Алматыда соңғы екі күнде ауа сапасы біршама нашарлады. «Қазгидрометтің» дерегінше атмосфера ластануының ең жоғары деңгейі 15 қыркүйекте түскі сағат 12-ден бастап 17 қыркүйек таңғы сағат 9 аралығында тіркелді. Алматы облысында өртеніп жатқан қоқыс полигоны жақтан қою түтін қалаға жеткен. Қазір ауаны бақылайтын 16 станция жұмыс істеп тұр. Егер ауа мөлшерден тыс ластанған жағдай анықталса, экология департаментіне хабарлайды. Қазір ауа қалыпты, Алматыда кейінгі екі күн жаңбыр жауған. Мамандар атмосфера жақсарады деп болжайды. Ал Алматы облысындағы тұрмыстық қалдықтар полигонында өрт сөндіру жұмыстары күшейтілген тәртіпте жүргізіліп жатыр. Жұмыс алаңдары кеңейтіліп, инженерлік техника көбейтілді. Төтенше жағдай қызметі жану ошақтарын инертті материалдармен толтырып, инъекциялық сөндіру әдісін қолданып жатыр.