Самарқанд мемлекеттік университетінде Абай атындағы ғылыми орталық ашылды
Өзбекстанның Самарқан мемлекеттік университетінде Абай атындағы ғылыми-мәдени орталық пен қазақ тілі және әдебиеті бөлімі ашылды. Бұл айтулы оқиға мәдениетаралық диалогтың маңыздылығын көрсетіп, білім беру бастамаларын дамытуға, сондай-ақ қазақ пен өзбектің жетекші жоғары оқу орындарындағы ғылыми әлеуетті нығайтуға тың серпін береді. Игі іске Өзбекстандағы Қазақстан елшілігі бастамашылық етіп, «Отандастар» қоры мен кәсіпкерлік құрылымдар қолдау көрсетті. Жалпы бұл - Абай атындағы қазақ педагогикалық университетінің атсалысуымен ашылған әлем бойынша жетінші орталық. Бұл кешен тек білім мен тәжірибе алмасу алаңына айналып қана қоймай, түркітілдес халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністік қатынасты дамытуға қызмет етеді. Бұл жерде енді қазақ тілі мен әдебиетін оқыту, дәріс өткізу жоспарланып отыр. Еске салайық, биыл қазақ педагогикалық университетінің базасында Әлішер Науаи атындағы тіл және әдебиет орталығы ашылып, шығармашылығын зерттеу және насихаттау ісі қолға алынған еді. Бүгінде онда өзбекстандық 150-ге тарта студент білім алып жүр.
Болат Тілеп, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры:
-Абай орталықтары бірінші рет ашылып жатқан орталықтар емес. Елшіліктер жанынан орталықтар бар. Біздің университеттің бастамасымен соңғы 2-3 жылда алғашқы ашылып отырған орталық. Бұл 1-2 күнде атқарылған іс емес. Мұның алдында бірқатар жұмыс атқарылды. Біздің өзбекстандық әріптестерінің үлкен қолдауымен іске асып отырған жоба.
Рустам Халмурадов, Ш.Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінің ректоры:
-Бұл оқиға Өзбекстанның мемлекеттік тіл күні мерекесіне тұспа-тұс келіп отыр. Әлгінде ғана іс-шарада сөз алған елші мырза да осы жайтты ерекше атап өтті. Біздің тілдеріміз бай әрі мемлекеттік мәртебені иеленген. Бұл ұғына білгенге үлкен құндылық. Тілі бар елдің мемлекеттілігі мәңгілік болады. Бүгінгі ашылып отырған орталық сол ұғымның нақты көрінісі. Менің ойымша, бұл жер қазақ пен өзбек жастарын тәрбиелеуге әрі рухани тұрғыда кемелденуіне жол ашады.