Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер қайта жанданды. Бұл соңғы үш жылда алғаш рет нақты нәтижемен жалғасып жатқан дипломатиялық диалог. Бір ерекшелігі меморандум жобасына ерекше назар аударылып отыр. Ресей тарапы Украинаға нақты ұсыныстарын қамтыған құжатты тапсыруға дайын екенін мәлімдеді. Дегенмен Мәскеу бұл құжаттың мазмұнын әзірге жария етпеді. Ал Украина бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Киев дайындаған жоба атысты тоқтату, яғни құрлықта, теңізде және әуеде қақтығысты доғару туралы тармақтарды қамтиды. Сондай-ақ халықаралық бақылаушылардың қатысуымен мониторинг жүйесін құру мәселесі де бар. Естеріңізде болса, алғашқы раундта "1000-ға 1000" формуласы бойынша әскери тұтқындармен алмасу жүзеге асқан. Үш күнде 1800-ден астам адам үйлеріне оралды. Бұл тараптар қаншалықты қиын жағдайда болса да, диалогқа бейілді екенінің айқын белгісі. Жоспарланған уақыттан 1,5 сағатқа кеш басталған келіссөздер аяқталды. Кездесу бір сағаттан сәл ғана астам уақытқа жалғасты. Оның нәтижесі кешірек жарияланады.
Кадир Челик, Анкара дағдарыс және саясатты зерттеу орталығының сарапшысы:
-Ресей мен Украина арасындағы соғыс – тек екі елдің қақтығысы емес, бұл НАТО мен Ресей, яғни Батыс пен Ресей арасындағы кең ауқымды геосаяси шиеленістің көрінісі. Ыстамбұлдағы келіссөздер – соңғы үш жылдағы алғашқы ілгері қадам, тараптардың бір үстел басына жиналуының өзі оң белгі. Алайда Украина тарапынан жасалған шабуылдар келіссөздердің мазмұны мен бағытына көлеңке түсіруі мүмкін. Соған қарамастан, Түркияның арағайындығы және келіссөз алаңы ретіндегі рөлі үміт отын сөндірмей отыр.