Хабар

Елімізде жаңа электр станциялары салынады

Еліміздегі электр станцияларындағы жабдықтардың тозу деңгейі – 56%. Сондықтан 2035 жылға дейін жалпы қуаты 4,2 ГВт қолданыстағы стансаларды жаңғырту көзделіп отыр. 

Бұл туралы Павлодарда Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен республикалық кеңесте белгілі болды. Үкімет басшысы өңірге жұмыс сапарымен барған. Себебі елдегі электр энергиясының 40 пайыздан астамы дәл осы қалада өндіріледі. Премьер ГРЭС-1-ді жаңғырту, ГРЭС-2-ні қайта жаңғырту және ГРЭС-3 стансасы құрылысы жобаларын жүзеге асыру барысымен танысты.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Президент энергетиканы өзін-өзі қамтамасыз ететін әрі бәсекеге қабілетті ел құрудың негізгі бағыттарының бірі ретінде атады. Бұл табысты цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу – оған тікелей тәуелді болатын жаңа әлемдегі тұрақты ілгерілеудің негізгі факторы. Бұл жерде Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанда орасан зор мүмкіндіктер бар. Сонымен қатар жоспарланған жобалардың уақтылы орындалмауы экономиканың дамуын тежейді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды.

Сондай-ақ Үкімет басшысы өңірдегі «KAZ Minerals Bozshakol» және «Қазақстан вагон жасау компаниясының» жұмысымен танысты. Әрі ондағы цифрландыру барысын бақылады.

Мәселен, «Бозшакөл» мыс кенішінде жылына 30 млн тонна кең өңделіп, 105 мың тонна мыс өндіріледі. Ал дайын өнімдер Қытай, Түркия, Өзбекстан мен Бельгияға экспортталады. Ал Екібастұздағы «Қазақстан вагон жасау компаниясы» айына 240 вагон шығарады. Осы уақытқа дейін компания 9 мыңнан астам жартылай вагон, 26 платформа мен 2 жабық вагон шығарған.

Үкімет басшысы осы орайда транзит пен логистикада орасан зор әрі толық ашылмаған әлеуетке ие екенімізді айтты. Ішкі өндірісті одан әрі ынталандыру қажет,-деді.