Ұлттық ғылыми онкология орталығы: 6 айда қанша науқасқа ота жасалды?

  • 12
  • 12.08.2025, 18:38

Елде қан мен лимфа жүйесінің онкологиялық ауруы бар 13 мың науқас есепте тұр. Жыл сайын олардың саны 2,5 мыңға өсіп барады. Дәрігерлер шекара асып ем іздейтіндер азайғанын айтады. Себебі отандық медицина дертпен күресуге қауқарлы. Қазақстанда сүйек кемігі трансплантациясын жасайтын жалғыз Ұлттық ғылыми онкология орталығы бар. Соңғы алты айда қанша науқасқа операция жасалды? 

Ақтау қаласының тұрғыны Атабай Арнатқа 5 жыл бұрын «жедел лимфобластты лейкоз» яғни қан қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Ем іздеген ол батыстан елордаға келіп, Ұлттық ғылыми онкология орталығының қызметіне жүгінген.

Атабай Арнат, науқас:

-Қызу көтерілді. Сүйектерім ауырды. 24 сағаттың 18-інде тек ұйқы болды. Әлсіздікпен. Мен бұл ауруды 2020 жылы білдім. Сол жылдан бастап менде стандартты түрде химиятерапия болды. Ол біткеннен кейін 5 курс алдым. 

Арнат 4 жыл бойы дәрігерлердің бақылауында болып, арнайы ем-дом қабылдап келген. Алайда дерттің қайта дендегенін дәрігерлер растап отыр.

Таңсық Серғазы, «Ұлттық ғылыми онкология орталығының» гематолог-дәрігері:

-Блинатумомаб бір курсынан кейін пациент ремиссияға шықты. Одан кейін блинатумомабты біз жалғастыра бердік. Яғни курс бізде 28 күн болады. 24 сағат бойы үздіксіз терапия алынады. 14 күн үзіліске науқасты шығарамыз. Негізі 4 курс блинатумомабты пациенттер алуы керек. 4 курстан кейін пациенттерді сүйек кемігі функциясын жасап, анықтап отырамыз.

Орталықта соңғы алты айда 1400-ден астам қан ауруы бар науқас емделіп, 60 сүйек миын алмастыру операциясы жасалған.

Әсет Құттымұратов, «Ұлттық ғылыми онкология орталығының» гематолог-дәрігері:

-Миелома, жедел лимфобластты лейкоз және созылмалы миелоидты лейкоз деп айтамыз. Соның барлығы осы жерде диагноз қойылады. Кейін емдеу науқастарға тағайындалады. Бізде қанның рак ауруы болғандықтан, ол барлық жерде бар, сол себепті бізде лейкоз күрделі ауру болып саналады. Емдерде созылмалы, ұзақ уақыт керек ететін, күрделі этаптардан өтетін мәселе болып табылады. Бұл жерде негізгі емнің мақсаты бласттық лейкоздық клеткалары 90% болған науқастарды 5%-дан төмен түсіру және осы ісік жасушаларын толық жою. 

Қазір 45 науқас операцияға дайындалып жатыр. Ал қан мен лимфа жүйесінің онкологиялық ауруы бар 13 мыңнан аса адам есепте тұр. Бұрын науқастарға арналған 6 палата болса, қазір оның саны 15-ке жеткен.

Диана Қадыр, Дархан Кунтуов