықты 5 млрд долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз.
4. Әз-Наурыз думандата тойланды
Наурызды тойлайтын, қадірін білетін қай ұлтты, қай адамды алсаңыз да, көзге бірден байқалатын бір жайт бар. Ол – Ұлыстың ұлы күнін мейрам деңгейінен де биік санау. Дәл сол күні бар тіршілікке еркіндік, кеңшілік танытып, ішкі реніш, өкпені тартқатып, үй-жай, ауыл-аймақты тазартамыз. Сондықтан Наурызды еңбектің, жақсылықтың, молшылықтың һәм татулықтың мерекесі десе әбден жарасады.
Биылғы Наурыздың жылдағыдан жөні бөлек, көркі ерек. Шаңырақтағы шаттықты айтпағанда, көше-көшенің бойы көңілді думанға ұласты. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қызықтан қалыс қалмай, торқалы тойды қыз-қыз қайнатты. Елбасы да елмен бірге болып, ұлық мерекені ұлттың ортасында қарсы алды.
Қазақтың ұлы даласында сан ғасырлар бойы тойланып, атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлық мереке – Наурыз. Күн мен түннің теңелетін осынау ерекше күнін қазақ жаңару мен жасарудың нышаны, дүниеге көрік берген шырайлы жыл басы деп құрметтеген. Рас, бұл – береке-бірліктің, жақсы тілеудің тойы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бүгін Қазақстанның барлық өңірінде осы мерекені тойлап жатқан халқымыз бар. Бұл – бабаларымыздың бағзы заманнан бері тойлап бізге қалдырған аманаты, береке бірліктің, ынтымақ пен ізгіліктің жолы болсын деген тілеуі, жақсылық пе келісімнің символы. Осы күннен бастап күн ұзарып, түн қысқарып, бұлақтардың көзін ашып, жасыл желек отырғызып, болашаққа көз тігетін болған. Наурыз көже жасап, көршілер бір-бірімен қатынасып, дәм татып, болғанды еске түсіріп, ренжігендер бір бірінен кешірім сұрап, көрісіп, қауышып, бір-біріне сүйіспеншілігін көрсететін болған.
Әз-Наурыз – жалпақ жұрттың ғана емес, тұмса табиғаттың да төл мерекесі. Алты ай қыстан аман шыққан жан-жануардың аузы көкке тиіп, тал-терек бүршiк жарады. Ақ қарды жарып шығатын бәйшешектің өзі жаһанға жаңа жыл келді деп жар салады. Мерекелік шараның негізгі көрінісі де осы шуақты шақты еске салды. Жаңарған күн мен жаңару кезеңіне аяқ басқан қазақ елі үшін бұл мерекенің маңызы зор. Өйткені биылғы Жолдауға қарасақ, келешектің жаңғыруын көреміз. Президент: «Бірліктің арқасында, әлі биікті бағындырамыз», – деді. Төңірекке көз тастаған адам бұл сөздің салмағын түсінеді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:
-Еліміз жаңа белеске көтерілу үшін, Үшінші жаңғыруды орындау үшін барлығымыз бір адамдай болып жұмыс істеуіміз керек. Осы жолда барлығымыз тілеу тілейік. Айтып келе жатқан бұрынғының сөзі бар. 21-інен 22-сіне қарайтын түнде жер жүзін Қыдыр ата аралайды екен. Әр үйге басын сұғып кіреді екен. Сол кезде бақ орнайды екен.
Мерекелік салтанат этноауылда жалғасын тапты. Мұнда қаз-қатар ақшаңқаң киіз үйлер тігіліп, көктемгі мейрам тойланып жатты. Түрлі ұлыс өкілдері би билеп, ән салды. Мейрамның мәні көңіл-күйде емес пе?! Президент Нұрсұлтан Назарбаев та Ұлыстың ұлы күнінде ерекше көңілді болды. Мерекенің қызығын көруге келген жұрттың қарасы қалың болды. Әсіресе ұлт көшбасшысының қолын алуға ұмтылған балаларда қисап жоқ. Президент бүлдіршіндерді бір бірден шақырып, қолдарын алып, көңілдерін демеді. Арқан тарту, алтыбқан, қазақ күресі – мерекеде ұлықталатын ұлттық құндылықтар. Президент төл өнердің тамаша көріністеріне куә болды. Дәріптелген дәстүр, дүйім жұрттың да көңілінен шығып жатты. Осындай іс-шаралардан кейін ұлттық спорт түрі бұқаралық спортқа айналып, қазақ елінде жақсы дамиды деп ойлаймын.
Әлемдегі 30 аса ел дәл осы ұлық күнді өз дәстүрлеріне сай атап өтеді. Күллі шығыс жұрты Наурызды бірлік пен достықтың мерекесі деп біледі. Өйткені жаңа күн, жаңаша ойлап, кіршіксіз көңілден бастауды талап етеді. Сол себептен наурыз мерекесінде әр шаңарық қонақ күтіп, бір-біріне сый-сияпат жасап, көңіл кеңдігін білдіреді. Осылай ғасырдан-ғасырға жалғасқан ыстық ықыластар, қазақты тек ырысқа жетелегендей.
Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Әлібек Әлиев
5. Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы
Жай күндердің өзінде кептілістен көз ашу қиын еді. Бұл мерекеде тіпті көліктен тасбақа тез жүретіндей көрінді. Себебі бас шаһарға алыс-жақыннан ат арылтып келген қонақтардың қарасы қалың. Осындайда The Huffington Post басылымының басында отырғандардың болжау қабілетіне қалайша қайран қалмассың?!
Естеріңізде болар, олар туристерге арналған тізім шығарған. Яғни 2017 жылы әлемнің 17 еліне міндетті түрде саяхаттауды ұсынған. Солардың ішінде үшінші болып Қазақстан қара үзіп тұр. Мұндай шешімге келуге Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуі түрткі болғаны сөзсіз. Қазірдің өзінде 640 мыңнан астам билет сатылыпты. Айта кетсек, билеттерді сату ел территориясында ғана емес, сонымен қатар Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербор, Қазан, Новгород, Сочи секілді қалаларында да жүзеге асып жатыр. Әсілі, шетелдік меймандардың қызығушылығы Астана, Алматы сынды алыптарға ғана емес, Түркістан тәріздес тарихи мекендерге де ауып тұр. Әсіресе осы жылы келетіндер көп болуға тиісті. Себебі биыл Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы. 15 ғасырдан аса тарихы бар қоныстың әр тасы таңбалы. Айтылғаннан гөрі әлі ашылмағаны жетерлік.
Көне қала Наурыз мерекесінде қызыл-жасыл түске еніп, қыздай құлпырды. Түбі бір туысқан елдерден мыңға жуық қонақ келіп, екі-үш күндей қоныс қылды. Мұнда жиылғандардың дүбірі жер жарғаны соншалық, тіпті сеңгір көктегі бұлттардың өзі бұрала билегендей әсер қалдырды.
Күллі Шығыс жұрты жыл басын қарсы алды. Биылғы мереке түбі бір түркі халықтары үшін айрықша. Дүйім жұрт Мағжан ақын «Ер Түріктің бесігі» деп жырлаған Түркістанда бас қосты. Бірлігі мықтының білегі мықты. Бауырлас мемлекеттердің тілі, діні, ділі, тарихы мен әдет-ғұрпы ұқсас. Жарау атқа мінген 60 жігіт түркітілдес елдердің туын тұғырға алып шықты. Бұл ұғар жанға түркі әлемінің бірлігі біртұтас әрі мәңгілік екенін көрсету. Әз Наурызды Тұранда тойлаудың өзі жөні бар. ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен 2017 жылы көне Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Ұйым жоспары ауқымды.
Асқар Тұрғанбаев, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымындағы Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігінің өкілі:
-Болашақта 40-қа жуық шара жоспарланған. Ол шаралардың бәрі өзінің уақытымен ай сайын өткізіледі.
Қазақ елі 14 мемлекеттен келген меймандарды құшақ жая қарсы алды. Өлі разы болмай, тірі байымас. Рухани астанадағы Наурыз мерекесі Ахмет Ясауи бабамыздың басына тәу етуден басталды. Мұнда қазақтың 21 ханы, билер мен сұлтандар жерленген. Әмір Темірдің бұйрығымен салынған кесененің тарихы тереңде. Кіреберістегі тайқазан – бірлік, ынтымақ, тоқшылықтың символы. Ал кесененің маңы шағын этноауыл. Құдды бір XII ғасырдағы ежелгі Яссыға тап болғандай әсерде қаласыз. Қаз-қатар тізілген ақшаңқан үйлер. Алты ай қыстан аман шыққан ағайын шат-шадыман. Ағарған ішіп арқа-жарқа. Бұл күні араздасқандар татуласады. Ұлттық құндылықтар дәріптеледі. Алтыбақан маңында қызық қуған қыз-бозбала. Бозкілемде білекті палуандар белдесті. «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» атты шараның мәні зор. Сахналық көріністер бауырлас елдердің тарихынан сыр шертеді. Қыстаудан жайлауды бетке алған «Наурыз көштің» Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қалаға келуі көрерменнің жүрегінен орын тапты. Салтанатты шарада ТҮРКСОЙ ұйымы бұқаралық ақпарат құралдарын ескерусіз қалдырған жоқ. Түркі дүниесінің ынтымағын арттырудағы үлесі үшін «Хабар 24» телеарнасы марапатталды.
Арман Балтабайұлы, «Хабар 24» телеарнасының директоры:
-Арнаның ғана емес, жалпы «Хабар» агенттігінің бүкіл ұжымын осындай халықаралық дәрежедегі марапатпен шын жүректен құттықтаймын. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені кез келген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне мұндай марапат беріліп жатқан жоқ.
Көктеммен бірге жететін көне мейрамды халқымыз ежелден айрықша бағалайды. Шаттанған жұрт көкпар тартып, ат шаптырды.
Жаңару мен жасампаздықтың мерекесін халқымыз Алтайдан Атырауға, Іледен Тобылға дейінгі атырапта тұтас тойлады. Ең үлкені – Сыр бойындағы ұлан-асыр той. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 14 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілді. Пәтер иелерінің қуанышында шек жоқ.
«Дүниеге бір қозы келсе, бір түп жусан артық шығады» деген сөз бар. Ұлыстың ұлы күні Жетісу жұртынан жеткен сүйінші хабар еліміздің шартарабына шарлады. Алматы облысында екі миллионыншы тұрғын дүниеге келді. Кішкентай Нұрсұлтанның ата-анасына өңір басшысы Амандық Баталов жасаған ең басты сый - 2 бөлмелі пәтердің кілті.
Наурыз – мейірім мен молшылық, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Маңғыстаулықтар жыл бойы елімізде тек тоқшылық болсын деген ниетпен 5 тонна бауырсақ, 7 тонна палау және 3 мың литр наурызкөжені тегін таратты. Қарт Каспийдің жағалауында жиналған халық аста-төк бауырсаққа қарық болды. Көп балалы аналарымыз бен бейбіт күннің батырлары ұлықталды.
Гүлзабира Төлепова, «Алтын алқа» иегері:
-Батыр аналарымызды құрметтеп дастарханға шақырып жатыр екен. Үлкен рахметімізді айтамыз. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Елге ел қосылса құт. Ресейдің Астрахань қаласы мен Қалмақ Республикасынан бір топ қандасымыз мұнайлы Атырауға ат басын бұрды. Мақсаты – әз-Наурызды атажұртта елмен бірге тойлау. Шекаралас аймақтан келген бауырларымыз жұртпен қауышып, арқа-жарқа. Шеттегілердің ыстық сәлемін жетізді. Елдің риясыз алғысы мен ықылас-пейілі шексіз.
Хатимолла Ыдырысов, «Жерлестер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы /РФ/:
-Енді осында келіп көрген барлық қуанышымды балаларға айтам ғой.
Наурыз табиғаттың да төл мерекесі. Төрт түлік төлдеп, тал-теректер бүршiк жаратын кез. Айта берсе мерекенің қызығы көп. Биші, термеші, жыршы да осында. Білекті және өнерлі жігіттер олардан қалысар емес. Әр көктемнің өз жаңалығы бар. Наурыз ұмыт қалған салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Бұл – Тәуелсіздіктің басты жемісі.
Авторлары: Мырзабек Түсіпов, Әсем Қабылбек
6. Тасқынға тосқын
Ендігі кезек – көктемнің көңілсіздеу, көнерген ақпаратында. Көнерген дейтінім, ол құбылысты талай көз көрген. Жылда қайталанады. Сценарий – бір. Кешеден бері күн күрт жылынды. Біраз жерде жаңбыр жауып тұр. Онсызда қар қалың еді. Оған жылымық жауын қосылғаны қорқытады. Әсіресе әлгі су басу қаупі бар 918 елді мекенде ес қалмаған шығар?!
Қызылағаш пен Көкпектідегі көрініс әлі көз алдыңызда болар?! Ол кезде де құтқарушылар қауіпке қарсы тұруға алдын ала қам қылып, дәл биылғыдай шыныққан. Әрине, олар қызметіне салғырт қарайды деп санаудан аулақпыз. Ия, тілсіз жау тосыннан топалаң салады.
Алайда маза бермейтін бір сұрақ бар. Жыл сайын қайталатын апатты болдырмаудың амалын тасқын қаупі төнгенде емес, шіліңгір шілдеде неге ойламасқа?
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Сколько снега у нас вокруг. Буран. Сейчас всё в снегу. Мы должны в этом направлении работать и разработать специальную программу. Нужно строить мелкие дамбы и сохранить всё это в виде воды. Многие страны так живут. Весной, когда снег растает, ведь можно сохранить её, не дать вытечь рекою воды. Это ведь вода, которую можно использовать в сельском хозяйстве. Её можно использовать для полива, и для скота она пригодна.
2010-2016 жылдар аралығында төтенше жағдайлардың алдын алуға жергілікті жерден 17,9 миллиард теңге бөлінген. Бірақ оның өзі жеткіліксіз болып, кейін республикалық бюджеттен қосымша 30 миллиард теңге беріліпті. Ал биыл қазына қанша қаржысынан қағылуы мүмкін?
Апат айтып келмейді. Оны Қостанай облысындағы Суриков ауылының тұрғындары жақсы біледі. Былтыр 75 жылда болмаған қызыл су жайлаған.
Лидия әжей: «Сол кезде үйді тастай қаштық», – дейді. Бірақ қорадағы малын апаттан аман алып қалыпты. Ал тауықтарға қарауға мұршасы болмағаны анық. Қызығы сол, су басқанда жоғалып кеткен үй құстары түгелімен екі аптадан соң оралыпты.
Лидия Бугаёва, Суриков ауылының тұрғыны:
-Коровы отелилися, слава богу, ждём опороса. – Куры целы? – Ой, да куры мои целы!
25 үй ауласы су астында қалып, 500-ден астам адам қауіпсіз аумаққа көшірілген. 8 жастағы Иннаның су басқан үйде жалғыз қалғанын білген бойда ауыл әкімі Сағижан Камешов құтқарған болатын. Былтырғы тасқын су үлкен сабақ болды. Биыл үй шатырына дейін жеткен қалың қарды тазарту қыс бойы жүргізілді. Тұрғындар мен шаруашылық басшылары әлі күнге тынымсыз қар күреп жүр.
Қыс бойғы жауған қар бірқатар аймақты әбігерге салатын түрі бар. Шығыс пен батыс, солтүстіктегі облыстарға жылдағыдан бірнеше есе артығымен түсті. Ертіс өңіріндегі қариялар: «Дәл осындай жағдай шамамен 40 жыл бұрын болды», – дейді. Биылғы қыста түскен жауын-шашын жылдағыдан 2,5 есеге асып кеткен.
Синоптиктердің болжауынша, таяу күндері өңірде күн күрт жылиды. Сай саланы су басса, 50-ге жуық елді мекенге қауіп төнеді. «Осы ауылдардағы 10 мыңдай халықтың қауіпсіздігін қамтуға дайынбыз», – дейді мамандар.
Теріскейге де былтырға қарағанда екі есеге көп қар түсті. Шаһардағы Жұмысшы кенті қала іргесінде. Қызыл су басуы мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Бейімбет Ақмағамбетовтің көңілі алаң. Жыл сайын қайталанатын қызыл судан зәрезап күйге түскен.
Бейімбет Ақмағамбетов, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Көктем, күз уақытында біз осы екі ортадан батпаққа батып Панфилов көшесіне өтуге мәжбүр боламыз.
Өңірдегі Петропавл және Сергеев су қоймалары тіршілік нәріне толған. Үлкен Таранғұл көлі биыл тағы ернеуінен асса бірнеше ауыл, тас жол мен шойын жолдар су астында қалуы ықтимал. Күн күрт жылынса 95 елді мекенге қауіп төнбек.
Юрий Ильин, ҚР Ішкі Істер министрінің орынбасары:
-Үлкен Тараңғұл көлі бойынша мәселелер бар. Жоспар бойынша биыл мұнда су торабын салуды жоспарлап отырмыз. Жобалық-сметалық құжаттарды дайындау үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Ал бүгінгі күні суды уақытылы босату үшін екі арнайы құбыр салынды.
Табиғи апаттың алдын алуға жергілікті бюджеттен 560 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Былтырдан бері 70 шақырымдай бөгет салынды.
Қармен алысып жүргенде көктемгі нөсер де селдетіп келді. Екі күн толассыз жауған жауыннан бірнеше ауыл мен көшелерді су алды. Ақтауға іргелес Мұнайлы ауданында сегіз көшені лай басып, бір тұрғын үй суға кетті. Адам шығыны жоқ.
Алматы облысында жыл басынан бері 6 рет қар көшкіні болды. Абырой болғанда одан жапа шеккен ешкім жоқ. Бірақ қауіп әлі де бар. «Қазгидромет» дабылды ескерту жариялады. Облыс аумағында қар көшкіні жүруі мүмкін.
Дарынбек Байсариев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:
-Таулы аймақтарда 10-нан 40 пайызға дейін қардың қалыңдығы жылдағыдан көп. Оның барлығы «Қазселденқорғау», «Қазгидромет» мекемесінің гидропосттарымен бақылауда. Миллион кубтан артық қарлардың дер кезінде шығарылуына байланысты дәл қазір күні су тасу қаупі жоқ.
Оңтүстіктегі өзен сулары бастауын қырғыз жеріндегі су қоймаларынан алады. Былтыр Қырғызстандағы «Киров» су қоймасында су көп жиналып, тіпті ернеуінен аса жаздаған.
Көрші елден бастау алып, Жамбыл облысын көктей өтетін Талас өзені тасыған. Біраз жерді су шайып кеткен. Абырой болғанда ауылдар тасқын судан аман қалған.
Биыл тасқын судың алдын алу үшін қырғыздар қойма маңындағы Қош арнасын тазартуға жәрдем сұрады. Жамбыл облысы қолдау көрсетті. Ал Талас өзеніне тасталатын су арнайы кестеге сай жүргізіліп жатыр.
Кәрім Көкірекбаев, Жамбыл облысының әкімі:
-Биыл қар өте көп. Соған байланысты 510 миллион су жиналғаннан кейін оның кестесін жасап, су деңгейі өсетін болса, суды көбірек ашып, Талас облысының ауылдарына, Жамбыл облысының тұрғындарына ешқандай қауіпті жағдай болмау үшін келісімшартқа қол қойылды.
Тасқын судан қауіп Көкше жеріне де төніп тұр. Аймақта су басуы мүмкін деген 119 елді мекен бар. Оның біразы Астана іргесінде. Шаһардан 11 шақырым жердегі елді мекен әлі де қалың қардың құрсауында.
Балшекер Асқарбекова, ауыл тұрғыны:
-Акиматтан келіп әлі бір машина тазалаған жоқ. Бер өзіміз ақша жинап, трактор жалдап тазалаймыз. Бір адамнан 2-3 мыңнан жинаймыз.
Дәл осы ауылда 2 жыл бұрын көктемгі тасқыннан 315 үйді су шайып кеткен. Бұл жағдайдың қайталанбасына кім кепіл?
Малғаждар Таткеев, Целиноград ауданының әкімі:
-Аудандық бюджеттен қар шығаруға 42 млн теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда Целиноград ауданының елді мекендерінен 111 мың кубтан астам қар шығарылды.
Құзырлы сала мамандарының сөзіне сенсек, жағдай бақылауда. Техника мен адам күші де жеткілікті. Жедел әрекет ету топтары құрылған. Тасқын судың алдын алуға тас түйін әзір.
Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Тілеуқабыл Мыңжасар, Гүлмира Әбішева, Нұржан Мергенбай, Самат Қайырденұлы, Ақмарал Есімханова
7. Қазақстан көп векторлық саясатты ұстанады
Тоғандардың тасып, адам өмірін жалмап жатқаны өз алдына бір кем дүние. Ырысымызды арттырар суды ысырап қылғанымыз да қылмыс. Қазір әлемде 1 миллиардқа жуық адамның кеңезесі кеуіп отыр. Ал біз тұтынатын тіршілік нәрінің 44 пайызы сырттан келеді. Оған қоса, елде 8 ірі су алқабы болса, соның 7-уі трансшекаралық. Жалғыз «Нұра-Сарысу» бассейні біздің аумақтан аспайды. Қандай келісім болса да, қиын қыстау кезеңде әр ел өз мүддесі үшін қарекет қылмасына кепілдік жоқ. Сол себепті Мемлекет басшысы жауаптыларға 22 ірі су қоймасын салуды тапсырған. Бүгінгі таңда мамандар соның қамында.
Өзбекстанмен байланыстың берік болуы бұл мәселеде де маңызды. Өйткені біздің елге ағып келетін өзендердің көбі сол ала шапанды ағайынның атырабынан басталады. Олармен қарым-қатынасты прагматикалық тұрғыдан дамытсақ, мүддемізді қорғап қалуға мүмкіндік бар. Интеграцияланудан көрер игілігіміз де осы. Жалпы біздің халық қас болуды емес, дос болуды дәріптейді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:
-Ни с одни соседом у нас нет конфликтов, со всеми у нас ровные отношения. Казахстан проводит разновекторную политику, и это удобное место для проведения таких переговоров. Казахстан участвует в разрешении всех конфликтов. Мы участвуем в решении вопросов мира сегодня в СБ ООН. Мы первые в нашем регионе. Поэтому обращаются за миротворческими делами к Казахстану, и мы этим активно занимаемся. Мы инициировали совещание по мерам доверия в Азии, от нас исходит интеграция Евразийского союза, в ШОС участвуем мы, и так далее. Мы говорим об интеграции, о доверии и обо всем другом.
Қазақстан Біріккен Ұлттар ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Орталық Азияның күрделі мәселелеріндегі күрмеуді шешуге кірісті. Күнтәртібінде – Ауғанстан. Бұл ретте Өзбекстанмен өзара бірігіп, әрекет ету – әлділік. Себебі ала шапанды ағайынымыз Ауған елімен шекаралас. Яғни діни экстремизмнің әсерін қатты сезінеді. Сондықтан олар да қоңсыласының тыныштықта өмір сүргенін еріксіз қалайды. Бейбіт өмірдің берекетін алғандардың күні бітсе, шіркін! Әзірге әңгіртаяқ ойнатуды қояр емес. Осы аптада тұманды альбионды тұншықтырып кетті. Лаңкестер Лондонда ылаң салып, қаншама жазықсыз адамның өмірін қыршыннан қиды.
Қайғылы оқиғаға орай Мемлекет басшысы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Премьер-Министрі Тереза Мэйге көңіл айту жеделхатын жолдады. «Бұл қастандық әрекетті бүкіл өркениетті әлемге қарсы бағытталған террорлық акт деп санаймыз. Біріккен Корольдіктің халқы мен үкіметіне, сондай-ақ зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын», – делінген жеделхатта. Сонымен қатар Елбасы Қазақстан терроризмнің кез келген түрін қатаң айыптайтынын, халықаралық қоғамдастықты зұлымдықпен күресу үшін күш жұмылдыруға шақыратынын жеткізіпті.
8. Аяқталмаған құрылыс
АбҚазақстан 2010 жылдан бері үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Жеті жылда ірілі-ұсақты 961 кәсіпорын ашылған. Бұл дегеніңіз – 90 мың жұмыс орны. Жаңа технологиялармен жабдықталған өндірісте жұмыс істейтін мамандардың білікті болуы – басты талап. Міне, сол себепті автоматтандырылған өнеркәсіпте еңбек ете алатын, жаңа технологияларды қолдана білетін жас кадрларды дайындау ісі қолға алынған.
Мәселен, биылдан бастап кәсіптік-техникалық білім беру 100 пайыз тегін болмақ. Мамандық игеруге мүмкіндігі болмаған немесе қайта оқуға қамданып жүргендерге бұл әжептеуір жеңілдік. Бірақ осының өзінде көпшіліктің көзіне көріне бермейтін бір кілтипаң бар. Нақтырақ айтсақ, әлемдік стандарт негізінде салынуы тиіс колледждердің құрылысы әлі аяқталмай, қоршауында қара құлып салулы. Бұл көрініс қашанға дейін жалғасады? Биліктің ендігі амалы қандай болмақ? Оқу орындарының құрылысын кімдер жалғастырады?
Сырттай қарағанда сәулетімен көз тартар нысан. Бұл – Өскемендегі машина құрастыру колледжі. Құрылысы аяқталмай құрдымға кеткен оқу орнының қазіргі сиқы осы. Есігінде қара құлып. Әуелде білім ошағына қатысты жоспар ауқымды болатын. 700 орындық мекемеде студенттер техникалық мамандық бойынша оқып, кадр тапшылығын жою керек еді. Алты жылдың жүзі өтті. Ғимарат қашан пайдалануға беріледі? Көптің көкейінде жүрген сауал. Жылда алты ай қар астында қалатын нысанның іргетасы тозуда.
Ал бұл – Екібастұз қаласындағы болашақ энергетиктерді дайындайтын орталық. Бас-аяғы 700 студентке арналған. Оқу ғимаратының жанында 270 орындық жатақхана қаңырап тұр. Ғимараттың іргетасын бекіту – кезек күттірмейтін іс. Жерасты суларының салдарынан нысан қисаюы мүмкін. Қолдан-қолға өткен құрылыстың жыры көп.
Дәулет Шайпранов, облыстық құрылыс, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары:
-Жобаны әзірлеген кезде тапсырысушы Астанада, жобалаушы Алматыдан болған. Келіп жергілікті жағдайларды білмей, жерасты суларын есептей алмаған жобалау кезінде бірінші себеп сол. Екіншісі себеп, жобалау кезінде де өз кемшіліктері болған. Үшіншісі, 2 рет мердігер ауысқан.
Қалпына келтіру жұмыстары тағы ақша. Қазір мұнда күзетшілерден басқа ешкім жоқ. Қаңқасы ғана қаланған ғимараттардың жертөлесін мұз басқан. Жергілікті билік өкілдерінің қолы қысқа. Себебі құрылысқа қажетті қаржы түгелдей республикалық қазынадан бөлінген. Орта жолдан іске араласуға құқы жоқ. Әліптің артын бағып отыр. Ең қиыны – қайтадан мердігер табу. Тек Өскемен мен Екібастұздағы колледждердің құрылысына 7,9 млрд теңге жұмсалыпты.
Гүлжан Қарағұсова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бөлінген ақшаға жақсы колледжді құруға болады. Біз ақшаны қысқарттық. Бірақ бізге министр айтқан: «Ббіз тексереміз, бәрі жақсы болады, үлгереміз», – деп. Жарайды ақшаны қалдырдық. Сол Екібастұз колледжінде тек қана цементі, 3 млрд теңге қалды. Колледж жоқ, ақша жоқ.
Елімізде биылдан бастап кәсіптік-техникалық білім беру тегін. Теория мен тәжірибені ұштастырып, заман талабына сай білікті кадр даярлау міндеті – Президенттің тапсырмасы. Өскеменде машина құрастыру және Екібастұздағы отын-энергетика саласына арналған колледждер өңіраралық орталықтардың тізіміне енген. Әзірге жоспар қағаз күйінде қалып отыр.
Тек қана Атырауда мұнай-газ саласын дамытуға бағытталған орталық ашылды. Мекеменің жұмысына канадалық компанияның қосқан үлесі көп. Серіктестер өзара тиімді бағытты таңдаған. Шетелдік мамандар ағылшын тілінде сабақ өтеді. Дәрістің көбі тәжірибе жүзінде.
Нұрғали Аршабеков, ҚР БҒМ «Кәсіпқор холдингінің» басқарма төрағасы:
-Канаданың жетекші Оңтүстік Альбертоның технологиялық институты бірігіп даярлайды. Сондықтан олар 2 диплом алады. Екі жақтың кәдімгі куәлігін алады деп айтуға болады. Олардың ерекшелігі қарапайым ауылдың баласын қабылдап алғаннан кейін, оқуды бітірерде оны жақсы маман қылып шығарады. 6 баламыз шетелге кетті. Олар сол Ресейдің, Әзербайжанның компаниясында жұмыс істейді.
Мемлекет жоғары оқу орнына түсе алмаған түлектің жұмысшы мамандығын игеруіне жағдай жасамақ. Атырауда білім алатын студенттер шетінен әмбебап. Мұнай-газ саласынан бөлек, сұранысқа сай мамандықты игеруге қарсы емес.
Нұрбек Құбаев, техникалық колледждің студенті:
-Болашақта енді тек қана осы электр ғана емес, басқа да сварканың түрлерін үйренгім келеді. Ол күн сайын өзгеріп тұратын болғасын, оны алға қарай дамытып, жаңа аппараттармен, жаңа технологиямен жұмыс жасап үйрену керек.
Биыл мұнайлы Теңіз кен алабында 56 мың тонна металл қондырғысы құрастырылмақ. Соған мыңдаған дәнекерлеуші қажет.
Әу баста өңіраралық оқу орталығына жауапты мекеме тоқтап тұрған құрылысқа қатысты пайым жасауға құлықсыз. Айтуларынша, нысандарға түк қатысы жоқ. Бұған павлодарлық атқамінерлердің пікірі кереғар.
Дәулет Шайпранов, облыстық құрылыс, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары:
-Білім және ғылым министрлігі соған қарасты «Кәсіпқор» деген ұйыммен жоба әзірленіп, бұл жоба осы ақпан айының аяғында мемлекеттік сараптаманың қарастыруына тапсырылды.
Демек, тағы да күтуден басқа амал жоқ. Өскемендегі оқу орнына қатысты қаржының тапсырыс берушілер мен мердігер талан-таражыға салғаны анықталды. Істің соңы сотқа жетті. Колледждің алдағы тағдыры беймәлім.
Шығысқазақстандық жергілікті билік өкілдері үнсіз. Ал Білім министрінің жоспары өзіне мәлім.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Негізінде Білім және ғылым министрлігі ештеңе салмауы керек. Бұл міндетпен жергілікті атқарушы билік айналысуы тиіс. Сондықтан біз барлық құрылыс жұмыстарын соларға беру туралы шешім қабылдадық. Бұл – Өскемен, Екібастұз, Ақтаудағы колледждер.
Министр Сағадиевтің меңзеп отырғаны Астана, Алматы және Шымкентте салынатын кәсіптік колледждерге де қатысты. Бас ұстаздың сөзінен ұққанымыз біреу: Өскемендегі құрылысы тоқтап тұрған колледж облысқа беріледі. Сөйтіп аймақтағы жоғары оқу орындарының бірінің базасына өтпек.
Судың да сұрауы бар. Мемлекет ақшасын желге ұшырғандар жазасыз қалмақ емес. Жобаны кезінде қос қолдаған Мәжіліс депутаттары Екібастұз бен Өскемендегі оқу орындарына алаңдаулы.
Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Өкінішке қарай, сұраныс бар, бірақ іс сол қалпында қалды. Оны жергілікті бюджетке береміз деген, ол берілмей қалды. Себебі оны аяғына дейін бітіру үшін тағы да 2-3 млрд теңге қаржы керек көрінеді. Үкіметтің бюджеттің 2016 жылғы атқарылуы жөнінде есебі келеді. Сол жерде біз мұны тиянақты сұраймыз, қараймыз.
Екі колледж жергілікті биліктің қарамағына өтіп, инвестор табылған күннің өзінде жобалау жұмыстарын бәрібір күту қажет. Тағы қателесуге болмайды. Павлодар облысындағы өндіріс орындарында маман тапшы. Кеншілер қаласының өзінде 4 техникалық колледж бар. Бірақ жатақханада орын жоқ. Сондықтан «Серпін» бойынша оңтүстіктен келген студенттерді артығымен қабылдауға қауқарсыз. Екібастұздағы сақалды құрылыс аяқталса, мәселе шешімін табуға жақын. Жалпы, үдемелі индустриялдық-инновациялық даму секілді бағдарламаларды жүзеге асыру үшін елімізге білікті кадрлар қажет. Бәсекеге қабілетті, қолынан іс келетін маманға қашанда сұраныс бар.
Авторлары: Әсем Қабылбек, Ақмарал Есімханова, Ерсін Мұхамбеталин
9. «Серпіннің» серпілісі
АбзМемлекет болашаққа бағдар болар бағдарламаны жасауын-жасайды-ау. Тек соны жүзеге асыруда жүйесіздікке жол беретіндердің ісі жанға батады. Олар да жүгенделер бір күні. Бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру аясында қолға алынған тағы бір жоба – «Серпін-2050». «Мәңгілік ел» идесының шеңберінде 2014 жылы іске қосылған әлеуметтік жобаның мақсаты халқы тығыз орналасқан оңтүстіктің жастарын солтүстікке қарай ығыстыру еді. Үш жылда талай қазақ баласы оқуын бастады.
Мәселен, қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде төрт облыстың 570 студенті білім алуда. Бұйырса, олар он төрт мамандықты меңгеріп шығып, он төрт саланың сабын ұстамақ. Негізінен ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, инженерлік-техникалық мамандықтарға басымдық берілген. Сонымен «Серпіндіктердің» серпілісі қалай? Жоба жүзеге асқалы не өзгерді? Әлі нені өзгерту керек?
Бұл жастар – «Серпін» жобасы бойынша А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде білім алып жатқан оңтүстік өңір түлектері. Алды екінші курсты тәмамдауға тақау болса, соңғылары былтыр ғана жоғары оқу орынының табалдырығын аттаған. Елімізде «Серпін» жобасы жүзеге асырылып жатқанына биыл үшінші жыл. Осы аралықта бір ғана Қостанай мемлекеттік университетіне оңтүстік облыстардан 570 жас оқуға түсті. Солардың бірі – Бақдәулет Қасымбек. Қызылорда өңірінің тумасы қазір мемлекеттік грант есебінен Қостанайда ақпараттық технология мамандығын игеруде.
Бақдәулет Қасымбек, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ студенті:
-Менің мақсатым осы ақпараттық технологиялар факультетінде оқу болды. Өз мамандығым бойынша білім алып, әрі қарай жетілдіріп, осы Қостанай облысында жұмыс істеймін деген ойдамын.
Жанар Нұрпейісова, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ аға оқытушысы:
-Егер мен өзім эдвайзер ретінде оқу жағынан қарастыратын болсам, менің тобымда 25 студент грант иесі болған. Соның ішінде осы 2 жылда жетеуі үздікпен екі жылда оқуын бітіріп жатыр.
2014-2016 жылдары мемлекет осы жобаға 12 462 білім грантын бөлген. Оның 9 212-сі жоғары оқу орындарына, 3 250 орын техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне. Қостанай құрылыс колледжі де бұл бағдарламадан сырт қалған жоқ. Оқу орны 24 студент қабылдады. Олардың қатарында Оңтүстіқ Қазақстандық Бекжат Бажатай да бар. Болашақ техник-құрылысшы мұнда мықты маман болып қалыптасуға барлық мүмкіндік жасалғандығын айтады.
Бекжат Бажатай, Қостанай құрылыс колледжінің студенті:
-Бізге барлығы тегін жатақханамен жақсылап қарастырылған. Жататын орын, стипендиямыз беріліп отырады. Қазақстанның жақсы үйлерін салып, әрі қарай құрылысты дамытсақ деген ойдамыз.
Мағауия Қалиев, тілші:
-«Серпін» бағдарламасы бойынша Қостанай мемлекеттік университетінде білім алып жатқан 600-ге жуық студенттің барлығы жатақханамен қамтылған. Өзге өңірлерден келген өрендерге бұл тұрақ өз үйі, өлең төсегіне айналып кете алды ма? Жатақхананың жай-күйі, тұрмыс жағдайлары көңілдерінен шыға ма? Осы сұрақтарға жауап алу үшін біз студенттер үйіне бас сұққанды жөн көрдік.
Малика Әбдірахманова А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ студенті:
-Біз бұл үйді жатақхана деп айтпаймыз. Студенттердің үйі, яғни біздің ортақ шаңырағымыз. Мен осы бөлмеде тұрам. Негізі үш адам тұруға ыңғайлы, бірақ біз құрбым екеуміз тұрамыз. Бұл бөлме тұрмыстық заттармен қамтамасыз етілген. Ортақ ас үй, жуынатын бөлме және демалатын бөлмелер бар.
Елжас Абдулла, А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ студенті:
-Бұл – демалыс бөлмесі. Осы жерге келіп кез келген студент миын тынықтырады. Көрпе, жастықтарға келетін болсақ, барлығы қазақи. Әбден жерде жатып үйреніп қалғанбыз, сол кезде үйімізді елестетеді.
«Серпін» бағдарламасы – ішкі миграцияға үлкен қозғау салған жоба. Бұл бағдарлама халқы тығыз орналасқан өңір жастарын солтүстік аймақтарда тегін білім алуына және одан әрі еңбек етіп, тұрақтап қалуына жағдай туғызады. Сол арқылы бір жерде жұмыссыздық деңгейін азайтса, екінші бір жақта маман тапшылығын шешу мүмкіндігін жасап отыр.
Наужан Дидарбекова, ҚР БҒМ департаменті басқармасының бас сарапшысы:
-Бүгінгі күні жоба шеңберінде 8 мың 573 студент білім алуда. 2018 жылы жоба шеңберінде білім алған алғашқы түлектер оқу орындарын бітіріп шығады. Студенттердің кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, оларды одан әрі қызметке орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бұл жобаға жастар тарапынан қызығушылық зор. Мысалы, бірінші жылы бір орынға бес талапкер таласса, келесі жылы «Серпіннің» бір гранты үшін жеті түлек бағын сынады. Яғни бұл – мақсаты нақты, талабы зор жастардың жолын ашатын жоба. Сондай-ақ теріскей өңірлерде демографиялық ахуалдың оң өзгерісіне ықпал етері сөзсіз. «Серпін» бағдарламасы еліміздің экономикалық, әлеуметтік жағдайын дамытуға қай жағынан да тиімді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг