Қазақстандық ғалымдар тиімді батареялар ойлап тапты

  • 10
  • 06.08.2025, 18:48

Әлем бойынша тасымалданатын қуат көзіне деген сұраныс артып келеді. Осы ретте қазақстандық ғалымдар батареялардың тиімділігін арттыруға арналған материал ойлап шығарды. Бұл ғылыми жаңалық дәлелденіп, арнайы патент алынды. Бүгін Астанада өткен халықаралық конференцияда әлемдік деңгейдегі зерттеушілер назарына ұсынылды.

Литий, никель, графит және натрий. Батарея өндірісінде қолданатын негізгі материалдар осы. Бірақ электронды құрылғымен гаджеттің түріне қарай олардың жасалу әдісі өзгеруде. Нарық неғұрлым ықшам, бірақ ұзақ қызмет ететін және қауіпсіз қуат көзін талап етуде. Осы бағытта зерттеу жүргізген отандық ғалымдар батареялардың тиімділігін арттыруға арналған материал алудың бірнеше технологиясын жасапты.   

Жұмабай Бәкенов, Энергетика және жаңа материалдар орталығының директоры:

- Біз ол бойынша патент алдық. Олар коммерцияландыруға дайын. Енді осы өнертабысты өндірістік жолға қою үшін инвестор іздеудеміз. Біздің әдіс экономикалық тұрғыдан өте тиімді. Мәселен, бұрын тоннасы 5 доллардан сатылған шикізатты дайын материал түрінде экспорттасақ бір мың доллардан саудалауға болады. 

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда ондай шикізаттың қоры және батерея жасауға арналған өзге де металдар қоры жеткілікті. Ал әлемде оларға деген сұраныс жыл сайын артуда. Сондықтан болар бізде бұл саланы зерттеушілер қатары көбейген.    

Мұрат Бөлегенов, Зертханалық құрылғылар компаниясының өкілі:

- Зертханалар Қазақстанда өте көп. Олар тек қана зертханалармен шектелмейді. Осындай зерттеушілерге біз 894 құрылғы сатқанбыз. Жалпы жылдан жылға қызығушылық артып келеді. 

Қазір батарея нарығының жылдық айналымы 200 млрд доллардан асты деп бағаланып отыр. Оның негізгі өндірушілері Қытай, Жапония мен Корея. Бүгінгі жиынға сол компаниялардың өкілдері де қатысты. Олар қазірдің өзінде отандық ғалымдар жасаған технологиямен өндірілетін өнімді алуға қызығушылық танытуда. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Қайрат Колянбеков