Түркиядағы зілзала: үйінді астында 56 сағат жатқан ана мен бала жағдайы қалай?
Айтып келмейтін апат кезінде адам сенгісіз ғажайыптар болады. Тура бір жыл бұрын Түркиядағы жойқын зілзаладан кейін үйінді астында 56 сағат жатқан ана мен баланың оқиғасы шартарапқа тараған еді. Сәбиінің өмірін сақтау үшін анасының қолдан келген көмегі тек емізу болды. Ал құтқарушылар сол сәбидің шырылдап жылаған дауысын естіп, адамның қай жерде жатқанын тапқан.
Жаңа ғана жоғарыда құтқарушылар бүлдіршінді ата-анасына көрсетті. Міне, келе жатыр, қараңыз. 56 сағаттан кейін. 1,5 жасар Масал сәби шықты.
Осыдан тура бір жыл бұрын түрік арналары үш күннен кейін үйінді астынан құтқарылған Масал бүлдіршіннің хабарын осылай жариялаған еді. Ол табиғи апат кезінде 1,5 жаста еді. Анасының екіншісіне аяғы ауыр. Қаһраманмараштағы үйлері жермен жексен болған. Анасы мен қызы 56 сағат бойы қиранды астында өмір мен өлім үшін күресті.
1,5 жастағы қыз әкесінің құшағында...
Элиз Кыраччакалы, Каһраманмараш тұрғыны:
-Кішкентай батыр қыз ретінде халық таныды. Үйінді аcтында жатқанда бар ойым қолымдағы баламды аман алып қалу еді. Емізе бердім. Соңына дейін үміт болды. Іштегі баламды ойлауға мұршам болмады. Масал жылады. Су сұрады. Әлі түн ұйықта балам деп жұбатуға тырыстым. Масалдың жылаған дауысын құтқарушылар естіп келіпті. Оның дауысы бізді құтқарды. Аяқтарымды сезген жоқпын. Езілгенін ауруханаға барғаннан соң, бір-ақ білдім.
Тоң басқан суық жерде көмек күтіп жату оңай болған жоқ. Өзі әлсіз жатса да, балалары үшін күресті.
Элиз Кыраччакалы, Каһраманмараш тұрғыны:
-Екінші рет ана атану бақыты бұйырды. Жақындарым, жұбайым қасымда. Өкінішке орай бауырымды құтқара алмадық. Біз баспалдақтан түсіп бара жатқан тұста зілзалаға тап болдық. Құтқарушылардың өзі біздің тірі қалғанымызға таң қалды. Себебі баспалдақ ең қауіпті жер екен.
Өмер Кыраччакалы, Каһраманмараш тұрғыны
-Мен үйдің екінші қабатында, балаларым мен жұбайым бірінші қабатта еді. Жер сілкінісінен кейін тез арада шықтым. Отбасымды құтқару үшін қолмен үйіндіні қаза бастадым. 7-8 кісіні шығардым. Бірақ Элиз бен қызыма жете алмадым. Тас пен темірді қопаруға әлім келмеді. 3 күн бойғы сезімімді жеткізе алмаймын. Құтқарушылар шығарғанда қайта туғандай болдым. Өміріме бір мән келді.
Кыраччакалы отбасы үлкен сынақты еңсерді. Элиз болса, ананың балаға деген мейірімі шексіз әрі терең деген ұғымын дәлелдегендей.