Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысындағы аурухана ғимараты қашан жөнделеді?

Маңғыстау облысындағы жалғыз тері-венерологиялық диспансер тозып тұр. Ғимарат 1963 жылы салынған. Соңғы рет мұнда 15 жыл бұрын жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Мәселе қашан шешілмек? 

Осыдан 62 жыл бұрын пайдалануға берілген ғимараттың тозығы жеткені соншалық, қабырғалары жарылып, сылақтар түсіп жатыр. Дегенмен жұмысын тоқтатпаған. 50 адамға арналған емдеу орнына келетін науқастар легі толастар емес.

Татьяна Лаврова, «Маңғыстау облыстық тері-венерологиялық диспансері» ШЖҚ МКК директорының міндетін атқарушы:

-Мұндай жағдайда жұмыс істеу оңай емес. 2017 жылдан бері сан рет хат жазып, жаңа ғимарат сұрап келеміз. Өйткені бұл ғимарат 1963 жылы салынған және тұрғын үйлердің ортасында орналасқан, бұл да ыңғайсыз.

Диспансерде 4 дәрігер мен 22 медбике жұмыс істейді. Соңғы жылдары ғимаратқа тек косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Жәния Ізімова, дәрігер:

-Бұл ИФА кабинетіміз. Көріп тұрғандарыңыздай, төбеміз үгітіліп жатыр. Күнде жинастырамыз. Ал жаңбыр жауса, аппараттарды жабамыз. Өйткені төбеден су ағады.

Бұл жағдайдан облыстық денсаулық сақтау басқармасы да, жергілікті билік те хабардар. Биыл бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлініп, 11 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының мәліметінше, мұнда еденнен бастап төбеге дейін толық жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Инженерлік инфрақұрылым, электр желілері мен құбырлар да ауыстырылады.

Бибізада Дүйсенбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

-Биыл толық реконструкциясы бар, жаңағы күрделі жөндеу жұмыстары бар, яғни осы жылдың аяғына дейін аяқталып бітуі керек. Қазір алдымыздағы наурыз айында толық тендерлік құжаттары барлығы өтеді.

Сондай-ақ биыл Жаңаөзен қаласындағы №3 емхана мен медициналық колледжге және Маңғыстау облысындағы бірнеше ауылдық дәрігерлік амбулаторияға жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Тамара Степанова, Ренат Досалиев