Аптап ыстық биылғы егінге қалай әсер етеді? Қант және дизель тапшылығы болуы мүмкін бе? Үкіметтің кезекті отырысынан соң жауапты сала басшылары осы сауалдарға жауап берді. Жиында еліміздің биылғы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланды. Алты айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсімі 4,1 пайызға жетті. Сондай-ақ халықтың нақты табысы да артқан.
Биылғы қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,1%-ды құрады. Қызмет көрсету 3,5%-ға өскен. Құрылыста – 15, өңдеу өнеркәсібінде – 9, ал көлік қызметтерінде – 7 пайыздық қарқын тіркеліпті. Қазақстандықтардың нақты табысы ұзақ уақыттан кейін алғаш рет төмендеуін тоқтатыпты. Биыл ол 0,1 пайызға өскен. Ал инфляция маусым айында 10,3 пайызға дейін баяулаған.
Арман Қасенов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- Өткен жылы ЖІӨ өсімі 6,5 пайыз болды, ал халықтың нақты табысы 2,3 пайызға төмендеді. Айырмашылық шамамен 9 пайыз еді. Биыл бірінші жартыжылдықта ЖІӨ өсімі 4,1 пайыз, ал нақты табыс 0,1 пайызға артты. Яғни айырмашылық 4 пайызға дейін қысқарды. Демек, бұрынғы теңгерімсіздік біртіндеп жойылып, бүгінде оң үрдіске шықтық.
Премьер-министр экономикалық өсім қарқынын одан әрі күшейтуді тапсырды. Әрбір орган басшысы өз саласы мен бекітілген аймағына жауап береді. Бұл ескертудің инфрақұрылымдық жобаларға да қатысы бар.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Самұрық-Энерго» басшысы бар ма? Өткен аптада энергетика министрі Алматыға барып 2 –ші және 3- ші ТЭЦ тексеріп келді. 3-ші ТЭЦ бойынша жағдай мәз емес. Егер жылдың аяғына дейін бітірмесеңдер сіздің жеке қатаң жауапкершілігіңіз қаралатын болады.
Үкімет отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауды күшейтеді. Атап айтқанда, мақта өңдеу кәсіпорындарын жаңғыртуға және қант қызылшасын тасымалдауға инвестициялық субсидия енгізу жоспарланып отыр. Айта кетейік қазір Қазақстанда тұтынылатын қанттың шамамен жартысы Ресей мен Беларусьтен импортталады. Сала мамандары қазір елдегі қант қоры үш айға толық жеткілікті екенін айтты. Осы өнім бағасының бірқатар өңірде көтерілуіне басты себеп - маусымдық сұраныстың артуы,- дейді.
Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Жалпы алғанда, қант бағасының әрі қарай өсуіне негіз жоқ. Биыл қант қызылшасынан мол өнім күтіліп отыр. Бұған қоса, жұмыс істеп тұрған үш қант зауытына қосымша Тараз қант зауытында қызылша өңдеу желісі іске қосылады. Сондықтан жиналған өнім толық өңделеді. Қазір әкімдіктердің қоймаларында қант қоры жеткілікті. Егер нарықта баға құбылса сол өнім саудаға шығарылып, бағаның өсуі тежеледі.
Аптап ыстық егінге қалай әсер етеді? Мамандарджың айтуынша суармалы алқаптар үшін қауіп жоқ. Бұған қоса шаруалар құрғақшылыққа төзімді тұқымдар мен минералды тыңайтқыштарды кеңінен қолданып жатыр. Ал Қарағанды мен Ақмола облыстарындағы егістіктің жағдайына орақ науқаны қарсаңында ғана баға беруге болады.
- Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жауған жаңбыр қуаңшылықтың әсерін азайтты. Қазіргі таңда егістіктің 96 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Жағдай мүшкіл дейтіндей егіс алқаптары жоқ.
Көрші елдегі жанармай мәселесіне қатысты шенеуніктердің айтқаны: Ресейдің дизель экспортын шектеуі қазақстандық диқандарға әсер етпейді. Шаруалар өздері берген өтінім негізінде 402 мың тонна жанармайды жеңілдетілген бағамен алады.
Авторлар: Ердәулет Ыбырайұлы, Тайыр Меркенов.