Қазақстан мен Малайзия тарабы жалпы сомасы 350 млн доллардан асатын келісімдер мен меморандумдарға қол қойды. Екі ел туризм, білім беру, энергетика, сондай-ақ қазақстандық халал өнімдерді жеткізу салаларында бірлесіп іс атқаруға ниетті. Бұл туралы осы елдің Премьер-Министрі Ануар Ибрагим инвестициялық жиында атап өтті. Соңғы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымының өсімі 30% асқан. Бір жылдағы көрсеткіш шамамен 245 млн долларға дейін өсті. Ендігі мақсат көрсеткішті пандемияға дейінгі 650 млн долларға жеткізу. Қазақстан мен Малайзияның бизнес өкілдері нақты келіссөздер жүргізді. Тараптар азық-түлік өнеркәсібі, тау-кен салаларына инвестициялар тартуды және алтын өңдеп, трансформатор мен автомобиль майын бірге өндіруді көздеп отыр.