Астананың коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшті. 6 ауданды тазалауға 900 бірлік арнайы техника мен 2,5 мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылды. Өзге өңірлерде де ауа райы қолайсыз болуы мүмкін.
Синоптиктер: «Алдағы күндері елдің басым бөлігінде қар жауып, жел күшейіп, көктайғақ болады», - дейді. Тек батыста жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Ал солтүстік пен орталық өңірлерде күндіз -2-ден -10 градусқа дейін суытады. Ауа райының құбылауына байланысты мамандар ел тұрғындарына алыс сапарларды алдын ала жоспарлап, барынша сақ болуға шақырады.
Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ресми өкілі:
- Бүгінгі күні республикалық жолдарда 2700-ге жуық арнайы техника қызмет етуде. Биыл «ҚазАвтоЖол» компаниясы қысқы мезгілге алдын ала дайындалды. Осы уақытқа дейін біз 170 мың тонна арнайы тұз, 113 мың текше метр құм, 117 мың қиыршық тас, 1,3 мың тонна реагенттерді әзірлеп дайындадық.