Ақтөбе облысында қайтарылған активтерге ауруханалар салынып жатыр

  • 3
  • 08.09.2026, 18:37

Алға ауданындағы Маржанбұлақ ауылы қайтарылған активтердің игілігін көріп отыр. Мұнда тәулігіне 45 науқасты қабылдайтын дәрігерлік амбулатория ашылды. Қазір медициналық мекеме округтегі 5 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді.

Ұлзия Күшмұхамбетова, Маржанбұлақ ауылының тұрғыны:

- Бұрын ана жердегі кішкентай ғана емханаға баратын едік. Ол жерде өте ыңғайсыз болды. Ал мұнда қазір өте таза, дәрігерлер де жақсы қарайды.

Дәрігерлік амбулаторияға Маржанбұлақтан бөлек, іргелес үш елді мекеннің тұрғындары да келеді. Сондықтан медициналық мекеме қажетті құрал-жабдықтың бәрімен қамтылды.

Светлана Ағзамова, Маржанбұлақ дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері:

- Дәрігерлік амбулаторияда үш дәрігер қабылдау жүргізеді. Сонымен қатар 6 медбике бар. Тұрғындарға алғашқы медициналық және емханалық көмек көрсетіледі. Тіркеуде тұрған барлық науқас, оның ішінде диспансерлік есептегі азаматтар, 18 жасқа дейінгі балалар мен жаңа туған нәрестелер медициналық көмек ала алады.

Облыста қайтарылған активтер қорынан бөлінген қаражат негізінен медициналық нысандардың құрылысына бағытталды. 11 ауылға дәрігерлік пункт салынып, үш аудандық ауруханаға қосымша ғимарат тұрғызылып жатыр.

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қандыағаш, Шалқар, Хромтау қалаларындағы ауруханаларға жапсарлас ғимараттар салынып жатыр. Онда соңғы үлгідегі МРТ, КТ сияқты медициналық жабдықтар орналасады.

Қайтарылған активтер есебінен облыс орталығында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған балабақша да салынып жатыр. Әлеуметтік нысан өңірдегі ең ірі мамандандырылған орталық болмақ. 300 баланы қабылдайтын ғимарат қараша айына дейін пайдалануға берілуі тиіс.

Авторы:Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов