ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігі» бірлесіп ұйымдастырған білім жарысына өңір бойынша аудан, қала деңгейіндегі кезеңдеріне барлығы 200-ге жуық бала қатысқан. Соның ішінен іріктелген 20 оқушы облыстық сайыста бақтарын сынады. Үздік шыққан 5 оқушы республикаға жолдама алды.
Үздік шыққан бес үміткердің бірі – Ерасыл Өтегенов. Ол осы сайысқа Степногорск қаласынан келген. Өрелі өрен сайысқа қатысқан оқушылардың ішінде ең жоғары нәтиже көрсетті. Болашақта техникалық саланың маманы болуды армандайды. Ерасыл Өтегенов, Степногорск қаласы №4 мектеп-лицей-интернатының оқушысы:-Жалпы мен болашығымды инженерия саласымен байланыстырғым келеді. Себебі менің ой өрісім осы математикалық, техникалық жаққа жақын болғандықтан Отаныма бір пайда әкелетін сала болғандықтан таңдап тұрмын. Облыстық кезеңде үздік нәтиже көрсеткен оқушының бірі –көкшетаулық Зарина Жүсіпова. Ол осыған дейін де зияткерлік сайыстарда сан мәрте топ жарып, жеңімпаз атанған.Зарина Жүсіпова, Көкшетау қаласы №14 мектептің оқушысы:-Осы жобаның басында мен өзіме үлкен жауапкершілік, қобалжу да болды. Сондықтан осы ойында мен өзімнің логикалық ойлауымды, өзімнің шыдамдылығымды және тез шешім қабылдай алатынымды бірінші өзіме және басқаларына көрсеттім.Аян Сұлтанбек болса Зеренді ауданына қарасты Ақадыр ауылынан келіпті. «Осындай зияткерлік ойындар ауыл балаларының елге танылуына жол ашады», – дейді ол. Аян Солтанбек, Ақадыр ауылы мектебінің оқушысы:-Жалпы бізде мында қала ауыл деп бөлінгенімен берілетін білім бір және де ол балаға байланысты деп ойлаймын. Яғни бала қаншалықты дайындалса, соншалықты жемісін береді. Сәния Сұлтанова мен Қуатбек Нұрсерік те республикалық сынға жолдама алды. Олар өздеріне жүктелген жауапкершіліктің салмағын сезінеді. Сәния Сұлтанова, Есіл қаласы №3 мектептің оқушысы:-Ол әрине де үлкен жауапкершілік. Ақмола облысының атынан намысын қорғап, барлық республика алдын сөз сөйлеу ерекше мүмкіндік. Мен бұл жарысқа 10-сыныптан бастап армандап, жарысқа қатысамын деген сеніммен келіп, осы облыста орын аламын деген сеніммен келдім. Қуатбек Нұрсері, «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы:-Маған «Хабар» арнасы қатты ұнайды. Ол жерде жаңалықтар көп көрсетеді. Өте өзекті жаңалықтар. Ең бастысы әділ. Осы жаңалықтардың арасында осы бағдарлама шығып келеді. Мен соны көріп, қатты қызықтым. Сол қызыққан соң қатысқым келді. Оқушылардың ендігі мақсаты Алматыда өтетін басты сында жеңіп шығып, өңір намысын абыроймен қорғау. Ол үшін арнайы дайындық жұмыстары жүргізілмек. Еркін Оразов, «Ақмола дарыны» орталығының жетекшісі:-Былтыр да 5 оқушы қатысқан болатын. Енді өкіншке орай орындар болған жоқ. Десек те біз ол олқылықтарды қарап, аудандардағы әдіскерлермен жұмыс істеп және сол қатысқан балаларды тартып, қандай сұрақтар болды, қобалжу болды түсірілім кезінде. Олардың уақыттары болады екен. Бір уақытта екі оқушы, түстен кейін үш оқушы. Сондай кішкене біз ескермеген жағдайлар болды. Биыл ескеріп, одан гөрі жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамыз.Дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған зияткерлік ойынды Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігі бірлесе ұйымдастырып отыр. Мұндай жарыстар оқушылардың жан-жақты дамуына зор ықпал етері сөзсіз.Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный