Мұнай бағасы өсті

  • 11
  • 09.03.2026, 21:40

Әлемде мұнай, газ бен алтынның бағасы құбылып тұр. Израиль, АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстың ушығуынан қара алтын құны күрт қымбаттады. Бағаның бұлайша құбылуына Ормуз бұғазы арқылы жеткізілетін мұнай танкерлерінің тоқтап қалуы себеп болған. Ал Үндістанда газ бағасы шарықтап барады. Баррелі 111 долларға дейін өскен. Алтын құны керісінше арзандаған.

Brent маркалы қара алтынның нарықтағы бағасы барреліне шамамен 111 долларға дейін жеткен. Бұл кейінгі төрт жылдағы ең жоғары өсім. Бағаның шарықтауы Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің күшеюімен байланысты. Әсіресе әлем мұнайының шамамен 20% тасымалданатын Ормуз бұғазы маңындағы дағдарыс нарықты алаңдатып отыр. Жағдайға байланысты АҚШ президенті Дональд Трамп мұнайдың қымбаттауын уақытша құбылыс деп бағалады. Оның айтуынша, Иранға қарсы операция аяқталғаннан кейін нарықтағы баға қайта төмендеуі мүмкін. Ақ үй басшысы мұны жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы уақытша шығын деп атады.

Үндістанда Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстың ушығу салдарынан сұйытылған газ бағасы шарықтап кетті. Рейтердің хабарлауынша, көгілдір отын құны бірден 7 пайызға өскен. Бір құтысы қазір 10 долларға судаланып жатыр. Елдегі мұнай өңдейтін ірі мемлекеттік компаниялар тарифтерін қайта қарастырды. Олардың арасында «Индиан Ойл», «Бхарат Петролеум» мен «Хиндустан Петролеум корпорейшн» бар. Айта кетейік, Үндістан сұйытылған мұнай газын импорттау бойынша әлемде екінші орындағы ел. Оның 90 пайызы Таяу Шығыс арқылы тасымалданады.

АҚШ долларының нығаюына байланысты алтынның құны керісінше түсіп барады. Осылайша, бағалы метал бүгін унциясына 5107 долларға саудаланды. Ал өткен аптада әлемдік нарықтағы алтын бағасы бір унция үшін шамамен 5150-5170 доллар аралығында құбылған еді. Енді алтынның 1 грамы 164,76 долларға бағаланып отыр. Сарапшылардың пікірінше, алтынға деген қызығушылық дәстүрлі түрде арта береді. Мәселен, инвесторлар капиталды сақтап қалуға барынша тырысады. «Десе де мұнай мен бағалы металдар бағасының бұдан былайғы динамикасы көбіне геосаяси жағдай мен әлемдік жетекші орталық банктердің шешімдеріне байланысты болмақ»,- дейді мамандар.