Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қытай - Орталық Азия» баспа орталығы ашылды. Орталықтың қызметі бірнеше стратегиялық бағытты қамтиды. Біріншіден, Қытай мен Орталық Азия елдерінің ғылыми және әдеби туындыларын өзара аударып, жариялауға мүмкіндік туады. Екіншіден, бірлескен академиялық зерттеулерді жандандырып, ғылыми басылымдарды дамыту көзделген. Үшіншіден, жас ғалымдар, аудармашылар мен баспа мамандары үшін жаңа кәсіби мүмкіндіктерге жол ашады.
Шара аясында «Трансшекаралық өзендерді халықаралық-құқықтық реттеу» атты үштілді монографиясының тұсауы кесілді. Бұл «Қазақ университеті» баспа үйі мен «Қытай – Орталық Азия баспа орталығының» алғашқы бірлескен жобасы. Шараға Сиань Цзяотун университетінің жетекші профессорлары мен баспа ісінің сарапшылары, дипломатиялық корпус өкілдері мен белгілі ғалымдар жиналды.