Қоршаған ортаға залалы тиетін барлық кәсіпорындар заманауи автоматтандырылған мониторингтік бақылау жүйесін орнатуы қажет. Ол кәсіпорынның экологиялық ахуалын орталықтан басқаруға мүмкіндік береді.
Ел аумағында 91 кәсіпорынның 62-сі аталған жүйені енгізді. Оның ішінде 34 кәсіпорын Қоршаған ортаның жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкіне қосылған. Қалғаны бұл жұмысты жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отыр. Осы орайда жауапты ведомство: «Нормативтік құқықтық актілерге өзгеріс керек»,- дейді. Егер экологиялық мәліметтер бір тәулік ішінде жіберілмесе, жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
Табиғаттың тазалығын сақтаудың тағы бір жолы – орман қорын ұлғайту. Соңғы 3 жылда республика бойынша 975 млн түп ағаш отырғызылыпты. Бұл жұмысты ширату үшін бірнеше жоба жүзеге асырылады.
Данияр Тұрғамбаев, ҚР Табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:
- Әлемдік стандарттарға сәйкес келетін «Семей орманы» резерватында жабық тамыр жүйесі бар екпе материалды өсіру бойынша ағаш тұқымы кешені тәжірибесі кеңінен қолданылатын болады. Аталған кешеннің ерекшелігі – стандартты көшет материалын өсіру мерзімін екі жылдан бір жылға дейін азайтуға, сондай-ақ орман дақылдарының жерсінуін 90%-ке дейін арттыруға дейін мүмкіндік беретін инновациялық технологияны қолдану.