Қазақстанда тұңғыш рет Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясы өтіп жатыр

  • 2187
  • 03.09.2024, 19:42

Елімізде мемлекеттік қызметтердің 90%-тен астамы халық үшін мобильді құрылғылардан қолжетімді. Қазақстан әлемде цифрлық даму жағынан 30 мемлекеттің қатарында. Онлайн қызметтер бойынша 8-ші орында. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Азия–Тынық мұхиты министрлік конференциясында айтты.

Астанада ұйымдастырылған жиын 80 жыл бойы тек Бангкокта өтіп келген. Ал елордаға келген 30-дан астам елдің IT министрлері, сарапшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері саладағы мәселелерді талқылады. Оларға еліміздегі e-Gov электронды порталы және E-Otinish жүйесі көрсетіліп, апат қаупін азайту, өнеркәсіп және сауда, ауыл шаруашылығы саласындағы 27 жоба таныстырылды.

Жаслан Мәдиев , ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Бұл жиын жаңа технологияларды дамытып, ірі Big Tech компанияларын тарту үшін және IТ-шешімдерді әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Ал Astana Hub халықаралық технопаркі шешуші рөл атқарады. Одан бөлек, 400 шетелдік компания үшін қолайлы инвестициялық ахуал қамтамасыз етілді.

Армида Салсия Алишахбана, АТМЭӘК-тің атқарушы хатшысы:

- Бүгінгі жиын тек Қазақстан үшін ғана емес, Азия–Тынық мұхиты аймағынан жиынға келгендер үшін тиімді кездесу. Дегенмен Қазақстан – аз уақыттың ішінде технологиясы тез дамыған жасанды интеллект бойынша жастарды дайындап жатқан мемлекет. Оның ішінде Астана хабтың жұмысын айтуға болады.