43 мың 407 теңге. Биыл әлеуметтік көмек алу санатына жататын әр оқушыға мектепке дайындалу үшін кем дегенде осынша ақша беріледі. Өтініштер мектептерде қабылданады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Алдын ала есеп бойынша аталған қолдаумен елімізде 500 мың бала қамтылады. Қазірдің өзінде 77 мыңнан астам оқушы үшін 3,4 млрд теңге аударылыпты. Ақша ата-ананың банктік есеп шотына жіберіледі. Бір талап – қаражат киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алу үшін ғана жаратылуы тиіс. Қажетті заттар мен өндірушіні таңдау азаматтардың өз еркінде.
Насымжан Оспанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің комитет төрағасы:
- Мұндай қолдауға кімдер ие бола алады? Тізімде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасынан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Сондай-ақ орташа табысы төмен отбасы мен жаңа оқу жылы қарсаңында төтенше жағдайға тап болған оқушылар да қаржылай көмек алады. Ол үшін ата-аналар мектеп директорының атына өтініш жазып, алған тауарлардың түбіртегін ұсынуы керек.