Қазақстандық талапкерлер арасында Ресейдің жоғары біліміне қызығушылық артып келеді. Қазір 55 мыңнан астам қазақстандық студент Ресей университеттерінде білім алуда.
Биылғы оқу жылында қазақстандықтар үшін Россотрудничество желісі арқылы 800 грант бөлінген. Сонымен қатар Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы жыл сайын 125 студент пен 40 магистрантқа грант ұсынады. Омбыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалына да 50 талапкер тегін негізде қабылданған. Екі ел арасындағы білім беру ынтымақтастығы аясында 90-нан астам қос диплом бағдарламасы жүзеге асып, ондаған ғылыми жоба қолға алынған.
Наталья Калашинкова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы:
- Әртүрлі бағыттар бойынша ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Әсіресе математика, кибернетика, есептеу математикасы, экология және филология салаларындағы білім беру бағдарламаларына сұраныс жоғары. Бұл бағыттар бойынша гранттық қолдау да кеңінен қарастырылған. Айта кету керек, Қазақстан бұл филиалды алғашқылардың бірі болып ашып, мамандар даярлауға мемлекеттік грант бөлген алғашқы елдердің қатарында.