Владимир Зеленский: Донбасста кім басым түссе, Украинадағы соғыста сол жеңеді

  • 1614
  • 15.06.2022, 11:55

Оның айтуынша, украин әскері Харьков облысы үшін шайқаста көп сарбазынан айырылған. Ресей күштері аталған аймаққа бақылау орнату үшін барын салып жатыр. Бұдан басқа елдің оңтүстігінде де қиян-кескі ұрыс тоқтамай тұр.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Северодонецк пен оның маңындағы басқа қалалар мен елді мекендерде қиян-кескі ұрыс жүріп жатыр. Өкінішке қарай, біздің тарапта адам шығыны өте көп. Бірақ берілмейміз. Бұл – біздің мемлекетіміз. Әсіресе Донбассты ұстап қалу өте маңызды.

Ресейдің Қорғаныс министрлігі дәлдігі жоғары «Калибр» зымырандарымен Украина әскерінің зеңбіректерін және оқ-дәрісін жойғанын хабарлады. Бұдан бөлек бір ұшақ, бірнеше зымыран мен ондаған реактивті снаряд атып түсірілген.

Игорь Конашенков, РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- Соңғы бір тәулікте Ресей әуе күштері Славянск аспанында Украинаның «Миг-29» атқыш ұшағын және Снихуривкада «Ми-24» тікұшағын атып түсірді. Зеңбірек сақталған қойма талқандалды.