Диқанның цифрлық көмекшісі. Қызылордалық студент ауыл шаруашылығына арналған бірегей AI-платформа әзірледі. Жасанды интеллект институтының жас маманы жасаған жүйе 10 жылдық деректерді сараптай отырып, егіс науқанын жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл технология топырақ құнарлылығы мен өнімділік мәселесін қалай шешеді?
Қызылорда облысындағы суармалы жерлердің 80 пайызы тұзданған. Ғалымдардың айтуынша, топырақ құнары жыл санап төмендеп, табиғи қарашірік мөлшері азайған. Басты себеп - агротехникалық талаптардың сақталмауы.
Әсет Тоқамысов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
-Топырақтың органикалық бөлігі, жаңағы гумус деп айтамыз ғой, әубастан өзі бір 3-4 пайыз болатын болса, қазіргі уақыттарда сол 1 пайыздың көлемінде ғана болып қалды. Кейбір жерлерде 1 пайызға жетпейтін де шығар. Қызылорда облысында 280 мың гектар суармалы егіндік жер бар. Қазір біз 190 мың гектарын ғана пайдаланып отырмыз.
Тығырықтан шығар жолды ғалымдармен қатар, болашақ lT мамандар да зерттеп жатыр. Солардың бірі Қызылордадағы жасанды интеллект институтының студенті Нұрдәулет Дүзенов диқандарға арналған бірегей AI-платформа әзірледі. Жүйе ауа райы болжамын, топырақ құрамын және спутниктік суреттерді сараптай келе шаруаға дайын жоспар ұсынады.
Нұрдәулет Дүзенов, жоба авторы:
-Бұл диқанның цифрлық көмекшісі. Бағдарлама егіс науқанынан жиын-терімге дейінгі процесті есептеп береді. Шығынды азайтып, өнімділікті арттыруға, тіпті өсімдік ауруларының алдын алуға мүмкіндік береді. Фермер алдағы жоспарын нақты біліп отырады.
Платформа аймақтың агросаладағы соңғы 10 жылдық деректер базасына негізделіп жасалған. Сондықтан жүйенің қателік жіберу ықтималдығы өте төмен.
Нұрлан Құлмырзаев, Жасанды интеллект институтының директоры:
-Бұл шешімдер бірден аспаннан алынып тұрған жоқ. Мұның артында осы 10 жылдық көлемдегі тәжірибелерді жинақтап, яғни датасеттер жиналып және болашақта алдағы жарты жылда болатын осы ауа райының болжамдарын ала отырып шығарылған үлкен мәліметтер.
Қазіргі таңда жас өнертапқыш жобаны одан әрі жетілдіріп жатыр. «Егер цифрлық жүйе толық іске қосылса, аймақта агроөнімді арттыруға ықпал етері сөзсіз»,-дейді жоба авторы.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин