Елордада су қауіпсіздігі мен жасыл энергетика мәселелері талқыланды

  • 10
  • 22.04.2026, 21:36

«Жасыл» энергетиканы енгізу, суды үнемдеу және шөлейттенуге қарсы тиімді күрес қажет. Елордада өткен экологиялық саммит аясындағы жиында Сенат төрағасы Президент ұсынған Халықаралық су ұйымын құру бастамасын қолдауға шақырып, оның өңірдегі су қауіпсіздігін арттырудағы маңызын атап өтті. 

Басқосуға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік ассамблеясының өкілдері, сенаторлар мен сарапшылар қатысты. Онда климаттың өзгеруі, мұздықтардың еруі және трансшекаралық өзендердегі су көлемінің азаюы Орталық Азия үшін басты қауіптердің бірі екені айтылды. Қатысушылар осы сын-қатерлерге жауап ретінде парламенттік дипломатияны күшейтіп, өңірлік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру қажеттігін жеткізді. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қазақстан климаттық күн тәртібін ұлттық деңгейде ғана емес, өңірлік және жаһандық деңгейде де жүйелі түрде ілгерілетіп келеді. Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық құру – осы бағыттағы маңызды қадам. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Халықаралық су ұйымын құру бастамасын ұсынды. Бұл бастама институционалдық үйлесімділікті күшейтуге, су мәселесіне халықаралық деңгейде басымдық беруге бағытталған.