ЖИ ел экономикасын қалай өзгертеді?

  • 6
  • 28.04.2026, 21:32

Қазақстанның IT қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Үкімет осы қарқынды сақтап қалу үшін бар күш-жішерін салмақ. Себебі әлемдік экономикада IT-саласының маңызы арта түседі. Ал елде жасанды интеллект жаппай енгізеледі. Бүгін министрлер бұл бағыттағы жұмыстарын баяндап, алдағы жоспарларын да жеткізді. Белгілі болғандай, отандық IT шешімдерге қолдау көрсетіліп, жаңа суперкомпьютерлер іске қосылады. 

Елде «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы әзірленген. Құжат жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізуді көздейді. Ал экономика салаларында көрініс табу үшін елде цифрлық трансформация карталары жасалды.

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

-Бүгінгі таңда 72 сала мен қызмет бағытын қамтитын 20 карта бекітілді. Атап айтқанда, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да бағыттар. Әр карта: негізгі цифрлық сын-қатерлерді, AI-шешімдерді енгізу жоспарын, 2027 жылға дейінгі KPI және күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсерлерді қамтиды.

Жасанды интеллект элементтерін күнделікті өмірде де көріп жүрміз. Банк, кәсіпкерлік, білім салаларынан өзге, өндіріс пен ауыл шаруашылығына да жетті. Мәселен, медицинада инсульт дертін ерте анықтауға арналған Cerebra AI жасанды интеллекті бүгінде тиімділігін көрсеткен. Ол компьютерлік томография нәтижесін 30 минуттың орнына 5-10 минут ішінде талдай алады. Мұндай қондырғы елорданың 17 емханасынан өзге, 4 облыста бар. Жасанды интеллект құрылыс та да белсенді енгізіліп жатыр.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

-Жоспарлау және құрылыс кезеңінде цифрлық бас жоспарлар мен нақты жоспарлау жобаларының орындалуын бақылау үшін machine vision технологиясы мен жасанды интеллектіні біріктірген пилоттық жоба іске қосылды. Жүйе нысандардың нақты жағдайын бекітілген жобалық құжаттамамен салыстырады. Бұл жобаның сәйкестігін анықтау уақытын 3 күннен 4 сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді.

IT өнеркәсіп, геология, жол, теміржол құрылысы тіпті отын-энергетика кешенінде де көрініс табады. Мақсат - экономика салаларына енгізу.

Отырыс барысында белгілі болғандай, елімізде деректерді өңдейтін жаңа орталықтардың құрылысы жүргізілуде. Оның аясында биыл қараша айында Қосшы қаласында жаңа суперкомпьютерді іске қосу жоспарлануда. Қуаты былтыр Алматыда пайдалануға берілген,  өнімділігі 1,5 петафлопс болатын қондырғадан үш есе жоғары болмақ. Сондай-ақ бұл бағыттағы аса маңызды жобаларды Екібастұз қаласында да іске асыру көзделген.

Қазір елде Alem.Cloud және AL Farabium атты өңірдегі ең ірі суперкомпьютер кластерлері бар. Оның қызметіне мемлекеттік органдар мен бизнес тарапынан сұраныс жоғары. Сондықтан Үкімет басшысы оның есептеу қуатын кеңейту және бұл салаға инвесторлар тарту қажеттігін атып өтті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер – министрі:

-Өткен жылдың қорытындысы бойынша біз IT-қызметтер экспортын 1 миллиард доллардан астам деңгейге жеткіздік. Осы қарқынды сақтап қалу үшін бар күш-жігерді жұмылдыру қажет. IT сала ерекше қарқынмен дамып келеді, сондықтан жаһандық ауқымдағы цифрлық бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыла жұмыс істеу керек. Еліміздің кәсіпорындарында цифрлық технологияларды енгізу өнімнің сапасын, еңбек қауіпсіздігі мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Үкімет бұл салада қол жеткен жетістіктерді сақтауға мүдделі. Себебі 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын үлесі 22 триллион доллардан асады деген болжам бар. Салаға қажетті мамандар да өзімізде дайындалатын болады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбын Құсанбеков