Колледждерге 150 мың грант бөлінді

  • 150
  • 10.06.2025, 18:49

Екі аптадан кейін еліміздегі колледждерге талапкерлерді қабылдау басталады. Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы болғандықтан, талапкерлер үшін қосымша 7 мың білім гранты бөлініпті. Сондай-ақ нарық сұранысына сай жаңа мамандықтар ашылады. Мәселен, ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы, альдитивті қондырғылар операторы, робототехника, гибридті көлік механигі тағы басқа.

Осы бөлінген гранттарға сай қазір әр колледж талапкерлерді қабылдауға қам жасауда. Үміткерлер құжатты 25 маусымнан бастап тапсыра алады.

Назира Тоғайбаева, «Кәсіптік-техникалық колледж» ШЖҚ МКК директорының орынбасары:

- Біздің колледжде 11 мамандық бойынша оқытылады. Академиялық еркіндік аясында әрбір колледж нарық талабына сай мамандықтарды таңдауға және сол бойынша оқытуға толық мүмкіндіктері бар. 

Электромобль маманы - сол сұраныстан туған жаңа бағыттың бірі. Бұл колледжде былтыр сондай бір топ жасақтау жоспарланған. Ниет танытқандар қатары артқандықтан, бірден екі топ ашылыпты. 

Әлібек Жауылбаев, студент:

- Қазір жаңадан шығып жатқан машиналарды білесіздер. Қазір соны біз үйреніп жатырмыз. Колледжді бітіргеннен кейін өзімнің цехімді ашамын немесе автокомпанияларға жұмысқа түсемін.

Қазіргі таңда Қазақстанда 772 колледж жұмыс істейді. Оның 445-і мемлекеттік, 327-і жекеменшік. Олар 250-ден астам мамандыққа даярлайды. Бұл оқу орындарында жалпы саны 550 мыңннан астам студент білім алып жатыр.

Нұршат Айтбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бас сарапшысы:

- Сұранысқа ие мынадай мамандықтар енгізді. Олар ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы, жаңартылған энергетика жабдықтарының операторы, альдитивті қондырғылар операторы, холсмастер, робототехника.

Бұл тізім айтарлықтай үлкен. Наноматериалдарға негізделген өнімдерді өндіру, гибриттік мобильдерге техникалық қызмет көрсету тағы басқа болып жалғаса береді. Талапкерлердің кейбірі қазірдің өзінде колледждерге келіп, оқу бағдарламасымен танысуда.

Гүлсезім Сүйментай, талапкер:

- Мені қызықтырған веб-дизайнер. Олар әртүрлі тауарларға реклама жасайды. Қазір барлығы интернет арқылы көріп, тапсырыс жасайды.

Кәусар Жұмағали, талапкер:

- Модельер-конструктор мамандығы маған жарасады. Осы мамандық маған көбінесе қызықты. Осы колледжде сол мамандық бар ма? Иә. 

Биыл Жамбыл облысындағы Шу қалалық колледжінде алғаш рет агроном мамандығы ашылды. Оған 9 және 11 сыныпты аяқтаған талапкерлер қабылданады. Шәкірттер 3 жыл бойы жер қыртысын зерттеп, топырақтың құнарлығын анықтау тәсілдерін меңгереді. Тіпті мықты маман болу үшін аптасына үш рет алқап басында тәжірибелік сабақтар өтеді.

Тоғжан Мұсаева, колледж директоры:

- Бүкіл лабораториялық кабинетті оқулығынан бастап, түгел партасымен жасақтап берді. Жалпы облыс бойынша колледждердің ішінен бізде ғана бірден-бір осы Шу колледжі инвестициямен мамандық ашып отыр.

Еліміздегі колледжерге былтыр 143 мың грант бөлінген. Биыл ол 7 мыңға артып, 150 мың орынға ұлғайтылыпты. Гранттың 70 пайызы техникалық мамандықтарға үлестірілген.

Ердәулет Ыбырайұлы, Дархан Күнтуов