Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер өзара кедендік рәсімдерді жеңілдетеді. Сенат депутаттары тиісті заңды бекітті. Нәтижесінде Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркия кәсіпкерлері арадағы алыс-беріс барысында бұрынғыдай көп қағаз тасымайды. Бұл тауардың шекарадан өтуін жеделдетіп, қаржылық шығындарды азайтады, - дейді жауаптылар.
Ал мұндай жеңілдік ең алдымен өзімізге қажет. Себебі биылғы 8 айдың қорытындысын қарасақ, Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы елдерімен сауда айналымы 10 млрд доллардан асқан. Оның жартысынан көбі – экспорт. Бұл заң еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға да сеп болмақ. Құжат жарты жылдан кейін күшіне енеді.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Ақпараттық алмасу болмаған жағдайда ол барлық құжаттарды, мысалы, тауарды кім жіберді, егер де бұл рұқсатнама қағаздар болса, басқа да мемлекеттік органдардан, азық-түлік болса, оның барлық сертификаттарын көрсетеді. Одан кейін ол құжаттар біздің жүйелерге енгізіледі. Бұл процеске бүгінгі күні 3 сағатқа дейін уақыт кетуі мүмкін. Егер ақпараттық жүйелер алшақ түрде жұмыс жасайтын болса, 30 минут ішінде көліктер шекарадан өтіп кете алады.