Қазақстан мен Вьетнам: сауда айналымын 5 есеге арттыру көзделіп отыр

  • 28
  • 06.05.2025, 18:32

Астанада Қазақстан мен Вьетнам арасындағы іскерлік байланысты дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд долларға жуықтаған. Тараптар бұл көрсеткішті 5 есеге арттыруға мүдделі. Жиын аясында бырқатар келісімге қол қойылып, алдағы жоспарлар пысықталды.

Қазір Қазақстанда вьетнамдық капиталдың қатысуымен түрлі салада 13 компания жұмыс істейді. Кездесуде цифрландыру мен инновациялық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Вьетнам мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, жалпы технология алмасу бойынша Қазақстан үшін стратегиялық серіктес бола алады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы да маңызды бағыт. Қазақстан егістік және жайылымдық жер көлемі бойынша әлемде алтыншы орында тұр. Ал 100 млн халқы бар Вьетнам біз үшін ірі тұтынушы.

Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтуге зор әлеует бар. Мәселен әуе көлігі арқылы жүк тасымалын арттыруға болады. Вьетнамдық серіктестерді бірлескен өндіріс құруға және су үнемдейтін заманауи технологияларды енгізуге шақырамыз. Тағы бір жаңа бағыт жеңіл өнеркәсіп саласындағы байланысты дамыту. Вьетнам мата мен аяқкиім өндірісі бойынша көшбасшы. Өнімдері сапалы, бағасы да тартымды.