Астана экономикасы 27 жылда 3,4 есе өсті

  • 52
  • 06.07.2026, 19:33

Осыдан 28 жыл бұрын 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері өткен. 8 жыл бойы Астана күні мерекесі осы датада тойланды. 2006 жылдан бастап бас қала күні ресми түрде 6 шілдеге ауыстырылды. Бүгінде әлемдегі заманауи мегаполиске айналған шаһардың беталысы қандай?

Астана күні – жай ғана қала мерекесі емес. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолын, елдің жаңғыруын және болашаққа деген сенімін айшықтайтын ерекше күн. 1998 жылы елорданың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі небәрі 3,49% болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 11,9%-ға жетті. Соңғы 27 жылда Астананың ел экономикасындағы салмағы 3,4 есе өскен.

Алғашында ылғал тапшылығы айқын сезілетін, қысы қытымыр, жазы ыстық жерде қала тұрғызу оңай болмаған. Қолайсыз климаттық жағдайлардың әсерін азайту мақсатында мемлекеттік комиссияның 1996 жылғы қаңтардағы қаулысымен орман екпелерінің аумағын ұлғайту туралы шешім қабылданды. Сөйтіп елорданың жасыл белдеуі қалыптасты. 

Құралай Жұмахан, тілші:

- Осылайша тақыр далада бой көтерген шаһар бүгінде ну орманға айналды. Міне, қазір біз Астана орманында тұрмыз. Бұл жердің аумағы 15.000 га. Мұнда 10 млн-дай ағаш, 2 млн-дай бұта өседі. Тіпті жануарлар дүниесі де дамып келеді. Мамандар: «Соңғы төрт жылда табиғи ортаға 7000-ға жуық қырғауыл жіберілді», - деп отыр.

Ардақ Хасенов, «Астана орманы» мекемесінің бас агрономы:  

- Негізінде «Орман парк» аумағында ағаш отырғызу жұмыстары екі кезеңде жүзеге асты. Бірінші кезең 1998–2004 жылдар аралығында өтті. Ол кезде бұл жердің топырағы қолайсыз болғандықтан, орман отырғызу жұмыстары орман жолақтары арқылы жүргізілді. Уақыт өте келе, 2009 жылы ағаштар өсіп, биіктеп, жерсініп кеткеннен кейін орман жолақтарын тұтас орманға айналдыру туралы тапсырма берілді. Осы тапсырманы жүзеге асыру аясында бос жерлердің барлығына 4,9 миллион түп жас көшет егілді.

Бүгінде Астанада 1 млн 700 мыға жуық адам тұрады. Үш онжылдыққа жуық уақыт ішінде Астана шағын облыс орталығынан халықаралық деңгейдегі заманауи мегаполиске айналды. Бүгінде бұл – елдің саяси, экономикалық және мәдени өмірі тоғысқан орталық. Жыл сайын жаңа тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт нысандары салынып, инфрақұрылымы артып келеді.

Мадияр Әмірғазин, Энергетика басқармасы газдандыру бөлімінің бас маманы:

- Негізгі газдандыру жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Алдағы 2026 және 2027 жылдары қалған екі тұрғын алапты газдандыру жоспарланған. Яғни, 2027 жылы газдандыру жұмыстары толық аяқталып, көрсеткіш 100 пайызға жетеді. Одан бөлек, бірінші және екінші жылу электр орталықтарындағы 16 қазандық газға ауыстырылды. Сондай-ақ 27 әлеуметтік нысан да газға ауыстырылды.

Бүгінде Астана әлемдегі үздік 30 қаланың тізіміне енеді. Шаһардағы «Бәйтерек», «Ханшатыр», «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Тарлан Астана» сынды құрылыс жобалары  әлемге танымал символға айналды.

Құралай Жұмахан, тілші:

- Қысқа уақыт ішінде бой көтерген бірегей нысандар елорданың ғана емес, тұтас Қазақстанның символына айналды. Шаһар ел экономикасына да едәуір үлес қосып келеді. Бүгінде құрылысқа бағытталған әрбір жетінші теңге Астанада игеріледі. Осылайша елорда бірлік пен келісімнің символы бола бермек.