Жаңа оқу жылына 89 мыңнан астам грант бөлінді

  • 6
  • 06.08.2026, 19:51

Ертең түстен кейін сағат 15:00-де мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысы шығады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады. Талапкерлер мен ата-аналар күткен ақпарат ведомствоның ресми ақпарат ресурстарында жарияланады. Белгілі болғандай, 2026-2027 оқу жылына 89 457 грант бөлінген. Оның 75 мыңға жуығы бакалавриат бағдарламаларына қарастырылған. 60 пайызы инженерлік-техникалық, 20 пайызы педагогикалық, тағы 20 пайызы басқа бағыттарға бөлінген. Жалпы конкурсқа қатысу үшін талапкерлерден 126 мың 959 өтініш түсіпті. «Аударма ісі», «Халықаралық қатынастар», «Құқық», «Психология» және «Қаржы» мамандықтарына сұраныс жоғары. Гранттарды бөлу кезінде негізінен еңбек нарығына қажет мамандарды даярлауға басымдық берілген. Өтініштерді қарау барысында - Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі, таңдалған білім беру бағдарламасы мен жоғары оқу орындары, сондай-ақ заңнамада қарастырылған квоталар ескерілген.