Үкімет отандық өнім экспортын ұлғайтуды тапсырды

  • 7
  • 04.08.2026, 19:32

Қазақстандық дайын өнімнің әлемдік нарықтағы үлесін арттыру қажет. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов, жауапты министрлерге осындай тапсырма берді. Сондай-ақ отандық өнім өндірушілер негізсіз кедергілерге тап болмауы тиіс. Жиында тағы не айтылды?

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, биыл отандық тауарлардың айналым көлемі 15,3 пайыз өскен. Негізгі өсімді азық-түлік өнімдері көрсетіп отыр. Былтырғымен салыстырғанда 30 пайыз көп. Өндірушілер ішкі нарықты ғана емес, сыртқа да өнім сатып отыр. Экспорт биылғы бес айдың қорытындысы бойынша 34 пайыз артқан. «Нәтижесінде әлемдік нарықта кейбір тауарлар бойынша алдыңғы орындарға шықтық», - дейді жауаптылар.

Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ұн мен зығыр бойынша әлемде 2-орынды, жасымық экспорты бойынша 4-ші, күнбағыс майы бойынша 6-шы, бидай бойынша 7-орында. Ал арпа бойынша 8-орынды иеленді. 

«Импортқа тәуелділік те төмендеп келеді», - дейді ведомство басшылары. «Әсіресе азық-түлік өнімдері бойынша нәтиже көңіл көншітерлік», - деп отыр. 

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Оның үлесі 14,7 пайызға дейін қысқарды. Бүгінде Қазақстан ең қажетті өнімдермен ішкі сұранысты қамтамасыз етеді. Күнбағыс майы, ұн, күріш, картоп, пияз, сәбіз, макарон өнімдері, сиыр еті және қой еті бойынша 100 пайыз қамтылған. 

«Ал мұның бәрі мемлекеттік қолдау шараларының арқасында», - дейді Үкімет басшысы. Одан бөлек, қазір сауда желілері мен интернет алаңдарында қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға күш салынып отыр. Сондай-ақ кәсіпкерлер үшін сауда орындарын жалға беру тәртібі өзгерді. Енді ірі сауда орталықтары мен базарларда жалдау ақысы жылына бір-ақ рет қайта қаралады. Яғни жалға берушілер қалаған уақытында жалдау ақысын көтере алмайды. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі тетіктері іске қосылды. Ұлттық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық кәсіпорындарға басымдық беріледі. Салықтық және өзге де жеңілдік шаралары жаңа өндірістерді іске қосып, қолданыстағы өндірістердің қуатын кеңейтуге қолайлы жағдай жасап отыр.

Ал жыл соңына дейін «QazTrade Retail» атты цифрлық платформа іске қосылмақ. Ол отандық өндірушілерді сауда желілерімен ешқандай делдалсыз тікелей байланыстыруға мүмкіндік береді. Бірақ ол үшін өнім сапалы әрі мол болуы тиіс.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Ендігі міндет – ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруды жалғастырып, өткізу нарықтарын кеңейту және қазақстандық тауарларды сыртқы нарықтарда неғұрлым белсенді ілгерілету. «Қазақстанда жасалған» ұлттық таңбасы тұтынушылардың сенімі мен жоғары сапа белгісіне айналуы тиіс.

Жиын соңында Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты министрлерге бірқатар тапсырма берді. Атап айтсақ, Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, алдағы бір ай ішінде «Қазақстанда жасалған» брендімен шығарылатын тауарларды қолдау мен ілгерілетудің кешенді бағдарламасын әзірлеуі қажет. «Сондай-ақ отандық өндірушілер өз өнімдерін өткізу кезінде негізсіз әрі басы артық әкімшілік кедергілерге тап болмауы тиіс», - деді Үкімет басшысы. Шикізат тапшылығы да болмауы керек. Жеңіл өнеркәсіпті де мейлінше дамытып, ауыл шаруашылығын қолдауды жалғастыра беру керек және ең маңыздысы қазақстандық өнімнің сатылым географиясын одан әрі кеңейту қажет. 

Дамир Берікұлы