Хабар телеарнасы

Үкіметте көлік-логистика саласын дамыту мәселесі талқыланды

Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің көлік және логистикалық инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөніндегі отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысын өткізді.  

Оған салалық министрліктер мен мемлекеттік ұйымдар басшылығы қатысты. Автомобиль, теміржол, су және авиация көлігі салаларындағы мәселелерге қатысты диалог өтті. Бизнес өкілдері жеке инвестицияларды енгізудегі және саладағы жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысындағы әкімшілік кедергілер туралы мәлімдеді.

«Конкурент-Б» ЖШС бас директоры Бақытбек Қадыров теміржол саласына жеке инвестицияларды тартуға қатысты ұсыныстар айтты. Премьер-министр теміржол құрылысына жеке инвестицияларға қатысты бастаманы қолдап, Көлік министрлігіне биылғы 1 наурызға дейін инвестицияларды қайтару тетігі бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Халықаралық автомобиль тасымалдаушылар одағының президенті Мақсат Сақтағанов болса, көліктегі бақылау тақырыбын көтерді. Осыған орай Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров рұқсат беру құжаттарының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қолдан жасауға жол бермеу үшін QR-кодтарды енгізу жоспары туралы баяндады.

Кездесу қорытындысында Олжас Бектенов көлік инфрақұрылымын дамыту мемлекет пен бизнестің белсенді өзара іс-қимылын қажет ететінін баса айтты. Мемлекеттік бюджет саланың барлық қажеттілігін өтей алмайды. Сондықтан жеке инвестициялар тартуға басымдық беріледі.