Қазақстанның бес өңірінде – Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Жетісу және Ұлытау облыстарында жерасты суының жаңа көздерін іздестіру-барлау жұмыстары жүргізілмек.
Су ресурстары және ирригация министрлігі 2027 жылға дейін бұл жұмыстарды кешенді түрде жоспарлап отыр. Мақсат – жерасты су қорын кеңейту және елді мекендер мен ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа салаларын қосымша сумен қамтамасыз ету. Бұдан бөлек, 28 жаңа жоба әзірленіп жатыр. Оның дені Жамбыл, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында жүзеге аспақ.
Азамат Қаратаев, ҚР СРИМ Жерасты суларын іздеу және барлау басқармасының бас сарапшысы:
- Мемлекеттік баланс деректеріне сәйкес, жерасты суының тәуіліктік пайдалануға болатын қоры – 43,2 млн текше метр. Алайда қазіргі таңда оның тек шамамен 1,5 млн текше метрі ғана пайдаланылып отыр. Бұл жалпы көлемнің 3,6 пайызы.