Өскемендегі қатты дауылдан ағаштар құлады

  • 4
  • 05.08.2026, 19:45

Өскеменде бұршақ аралас жаңбыр жауып, дауыл тұрды. Салдарынан коммуналдық нысандар зардап шеккен. Желдің екпіні қатты болғаны сонша, көше бойындағы ағаштар да құлап, көліктерді басып қалған. Терезесін бұршақ тескен автомобильдер де аз емес. Қазір шығын көлемі анықталып жатыр.

Ауа райының күрт бұзылуынан 25 мың абонент электр жарығынсыз қалды. Бағдаршамдар істен шығып, кептеліс болған. Суағарлар нөсерге төтеп бере алмай, Михаэлис, Қазақстан мен Сафонов көшелерін су басты. Қаланың коммуналдық қызметі  күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді. Дауыл салдарын жоюға 300 адам мен 40 шақты техника жұмылдырылған.

Алмат Ақышов, қала әкімі:

- Секундына 28 метрге дейін жеткен қатты желдің, нөсер жауын мен бұршақтың салдарынан қалада қолайсыз жағдай қалыптасты. Қазір 25 мың адам жарықсыз отыр. Сонымен қатар 15 ірі ағаштың құлау дерегі тіркелді. Кейбір жолдар жабылып, бірқатар көшеде су ағызу жүйелері нөсер суын өткізіп үлгермей жатыр. Сондықтан тұрғындарды сабыр сақтауға шақырамын. Барлық авариялық бригадалар жұмыс істеп жатыр. Бүгіннің өзінде электр қуаты толық қалпына келтіріліп, жолдардың барлығы тазартылатын болады.