Атырау — Қазақстандағы ең ірі инвестициялық аймақтардың бірі. Биылғы 6 айда өңірге тартылған жалпы инвестиция шамамен 1,1 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,7 пайызға артық. Облыста жалпыұлттық пул шеңберінде құны 108 млрд теңгені құрайтын 22 жобаны жүзеге асыру жоспарда. Қазір соның алтауы іске қосылды.
Жөндеу шеберханасында тәулік бойы қарбалас. Себебі ақаусыз вагон дөңгелегі – теміржол бойындағы қозғалыс қауіпсіздігінің басты кепілі. Мұнда тозығы жеткен вагон дөңгелектері жөнделіп, қайта құрастырылып, тұтынушыға жөнелтіледі. Шеберханада темір жонушы, дәнекерлеуші, дөңгелек құрастырушы секілді 80-ге тарта маман жұмыс істейді.
Ерсұлтан Анарбекұлы, шеберхана инженері:
- Бізге келген дөңгелек жұптарын алдымен қараймыз, параметрлерінің сәйкестігін және соған байланысты біз жөндеу түрін анықтаймыз және оське сәйкес дөңгелектің ішкі диаметрін жонамыз. Бұл жерде аса дәлдік керек.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Әзірге шеберхана күніне осындай 18 жұп вагон дөңгелегін шығарады. «Ал толық қуатына жеткенде өндірісте өнімді 28-ге дейін жеткізуге болады», - дейді мамандар. Себебі батыс өңірде вагон деңгелектерін жөндеуге деген сұраныс күн санап артып келеді.
Осының нәтижесінде отандық теміржолдың импортқа тәуелділігі 96 пайызға дейін азаяды. Бұл жалпыұлттық пул аясында қолға алынған жобалардың бірі ғана. Жыл соңына дейін тағы 16 жоба пайдалануға берілуі тиіс. Барлығы толық іске асқан кезде 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин