Ұлттық Банк дерегінше, несиеге өтініш беру көрсеткіші бірінші тоқсанда да төмендеген. Оның ішінде негізінен шағын және орта бизнес өкілдері кредит алуды азайтқан. Себебі түсінікті, несиенің құны жоғары елімізде. Ақша-несие саясатына тікелей әсер ететін базалық ставка осы айда да өзгермейтін болды. Ұлттық Банк мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтаймыз деген шешімін жариялады. Өйткені сыртқы ортаның бағаға деген қысымы әлсіреген. Әлемдік инфляция қарқыны бәсеңдеген. Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, бұл елдегі азық-түлік бағасының өсімін 17,9% баяулатып отыр. Бас банкир мөлшерлеме мөлшерден тыс ауытқымаса, инфляция 11-14%-ға төмендеуі мүмкін деп болжап отыр. Қаржы министрі жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 10% дейін төмендетеміз деп уәде берген. Ұлттық Банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін 5 шілдеде жариялайды. Базалық ставка – орталық банктің несие ұйымдарына кредит берер кезіндегі минималды ставкасы және банк депозиттерін қабылдау бойынша максималды мөлшер екенін еске саламыз.
Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық Банк төрағасы:
- Жалпы алғанда баяулауға қарамастан, инфляциялық процестер ішкі сұраныстың тұрақты болуынан инерциялық сипатын сақтайды. Өзгерген геосаяси жағдай салдарынан логистикалық және өндірістік тауар жеткізу жолдарын қайта құру үдерісі бағаның өсуіне әсер етуде.