ДДСҰ: Коронавируспен күреске 31,3 млрд доллар қажет
ДДСҰ осылай деп мәлімдеді. Сарапшылардың айтуынша, қазір аталған қаржының тек 3 млрд-тан астамы ғана уәде етілген. Ал шұғыл шараларға 13 млрд-тан астам доллар қажет екен. Олардың бір бөлігі кедей елдерге диагностикалық тест пен емдеу құрал-жабдығын сатып алуға жұмсалмақ. Айта кетейік, «Коронавирусқа қарсы құрал-жабдыққа қолжетімділікті жеделдету» деп аталған шара сәуір айында басталған.
Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:
- Коронавирусты бақылауға алып, адамдардың өмірін құтқарып қалу үшін бізге өте көп көлемде тиімді вакцина мен дертті анықтау және емдеу құрал-жабдығы керек. Ал дәрі-дәрмек оларды сатып алуға мүмкіндігі бар адамдарға ғана емес, барлығына қолжетімді болуы тиіс.
Ал соңғы ақпарға қарағанда, әлемде коронавирусты жұқтырғандардың саны 9 млн 800 мыңға тақаған. Дерттен 493 мыңдай науқас көз жұмды. 4 млн 900-ден астам адам жазылып шықты. Ауруға шалдыққандар бойынша АҚШ, Бразилия және Ресей көш бастап тұр. АҚШ-та вирусты жұқтырғандар 2,5 млн-ға жуықтаса, Бразилияда науқастардың саны 1 млн 200 мыңнан асқан. Ал Ресейде вирусты 620 мыңнан астам адам жұқтырған.