Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Алматы онкологиялық орталығында роботтандырылған хирургиялық жүйе іске қосылды

  • 2
  • 18.11.2026, 18:24

Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына орайластырылған кезекті сюжетіміз денсаулық сақтау саласының дамуы туралы болмақ. Егемендік жылдары отандық медицинада қызмет сапасын арттыруға басымдық берілді. Дәрігерлеріміз ең озық технологияларды меңгерді. Қазір жоғары деңгейдегі медициналық көмек өз елімізде де қолжетімді. Мәселен, Алматы онкологиялық орталығында роботтандырылған хирургиялық жүйе іске қосылған. Бұл технология күрделі операцияларды жоғары дәлдікпен жасауға мүмкіндік береді.

Алматы онкологиялық орталығында аз инвазивті операциялар он жылдан бері жасалады. Биыл мұнда Қазақстандағы алғашқы роботтандырылған хирургиялық жүйе орнатылды. Жаңа технологияның көмегімен бұрын күрделі саналатын операцияларды жасау мүмкіндігі артты. Мұндай әдіс әлемдік медицинада 15-20 жылдан бері қолданылып келеді. Оны меңгеру үшін қазақстандық мамандар Қытайда тәжірибе жинақтап, арнайы білім алған.

Қазір дәрігерлер роботтық жүйе арқылы өкпедегі жаңа түзіліске операция жасауда. Алынған материал экспресс биопсияға жіберіледі. 25 минут ішінде түзілістің қатерлі немесе қатерсіз екені анықталады. Ісік қатерсіз болса, операция аяқталады. «Ал егер науқастың өміріне қауіпті түзіліс болса, өкпенің бір бөлігі алынып тасталады», – дейді дәрігерлер.

Роботтандырылған хирургиялық жүйеде дәрігер операцияны арнайы құрылғы арқылы басқарады. Хирургтің қол қимылдары робот аспаптарының қозғалысына беріледі. Ал арнайы көзілдірік операциялық алаңды бірнеше есе үлкейтіп көрсетіп, хирургке өте дәл қимыл жасауға көмектеседі. Қыркүйек айынан бері осы технологияның көмегімен 25-тен аса операция жасалған.

Нұрлан Балтаев, Алматы онкологиялық орталығының онкохирургі:

– Көпшілік робот десе, операцияны роботтың өзі жасайды деп ойлайды. Алайда робот өздігінен операция жасамайды, тек хирургке үлкен көмек көрсетеді. Басқаша айтқанда, хирургтің мүмкіндіктерін екі-үш есе арттырады. Нәтижелері де өте жақсы. Сондықтан бұл робот отандастарымызға тегін медициналық көмек көрсету үшін қолданылады.

Медицина саласындағы тағы бір маңызды өзгеріс – цифрландыру. Қазір бірқатар медициналық қызмет электронды форматқа көшірілген. Пациенттер дәрі-дәрмекті электронды әлеуметтік әмиян арқылы ала алады. Ал медициналық құжаттар мен науқастар туралы мәліметтер бірыңғай ақпараттық жүйеде жинақталған. Бұл қағазбастылықты азайтып, қажетті ақпаратты жылдам алуға мүмкіндік береді.

Қарлығаш Қалиева, №1 қалалық емхана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

– Делегирование кабинеттері ашылған. Яғни бұрын пациент міндетті түрде алдымен дәрігердің қабылдауына кіріп, содан кейін ғана жолдама арқылы диагностикалық зерттеулерден өтетін. Ал қазір делегирлеу кабинетіне келіп, сол жердегі мейірбикеден жолдама ала алады. Осылайша, пациент әрі қарай қажетті диагностикалық тексерулерден өте береді. Бұл өз кезегінде дәрігерлердің жұмыс жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. 

Тізе берсек, медицинадағы жетістіктер жетіп артылады. Кардиохирургия, нейрохирургия, урология және травматология салаларында күрделі операциялар сәтті жасалуда. Соңғы жылдары елімізге жоғары технологиялық медициналық көмек алу үшін келетін шетелдіктердің саны артқан. Статистикаға сүйенсек, 2025 жылы 70 мыңнан астам шетелдік елімізде ем алған.

Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев, Сержан Жұмабаев