ҰБТ-2026: биыл 85 мың білім гранты бөлінеді

  • 6
  • 19.05.2026, 19:56

Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы аптасында 86 заңбұзушылық тіркелді. 46 талапкер смартфон, құлаққап және өзге де тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін аудиториядан шығарылды. Тағы 40 адамның емтихан кезінде ереже бұзғаны анықталып, нәтижелері жойылды. Биыл 85 мыңға жуық мемлекеттік білім грантын бөлу көзделіп отыр.  

Жігер Серік - мектеп бітіргелі отырған түлектердің бірі. Көңілінде қимастық сезім де, алдағы күнге алаңдау да бар. Болашақта техника саласында еңбек етуді армандайды. Былтырдан бері бейінді пәндерін анықтап, дайындықты күшейткен. Өзі көпбалалы отбасының тұңғышы. Қазір сабақтан тыс, тестілеуге даярлайтын оқу орталығына барып жүр. 

Жігер Серік, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінің оқушысы:

-Мен қаңтар ҰБТ-сында 103 балл жинадым. Мен үшін ол ең жақсы көрсеткіш еді. Ал наурызға келсек, наурызда да сондай жоспар құрып, тағы, тағы асырамын деп сол 113 жинадым. 

Елімізде негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу 10 мамырда басталды. Биылғы науқанға қатысу үшін 446 мыңнан астам өтініш қабылданған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 47 мыңға көп. Талапкерлердің 74 пайызы - қазақ, 26 пайызы орыс, 891 бала ағылшын тілінде тапсыруға өтініш берген.

Биылғы тестілеу әдеттегі форматта өтеді. Оның барысында талапкер 120 сұраққа жауап беруі тиіс. Тестілеудің ұзақтығы 4 сағатқа дейін созылады. Ал ерекше қажеттілігі бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт берілмек. Ең көп балл 140 балл құрайды. Сонымен қатар тест тапсырушының сынақ аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде аппеллияцияға беру мүмкіндігі бар.

Наужан Дидарбекова, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:

- Шекті баллдар үлгілі қағидаларда көрсетілген. Олар 50 баллды құрайды, 60 баллды құрайды әрбір жоғары оқу орнына байланысты. Сонымен қатар педагогика және құқық бағыты бойынша 75 балл – шекті балл, ал медицина бағыты бойынша 70 баллды құрайды. Педагогикалық мамандықтарға түсетін болса, шекті балл 75 болса оның ішінде Қазақстан тарихынан мысалы ол 5 баллдан төмен болмау керек. Оқу сауаттылығы мен математика сауаттылығынан 3 баллдан кем болмау керек. Бейіндік пәндерден 5 баллдан кем болмау керек деген іштей өзара тағы да шектік межелер болады.  

Негізгі ҰБТ шілдеге дейін жалғасады. Ал мемлекеттік гранттар конкурсына өтініштерді қабылдау шілденің 13-і мен 20-сы аралығында жүргізіледі.

Жандәулет Құдайбергенов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің басқарма басшысы:

- Биылғы оқу жылына министрлікпенен 85 мыңға жуық білім беру грантын бөлу жоспарлануда. Оның ішінде бакалавриат деңгейіне 72 мыңнан астам білім беру гранты, магистратурада 10 мыңнан астам білім беру гранты және доктурантурада жыл сайынғы дәстүр бойынша 3 мыңнан астам білім беру грантын бөлу жоспарлануда. Жалпы мемлекеттік тапсырыстың 60 пайыздан астам бөлігі ол техникалық мамандықтарға, инженерлік мамандықтарға бөлінеді.

Одан бөлек, 20 пайызға жуығы педагогикалық мамандықтарға бөлінеді. Қалғаны қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, өзге де салаларға беріледі. Тау-кен, энергетика, ақпараттық технология бағытында кадрлар даярлауға да баса көңіл бөлінбек.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Руслан Тәуірше