Қызылордалық мектеп оқушылары көру қабілеті нашар балалар үшін ерекше оқулық жасады. Олар сабақты қызықты суреттермен түсіндіретін инклюзивті комикс ойлап тапты. Енді зағип балалар қиын тақырыптарды жай ғана оқып қоймай, кейіпкерлерді қолмен ұстап, сезіне алады. Бұл жобаның ерекшелігі неде?
Күрделі ғылымды комикс арқылы түсіндіру – әлемде бар үрдіс. Бірақ оны көру қабілеті шектеулі балаларға арнап жасау – тың жаңалық. 11 сынып оқушылары Лағыл мен Торғын осы жоба аясында инклюзивті білім беруге қатысты бірқатар мәселені шешу жолын ұсынып отыр.
Торғын Ерланқызы, оқушы:
- Мемлекетіміздің осы стратегиялық бағыттарының біріне инклюзивті білім беру саласын дамыту енген. Десе де, білім беру жүйесіне, үрдісіне мән беретін болсақ, ол жақта бірқатар қиындықтардың пайда болғанын қарап отырмыз. Мәселен, осы кейбір материалдар жетіспейді немесе ол материалдар оқушыға түсінуге қиын болады.
Оқушылар жасаған оқулықтағы әр сурет арнайы бедерлі принтермен басылған. Яғни бала саусақ ұшымен сипау арқылы кейіпкердің түрін, тұрған жерін сезіп, сюжеттің ішіне кіріп кетеді. Ал кейіпкерлерді салуға жасанды интеллекті пайдаланған.
Лағыл Амангелді, оқушы:
- Бұл тек айтып өткендей, эволюция тақырыбында жазылған ғой, алайда біз келешекте комиксімізді дамытып, бірнеше тақырыптарға арналған, яғни осы жаратылыстануда қамтылған оқушылар көбіне түсіне бермейтін салаларды аламыз. Мысалы, физика, математика деген пәндерді де қарастырамыз.
Оқушылар комикстің арнайы мобильді қосымшасын да әзірлеп жатыр. Көзі көрмейтін баланың есту қабілеті өте жақсы дамитынын ескеріп, әр комикске аудио-дыбыс қосқан.
Арай Нұрбаева, жоба жетекшісі:
- Оқушыларымның жасап жатқан қосымшасы осы комикс форматындағы мультисенсорлық оқыту құралын толық онлайн түрге бейімдейді, яғни электронды түрде олар қосымша арқылы осы комиксті оқи алады. Онда Брайль қарпімен беттерін арнайы шығарып алуға да болады немесе онлайн аудио флипбук арқылы сол комикстің аудио жазбасын тыңдауына да болады.
Оқушылар комиксті ағылшын тіліне аударып, ауқымын кеңейтпек. Осылайша ізденімпаз өрендер күрделі ғылымды барлық балаға қызықты етіп түсіндіруге өз үлестерін қосып отыр.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев