Хабар

Алматылықтарға ағаш көшеттері тегін беріледі

Алматы тұрғындарына ағаш көшеттері тегін беріледі. Таяу күндері мегаполисте «Жасыл аула» акциясы басталады. Басты талап ағашты алған соң оны күтіп баптауы тиіс. Іс-шара жылына екі рет, сәуір және қыркүйек айында өткізіледі. Оған жеке пәтер иелері кооперативтері мен бірлестіктер қатысады. Мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтіндер де осы жасыл желектен алып, ауласына отырғызуына болады. Ал заңды тұлғалар мен жекеменшік жер үйде тұратындарға көшетті сатып алуына тура келеді.

Былтыр «Жасыл аула» акциясы бойынша қалада 4 мыңға тарта тал-терек егілген. Маңызды жоба «Таза Қазақстан» және «Алматы біздің ортақ үйіміз» науқанының аясында ұйымдастырылып отыр.

Мейіржан Бағатиев, қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы: 

- 1-сәуірден 11 сәуір аралығында өтінімдер қабылданады. Оны біз жақын күндері әкімшіліктің сайтында және де истаграм желілерінде шығаратын боламыз. Қай жерге қандай өтінім жіберу керектігі нақты көрсетіледі. Ағаштың жапырақты түрлері  қарағаш, қайың, шаға және де басқалары. 4-5 түрлері болады.

Данияр Ақшараев, қала тұрғыны: 

- Былтыр акциямен 20 ағаш алып, осы аулаға отырғызып, өзіміз жаздай қарап суғардық. Ағаш өскеннен кейін бала-шағаға қалады. Таза ауа болады. Биыл тағы ағаштар отырғызамыз. Болашақта жақсы болады ғой. Таза ауа болады, экология тазарады.